Шымкенттік мұғалім Польшада жүр

17.11.2016
Қаралды: 2655

Белгілі тарихшы, Шымкент қаласындағы А.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейінің тәжірибелі ұстазы Өмір Шыныбекұлы дәл қазіргі уақытта Польша жерінде сапарлап жүр. 

Бас-аяғы бірнеше күнге жоспарланған бұл сапардың мақсаты қандай? Оны Өмір Шыныбекұлының өзі «Замана» газетіне берген сұхбатында айтып берді.

– Польшаға барғандағы мақсаттарыңыз қандай?

– Соңғы 11 жылдан бері мен өз шәкірттеріммен бірге 1942-жылы көктемде Шымкент қаласында жасақталып, сол жылы тамыз айында Украинадағы Харьков түбінде үлкен шығынға ұшыраған 102-ші атқыштар дивизиясы жауынгер­лерінің кейінгі тағдырын зерттеумен айналысудамыз. Негізінде осы дивизияның құрамында 11 мың 500-ге жуық жауынгер болған. Біз қазіргі таңда солардың бірнешеуі Польшадағы «Stalag-318 VІІІ-F» концлагерінде болғанын анықтадық.

Жалпы, біз 2012-жылдан бері дивизия талқандалған жер – Харьковтің тарихшыларымен тығыз байланыстамыз. Негізінде іздеуді сол жақтан бастауымыз керек еді, бірақ қазір ол жерлерде соғыс жүріп жатқандықтан Польшаға ат басын бұруды жөн көрдік.

– Бұл шараны кімдер ұйымдастырды? Құпия болмаса, қаржы қайдан бөлінді?

– Қаржы негізінен облыс әкімдігінен бөлінетін болған. Ал сапарды «Серпіліс» деп аталатын қоғамдық қор ұйымдастырып отыр. Біздің негізгі мақсатымыз – деректі фильм түсіру. Сондықтан бұл жаққа 3 адам болып жолға шықтық. Менің қасымда журналист және оператор бар.

– Ол жақтағылар сіздерді қалай қарсы алды?

– Келген күні жайғасып алып, сосын елшілікке бардық. Елшіміз Алтай Әбибуллаев мырза өзі қабылдап, сапарымыздың мақсатын білген соң құлшына көмектесті. Жол бастаушы тауып беріп, поляк қоғамдық ұйымдарымен, Ресей елшілігімен көзімізше байланысып, біздің жұмыс істеуімізге қолынан келген барлық жағдайды жасады. Айтпақшы, елші тауып берген Жандос есімді жолбасшымыз өзіміздің Төлеби ауданының тумасы болып шықты. Кәсіби дипломат екен, қазір Польшада докторантурада оқып жүрген көрінеді. Бізді көріп қуанып қалды.

– Поляк халқы, олардың тұрмыс-тіршілігі қандай екен?

– Польшаңыз Еврозонаға кіргенімен біздің елден асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Айналадағы пейзаж – желмен ұшқан жапырағы, қураған талдары мен шөптері өзіміздің қаланы еске түсіреді. Күтімсіз ғимараттар да жетерлік. Жергілікті халық та жадау тұратын секілді. Бірақ поляктар тіліне ғана емес, тарихы мен мәдениетіне, салт-дәстүріне өте берік екен. Халқы өте жайдары, жүздерінен шуақ шашып тұрады. Барған жерімізде жымиып қарсы алады. Агрессиясы жоқ халық екені сырт көзге байқалып тұр.

– Тағы не көрдіңіздер, не білдіңіздер?

– Польша мен посткеңестік елдердің байланысын жандандыруға үлкен үлес қосып жүрген «Польша – Шығыс ынтымақтастығы» қоғамдық ұйымының жетекшісі Евгений Брудкевич есімді азамат бізді Польшадағы Қазақстан елшісі Алтай Әбибуллаев мырзаның өтініші бойынша Ополе қаласының темір жол вокзалынан қарсы алып, қонақүйге жайғастырды. Ол кісі ертеңіне Ополе қаласынан 40 шақырым қашықта орналасқан Ламбиновице қалашығына барып-қайтуға тегін көлікпен қамтамасыз етті. Ополе қаласына қайта келген соң бізге қонақасы берді.  Соңында офисіне апарып, осындай мәдени байланыстар арқылы мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа қол жеткізу жолдары туралы өз тәжірибесімен бөлісті. 

Жалпы, «Польша – Шығыс ынтымақтастығы» ұйымының сеп болуымен поляк бизнесмендері Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мемлекеттерімен берік байланыс орнатыпты.  Шымкент қаласының әлем елдерінде 7 бауырлас қаласы бар екендігі белгілі. Ол қалалармен қазіргі байланыс қалай екендігінен хабарымыз жоқ. Дегенмен, ендігі жерде Оңтүстік Қазақстан әкімдігі мен Шымкент қаласының басшылары ыңғай танытып жатса, ірі өндіріс орталығы Ополе воеводасымен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік бар екенін байқадым. Мұнда негізінен цемент, минералды тыңайтқыш және химиялық талшықтар өндіретін өндіріс орындары шоғырланған екен. Сондай-ақ күтімі сырт көзге көрініп тұрған поляк аграрийлерінен көп нәрсе үйренуге болатынын аңғардық. 

Жалпы, мыңдаған жерлестеріміз жерленген Ополе өңірімен мәдени байланыс орнаттық деп ойлаймын. Елшіміз Алтай Әбибуллаев мырзаның беделі Польшада өте жоғары екенін көзімізбен көрдік. Енді біздің басшылар осы мүмкіндіктерді пайдаланса екен деймін. Ал біздің бір аптаға жоспарлаған сапарымыздың нәтижесін алдағы уақытта жарық көретін деректі фильмнен тамашалайтын боласыздар.

–  Әңгімеңізге рахмет. Сапарларыңыз сәтті болсын!

Сұхбаттасқан – С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ