Сұлулар сүйсіндірген күн болды

15.11.2016
Қаралды: 892

Кешегі сәрсенбіде Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!» 

комедиясы қойылды. Оны тамашалауға көрермен көп жиналды.

Жалпы, бұл спектакльдің сонау 1960-жылдардан бері сахнадан түспей келе жатқаны белгілі. Онда қаланың қым-қуыт өмірінен жалыққан, өздеріне лайық жар іздеген сүрбойдақ  жігіттердің ауыл қызы Айсұлу Асанова атты ару туралы естіп, оған сырттай ғашық болғаны, оны ауылға іздеп барғанда бастан кешкен қызықты оқиғалары суреттеледі.

Оқиға желісі бала кезден таныс бұл қойылымды біз бұдан бұрын да талай мәрте көрген едік. Әрқайсысы өзіндік бояуларымен, шешімдерімен қызықтыратын. Ал бұл жолғы қо­йылым бізді тіпті де тәнті етті. Ол заманауи, тың мәнерде қойылды. Зал толы жұртшылық ауылға қыз іздеп барған сүрбойдақтар мен оларды ғашық еткен сұлулардың өте бір сәтті шыққан сөздері мен өзін ұстау мәнеріне сүйсіне қол соғып отырды. Осы орайда бізді Айсұлу, Күнсұлу, Нұрсұлу, Жансұлулардың, учаскелік инспектордың, ауыл басшысының, қыз іздеген сүрбойдақтар мен Айсұлудың сүйген жігітінің ролін сомдаған актерлердің образды ашудағы шеберліктері қатты сүйсіндіргенін айта кеткіміз келеді.

Спектакль аяқталған соң жұртшылық ондағы рольдерді сомдаған әртістерге тік тұрып қол соға қошемет көрсетті.

Жалпы, бұл қойылымды тамашалағандар үйлеріне әдемі бір жылы сезімге бөленіп қайтты деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл бір сұлулар сүйсіндірген ерекше күн болды. Сіздер де театрға барып, спектакль көріңіздер, серпіліп, сүйсініп қаласыздар!

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ