«Ұлымды болашақ келінімнен қызғандым»

16.11.2016
Қаралды: 1497

«Ұлттық құндылықтарымыз жойылып барады, отбасылық қарым-қатынас бұзылып жатыр,  жастар үйленуге асықпайды, жеңілтек қыздар, тастанды балалар көбейді, 

жұмыс істемейтін, масыл болуды ұят санамайтын намыссыз еркектер көп дегенді жиі айтамыз. Себеп-салдарын іздеген боламыз. Оған біріміз қоғамды, енді біріміз заманды кінәлаймыз. Алайда осы кемшіліктермен күресіп, оны жоюға әрекет жасап жатқан ешқайсымыз жоқ. Ащы да болса, бұл шындық». Біз осылай деп ойланып жүргенбіз. Сөйтсек, қоғамдағы бұл кемшіліктермен күресуді қолға алғандар бар екен. Оның бірі де бірегейі деп Астанадағы «Харекет» орталығын айтуға болады.   Жалпы, бұл орталықтың алдына қойған мақсаты не, бағыт-бағдары қандай? Алдағы уақытта қалай жұмыс істеуді көздеп отыр?  Орталықтың президенті Бибігүл Кәрденовамен біздің сұхбатымыз осы сұрақтар төңірегінде өрбіді. 

– Бибігүл Лаубайқызы, орталықтың атын не үшін «Харекет» деп атадыңыздар?

– «Харекет» атауын Шәкәрім бабамыздың мына бір өлең шумақтарымен байланыстырамыз:

Ерінбесең еңбекке, дәулет дайын,

Жаратқан жоқ жатсын деп бір Құдайың.

Ойласын деп ой берді, көруге – көз,

Аяқ берді, тапсын деп басқан сайын.

Үйде отырып салғанмен сары уайым,

Тілегенің тұра ма саған дайын?

Жүріп, тұрып,ойланып істеп көрсең,

«ХАРЕКЕТТІҢ» білесің сонда жайын.

«Харекет»  сөзі  «ізгілікке бағыттал­ған іс-әрекет» деген мағына береді. «Бизнес» сөзінің қазақша баламасы.

– Дұрыс екен. Енді «Харекет» орталығының бағыт-бағдары, мақсат-міндеттеріне тоқталып өтсеңіз...

– «Харекет» орталығы «Пана-Б» (барлығына пана деген сөз) қайырымдылық қоры қоғамдық қоры аясында құрылды. 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл қор арқылы біз көптеген адамдарға жәрдемдестік. Тастанды балаларды болдырмау үшін анасын ақылға шақырып, әкесін та­уып, екеуін табыстырған кезіміз де болды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа тарту үшін тігін цехын аштық, бірінші топ мүгедектерін, қиын аурумен ауыратын балаларды шетелге жіберіп ота жасаттық. Осы қорды әрі қарай ұстап тұру үшін қаражат керек. Қайырымдылық қоры аясында ашылды деуіміздің мәнісі осы. Мен өзім 2000 жылдан бері жеке кәсіпкермін. «Шашу» деген той агенттігім, ұлттық бұйымдарды тігетін, қыз жасауын әзірлейтін тігін цехым бар. Осының бәрін бір орталықтың астына жинау мақсатында «Харекет» орталығын аштық. Мақсатымыз – барлық салаларда қазақтың салт-дәстүрін насихаттау. Мысалы, қазір тойға бармайтын, той жасамайтын адам жоқ. Адам тойға демалып қайту үшін баруы керек. Ал кейбір тойлардан керісінше, шаршап қайтатынымыз да жасырын емес. Біздің мақсатымыз – адамның тойдан жадырап, демалып қайтуына жағдай жасау және тойды қазақиландыру, тойда өзіміздің салт-дәстүрімізді насихаттау.

Әр адам өз ісінің шебері болуы керек. Сонда ғана мол табыс тауып, істеген ісінен ләззат алады. Осы сияқты өмірлік маңызы бар нәрселерді жастардың бойына сіңіргіміз келеді. Ол үшін «Тұлға болып қалыптасу жолдары»,  «Өз ісінің шебері», «Жар таңдау мәселесі», «Отбасы құруға дайынсыз ба?», «Отағасының отбасы алдындағы жауапкершіліктері», «Қазақтың келіні қандай болуы керек?», «Саналы ұрпақ тәрбиесі» және т.б. отбасылық қарым – қатынастарды реттеу үшін мастер-класс, тренингтер өткіземіз. Жеке кәсіпкерлер,  мерекелік іс-шараларды жүргізетін жүргізушілер мен асабаларды дайындайтын, ұлттық қол өнерге баулитын және қазақ өнерін дамытуға бағытталған курстарымыз да бар.

– Тренингтер ақылы ма? Бағасы қанша?

– Басында тегін өткізіп жүргенбіз. Кейін екі сағатқа 1000 теңге етіп белгілеп қойдық. Жалғыз емеспін, жанымда психологтар, Омар Жәлел деген философ ағамыз, университетке басшылық жасап отырған біраз ағалар бар. Университет пен колледж­дерге шығып, «Тұлға болып қалыптасу жолдары», ер балаларға «Отағасы болуға дайынсың ба?» деген тренинг­тер өткізіп жүрміз. Отбасы қарым-қатынасы құлдырап, шаңырақтар шайқалып жатса, оған тек қыз балаларды кінәлай беруге болмайды. Ұлдарымыз да үйленуге, отағасы болуға дайын емес қазір. Мысалы, ұлдар үйленгенде қызды өз шаңырағына әкеледі. Қыз секілді басқа үйге, өзге әлемге бармайды. Әке-шешесі жанында, өз үйі, еркелігі, ескі әдеттері, бәрі сол күйінде, ешқандай өзгеріс жоқ. Әйелі ұнамай қалса кете бер дегендей салқындық танытады. Бір сөзбен айтқанда, ол отбасы болуға әлі да­йын емес. Қайтсем  отбасымды сақтап қала аламын, жарыма қандай жағдайда да қолдау көрсетемін, қандай қиындық болса да жеңіп шығамын деген жауапкершілік жоқ. Жауапкершілік болмаған жерде отбасының іргесі  тез сөгіледі. Ал ұлын отағасы болуға тәрбиелейді деген үлкендердің өзі жоқтың қасы. Әңгімелерін тыңдап отырып қарның ашады.  «Балам жақсы жерде жұмыс істесе екен, мол табыс тапса екен» дегеннен әріні ойламайды. Содан соң бәріне ортақ бір нәрсе, Меккеге бар­ғысы келеді. Мен ол кісілерге: «Мекке деген өз отбасыңыз, өсіріп отырған ұл-қызыңыздың жемісі,  тәрбиелеген балаңыз емес па?» деп айтқым келеді. Егер өсірген ұл-қызыңыз үмітіңізді ақтамаса, отбасынан ажырап, жұмыссыз қаңғып жүрсе, Меккеге барғаннан не пайда табасыз? 

– Сіздіңше, ажырасудың басты себебі неде?

– Енелерді тыңдасаңыз, менің келінім сағат онға дейін ұйықтайды, өйтеді-бүйтеді деп жамандап, ана баланы  әке-шешесі жоқ тәрбиесіз етіп көрсетеді. Ал жастарды тыңдасаңыз енелерін жақтырмайды. Осындай күйге біз қалай жеттік деп ойландым. Неге ене мен келін бір-бірімен тіл табыспайтын болды? Ұзақ ойлана келе бұған ешкім де кінәлі емес, мұның арғы түбі алпыс-жетпіс жыл бұрын орыс тілін үйрен деген кезден басталғанына көзім жетті. Біз орыстардың тілін ғана емес, мәдениеті мен салт-дәстүрін бойымызға сіңіріп алған екенбіз. Бетіміз ашылып, өзіміздің салт-дәстүрімізден ештеңе қалмаған. Соның нәтижесінде өз орнын білмейтін келіндер,   ене болуға дайын емес аналар көп.  Біз қазір ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу, білімдіміз, енді   ене болуға дайындалудан ұялмауымыз керек. Себебі ана болған соң бойымызда ұлымызға деген қызғаныш сезімі болады екен. Оны мен өз басымнан өткердім. Балам 21-де. Биыл үйленгісі келетінін айтты. Ұнататын қызымен компьютерде әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп отырса, жатпай неғып отырсың деп ұрысамын. Дастарханда отырғанымызда ұлымның телефонына қоңырау келсе: «Тамақ ішіп отырғаныңда сөйлеспесең болмай ма? Нет­кен қыз дұрыстап тамақ та ішкізбейтін саған?!» – деп ашуланамын. Әйтеуір бір нәрселерді тауып алып, ұлыма ұрса беретінді шығардым. Ал ұлым ұнататын қызды іштей жек көре бас­тадым. Балам жаныма келіп мені құшақтап, жақсы көретінін айтса да тыңдамаймын. Ақырында бір күні ұлымды болашақ келінімнен қызғанып жүргенімді түсіндім. Сөйтіп іштей: «Қой, Бибігүл, мұның жарамайды, сен ене болуға дайындалуың керек» деп өзімді-өзім қайрап дайындала бастадым.  

– Қазір ене болуға дайынсыз ба? Қанша уақыт керек болды?

– Дайынмын деп айта аламын. Бірақ әлі 85 пайыз ғана. Өзіммен екі-үш айдай қатты жұмыс істедім. Келін түсірген апаларымды бақыладым. Жас­тардың психологиясын зерттедім, олардың жанына не керек, тілін табу үшін не істеу керектігін үйрендім. Сөйтіп келініммен қарым-қатынасым жақсы болса балама жақсы болатынын түсіндім. Мен келінімді қызымдай қабылдаймын дейтіндермен келіспеймін. Келін өз орнын білуі және келін болып қалуы керек. Қызым менің ұрпағымды  жалғай алмайды. Ал келін сенің ұрпағыңды жалғаушы. Сондықтан қыздың орны бөлек, келіннің орны бөлек. Алдымен осының ара жігін ажыратып алу керек. Менің босағамда мәңгілік қалып, баламның жағдайын жасап, сапарға шықса аман-есен оралуын тілеп, біздің ұрпағымызды  жалғайтын – келінім. Осының бәрін түсініп, ішкі қызғанышымды басу үшін маған үш айдай уақыт керек болды. Балам үйленуді кейінге қалдырды. Әлі келін түсірген жоқпын. Бірақ  қандай қыз келсе де оны қабылдап, білгені болса қолдап, білмегенін үйретіп, ене болуға дайынмын деп толық айта аламын. Қазір ұлыма балаларының тәрбиесіне бізді қатыстырсаңдар болды деп айтып отырамын. Себебі ата-әжесінің тәрбиесін көріп өскен баланың жаман болып өскенін мен көрген жоқпын. 

– Өзіңізді тәрбиелеу үшін қандай тәсілдер қолдандыңыз?

– Маған телефонмен сөйлескенде сізді үлкен кісі екен деп ойласақ, жас екенсіз ғой деп көп айтады. Оларға қарап күлемін де, үндемеймін. Мен іштей сондай салмақты, салиқалы, өзімнің жасыма сай, өз орнын білетін, сөйлейтін жерде сөйлеп, үнсіз қалатын жерде ештеңе айтпайтын адамға айналғым келеді. Өзімді осылай тәрбиелеу үстіндемін. Жасым қырық төрттен асып барады, біз енді орта жастағы адамдар саналамыз, кейінгі жастарға үлгі-өнеге болу үшін тәрбиені өзімізден бастауымыз керек. Мен қазір Абайдың 45 қара сөзін оқып, әр сөзін талдау үстіндемін. Осы уақытқа дейін қателеспесем, қара сөздерді он бес мәрте оқыппын. Бірақ тереңіне мән бермеген екенмін. Оқыған сайын адам өзіне керекті қорды жинайды. Біздің данышпан Абай айтпаған сөз қалмаған ғой. Тек оның қасиетін тереңінен түсіндіре алсақ болғаны.

– Біздің редакциямызға күйеуінің ішімдікке салынғанын айтып хабарласатын әйелдер көп. Оларға қандай ақыл айтар едіңіз?

– Иә, қазір ішетіндер де, жұмыс істемей үйінде жататын ер-азаматтар да баршылық. Біз ондай еркектердің әйелдерін тренингке қатысуға шақырамыз. Алдымен әйелмен жұмыс жасап, күйеуін «мына жерде жақсы жұмыс бар екен саған істеуге болатын» деп айтып ертіп кел дейміз. Екі сағат тренингке қатысып, пайдалы нәрселермен сусындаған соң оны қолөнерге немесе өзінің қабілетіне қарай өз ісінің шебері болуы үшін курстарға қатыстырып, дайындаймыз. Осыдан кейін ол егер арғы жағында бірдеңе бар адам болса, көзін тауып өз кәсібін бастап кетуі керек.  Ал санасында дым жоқ адамды Құдай өзгертпесе, біздің қолымыздан ештеңе келе қоймас. Жалпы, мен курсқа жазылуға келгендерге менің қол астымда жұмыс істеймін деп емес, өз кәсібімді ашып, соны гүлдендіремін деп келіңдер деп кеңес беремін. Біздің қоғамымыз қазір қолынан іс келетін, салт-дәстүрді бо­йына сіңірген, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін азаматтарға зәру. Сондықтан әр адам өз ісінің шебері болуға, аналар ене, қыздар келін, ұлдар отағасы болуға дайын жүрулері керек деп ойлаймын.

– Бұл әңгімеңізден әр оқырман өзіне қажетті ой түйері сөзсіз. Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.

Редакциядан: «Харекет» орталығының тренингтеріне қатысамын деушілер болса, 8-702-121-23-76, 8-777-105-43-77 телефондары арқылы байланысуларыңызға болады.    

Сұхбаттасқан – Г. ӘШІРБЕКОВА. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ