Трамп трамплинге қалай көтерілді?

15.11.2016
Қаралды: 729

АҚШ-та кезекті Президент сайлауы аяқталды. Республикашылар партиясының үміткері Дональд Трамп жеңіске жетті. 

Мұны оның қарсыласы, демократиялық партия өкілі Хиллари Клинтонның өзі де мойындады.

Ойламаған жерден жеңіске жетті

Жалпы, көпшілік бұрыннан саясат сахнасында жүрген, кезінде сенатор, Мемлекеттік хатшы болған Хиллари Клинтон жеңіске жетеді деп есептеп келген еді. Бірақ бәрі де керісінше болып шықты. Сайлаушылардың басым бөлігі Дональд Трампқа дауыс берді.

Саясаттанушылардың есебінше Дональд Трампқа негізінен орта жастан асқан, ақ нәсілді тұрғындар дауыс берген. Мұның сырын олар Трамптың сайлауалды тұғырнамасындағы жұртшылыққа берген уәдесінен іздеп отыр. Әсіресе елге мигранттар кіргізбеймін, шағын бизнеске даңғыл жол ашамын, халықтың жағдайын жақсартамын, Ресеймен тығыз қатынас орнатамын деген уәделері  жұрттың көңілінен шыққан сияқты.

Бұл адам – әйгілі миллиардер, медиамагнат, бизнестің бірнеше түрлерімен айналысады. Оның бизнес құрылымдары АҚШ-тың өзінен бөлек, Америка мен Еуразияның бірқатар елдерінде жұмыс жүргізіп жатыр. Өзінің атымен аталатын аспанмен таласқан зәулім ғимараттары АҚШ-тан басқа да бірқатар елдерде бой көтерген. Байлығы 4 миллиард доллардан аса қаржыға бағаланған ол – АҚШ-тағы ең бай адамдардың бірі. Ол киноға да түскен, шоу-бизнеспен де айналысады, бірнеше кітаптары жарық көрген.

Қысқасы, бұл адамның атақ-даңқы бір басына жетіп-артылады. Аузына келгенін ірікпейтін, өзгеге бас шұлғи бермейтін мінезі бар. Дегенмен осы мінезі арқылы халыққа жақпай қалатын кезі де аз емес, бірақ ол оған бас қатырмайды.

Жұртшылық не деп жатыр?

Д.Трамптың Президент сайлауында жеңіске жетуі талайды таңқалдырды. АҚШ-тың басты одақтасы – Еуроодақ елдері де әрі-сәрі күй кешті. Біреулер оның жеңіске жетуін ақырзаманның хабары деп айтып жатыр, енді біреулер ол АҚШ-ты тығырыққа тірейді дейді, қысқасы, жақсы сөз аз. Тіпті Франция Президенті Франсуа Олландтың өзі Еуроодақ елдеріне енді еуропалық құндылықтарды қорғауға дайын болуымыз керек деген ескерту жасады.

Трамптың Президент болғаны әсіресе Ресейге жағатыны белгілі. Оның Украинаға оң көзбен қарамайтыны да ресейліктердің ішін жылытады. Сондықтан бұл елдің кейбір атышулы саясаткерлері бүгінде АҚШ-та Трамптың жеңіске жетуін қуана тойлап та жатыр.

...Д.Трамптың шыққан тегі жайлы мынаны айтуға болады: Оның атасы мен әжесі АҚШ-қа қоныс аударған неміс азаматтары болған. Ал әкесі құрылыс бизнесімен айналысыпты, АҚШ-қа қыдырып барған шотланд қызымен танысып, отау құрыпты, одан бес бала сүйіпті.

Әйелі де әйгілі екен

Дональд Трамп АҚШ тарихындағы Президент лауазымына ие болғалы тұрған екінші бизнесмен екен. Ал әйелі Меланья Трамп (словен қызы) АҚШ топырағынан басқа жерде өмірге келген №1-ші ханым атанғалы тұр.

Негізі Трамп үш мәрте үйленген. Бірінші әйелі чехиялық модель Иванка Зельничковамен 14 жыл отасқан, одан екі ұл, бір қызы бар. Екінші әйелі Марла Мейллзбен 6 жыл бірге тұрыпты, одан Теффани атты қызы бар. Ал өзінен 24 жас кіші үшінші әйелі, бүгінде 46 жастағы Меланьядан Бэррон есімді ұлы бар. Бүгінде ол осы балаларынан өрбіген 9 немереге ата болып отыр.

Трамптың әйелі Меланья Балкан түбегіндегі Словенияда туып-өскен. Ол ешқандай да жоғары оқуды бітірмеген, еш жерде жұмыс істемеген. 16 жасынан модель болып күн көрген. Бүгінде оның өзінің жеке бизнесі бар.

...Қысқасы, АҚШ-тағы Президент сайлауында жеңіске жеткен Дональд Трамп пен оның отбасы жөнінде осындай деректер бар. Бүгінде 70 жастағы бұл азаматты АҚШ Президенті ретінде ұлықтау салтанаты алдағы 2017-жылдың 20-қаңтарында өтетін болады.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ