Танымал дизайнер күйеуінің тоқал алуына рұқсат берген

16.11.2016
Қаралды: 958

Белгілі дизайнер Жадо – Жадыра Сахиева туралы жұрт өз кәсібі, ақшасы бар бай әйел деп ойлайды. 

Алайда бақуат өмірге жету үшін ол да бірсыпыра қиындықтардан өтуіне тура келіпті.  Ол 10 жасынан бастап жұмыс істеп, 12 жасында ата-анасына пәтер әперген. Бала күнінде қуыршақтың не екенін білмей өскен танымал дизайнер ол үшін ата-анасына ренжімейді. Қиыншылықтың бәрін артта қалдырып, бойжетіп, сүйікті адамына тұрмысқа шыққаны үшін өзін бақытты санайды бүгінде. Алайда Жадо өмірлік жолдасын өзге әйелдермен бөлісіп жүргенін мойындады. Тіпті, оған өзі рұқсат бергенін де жасырмайды. Бұл туралы 31-арнаның «Ұят емес» бағдарламасында айтты. Біз оның  Салтанат Қалиеваға берген сұхбатынан ықшамдап, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

– Жадо, қазіргі уақытта дизайнер ретінде танымалсың. Бірақ кезінде қоюшы-хореограф болғаныңды көрермендердің бірі білсе, бірі білмейді. Сол туралы айтып берсең…

– Жадыра Сахиевадан Жадо жасаған ол би. Билеп жүріп, костюм тігіп дизайнер болдым. Білесіздер, 90-жылдарда өте қиын болды. Мен 10 жастан бастап кішкентай бүлдіршіндерге би үйреттім. 11-12 жасымда 700 балаға сабақ бердім. 12 жасымда әке-шешеме пәтер сыйладым.

– 12 жасар қыз әке-шешесіне қалай пәтер алып береді? Бидің арқасында ма?

– Бидің арқасында.

– Сонда айлығың қанша болды?

– 10 жасымда билеп жүргенімді көрген ата-аналар өздері ұсыныс жасады. «Бишісіз, мүмкін біздің балаларымызға да би үйре­терсіз» деді. Үйретіп көрейін деп 1-сынып оқушыларынан бастадым. Олар мектептің атынан байқауға қатысып, 1-орын алып келді. Содан кейін облыстық, қалалық байқаулардан 1-ші орын алып келді. 1 жылдан кейін қарасам 100 баладай тәрбие­леп жүр екенмін. Өзім оқимын, өзім билеймін, тағы сабақ беремін. Үлкен сөмкем болатын. Оны үйге әкеліп анама беріп қоятынмын. Іші толған ақша екен, өзім де білмеппін. Есімде, айына әр баладан 300 теңгеден алатынмын. 500-700 баладан есептеп көріңіз. Бір ата-ана ақшаны жинап беретін. Сонда кішкентай қызбын, мектептен жаяу қайтатынмын. Өйткені ақшаны үнем­дейтінмін. Жыртық шұлықпен жүрген кездерім де болды. Мол қаражат тауып, үй алып, жер алдық, содан кейін үш бөлмелі пәтер, көлік алдық. Құдайға шүкір, дүниені жасадық. Бірақ мен әркез өзімді өзгелерден кем сезі­нетінмін. Бір киімді үш жыл киетінмін, сол себепті жыртық киіммен жүретін күндерім де болған. Қазір сұрасам, анам жауап бермейді. Жалаңаяқ билеп, ыстығым 40 градусқа дейін көтерілген кезде де анамның: «Жоқ, алдымен билейді, содан кейін барып ауруханаға жатады», – деп айтқаны есімде.

Мектепке анам жолға беретін ақшаны жаратпай, тамақ ішпей, ақшамды жинап аяқ киім алатынмын. Бұл кезеңнің екі жағы бар дер едім. Бір жағынан қарасаңыз, әке-шешемнің жағдайы жақсы болды, ал екінші жағынан маған ол кісілер қатігездік танытты.

– Неге?

– Соны түсінбеймін. Мүмкін үйдің үлкені болғаннан кейін шығар. Анамның ата-анасы ерте қайтыс болған. Отбасында қалған 8 бала бөтен адамның қолында өскен. Бүгінде көпшілік Жадоны бақуатты, әке-шешесі мен жолдасы бай, өзі ерке, аспанға түкіріп жүреді деп ойлайды. Бірақ мен 24 жылдан бері тынымсыз жұмыс істеп келемін. Балам құрсақта болған кезде де 9 ай бойы жұмыс істегем. Украинаға жүктіліктің 8-айынан 9-айына қараған шағында бардым. Ол кезде Маңғыстауда филармонияда директордың орынбасары қызметін атқардым.  Аман-есен жұмысымызды атқарып, ұшаққа отырған кезде тол­ғақ басталып, су кетті. Ақырында ұшақтан тікелей перзентханаға алып кеткен. Босандым, соның өзінде үш күннен кейін шығарып алды. Ақтаудан хабарласып, шұғыл жұмысқа шығуымды сұрады. Үш күндік баланы қолыма алып, жұмысымды атқарып жүрдім. Өмір бақи жұмыс істеп келе жатырмын.

– Артыңнан жүгірген жігіттер көп болды ма? Неліктен күйеуіңді таңдадың?

–  Болды жігіттер. Ал күйеуім балаларды қатты жақсы көрді. Мен қаттымын, сол себепті маған осындай ер азамат керек деп шештім. Одан бөлек, ол кісінің мені ешқашан тастамайтынын білдім. Баланы сүйген ер азамат, қанша әйел алып  жатса да, қанша қыдырып жатса да, ол кісі шаңырағына қайтып келеді. Бізде де өмірде қиындықтар болды.

– Кеткен кездері болды ма?

– Кетпеді. Бірақ еркек болғаннан кейін… Өзім де: «Жаным-ау, жүрсеңіз де білдіртпей жүріңіз», – деп айтатынмын.

– Бірақ біліп қойған сәттеріңіз де болған сияқты ғой?

– Болды. Маған звондап, қыздар келіп менімен төбелескен күндер де болды. Екіқабат күйімде төбелестім. Меніңше, ондай жағдай барлық отбасының басынан өтеді. Бірақ ол кісіге ешқашан ұрысқан жоқпын. Әрқашан да ұрпағы көбейсін деп ойлайтынмын. Өйткені текті азамат.

– Сонда басқа әйелдерде сенің күйеуіңнен бала бар ма?

– Бар. Мен рұқсат бердім. Жанұясы бар, олармен де араласып тұрамыз.

– Тоқалы бар ма?

– Бар.

–  Сен рұқсатыңды бердің?

–  Иә. Осы уақытқа дейін жолдасым туралы айтып көрмеппін. Өзінің басқа қалада жанұясы бар. Ол кісіні өте жақсы көремін, сыйлаймын.

–  Ер-азаматтардың бас­қа әйелдерге баруының, тоқал алуының себебі неде?

– Біз қазақтың балалары көбеюі керек деп айтамыз. Осылай айта тұра, біздің ер азаматтарымыз басқа ұлттың қыздарын алып жатады. Немесе қыздар басқа ұлттың ер азаматтарымен өмір сүріп жатыр. Сол кезде қызғанар едім. Неге басқа ұлттың әйелі оған бала тауып беруі керек? Қазақтардың көбейгені дұрыс, бірақ тек қазақтың ер азаматтарынан. Егер қолымнан 7-8 бала дүниеге әкелу келгенде, әрине, мүмкін рұқсат бермес едім. Денсаулығыма байланысты көп балалы бола алмаймын. Ендеше неге басқа әйелдер дүниеге бала әкелмеске?

«Стан.кз».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ