Премьер-министр өз орнында қалды

15.11.2016
Қаралды: 694

Қырғыз Парламентінде көпшіліктің коалициясын құруға құқық алған Қырғызстан социал-демократиялық партия­сы парламентік партиялармен он күнге созылған келіссөздерді жүргізудің нәтижесінде көпшіліктің коалициясын құрды. 

Оған ҚСДП, «Қырғызстан», «Бір-Бол» фракциялары кірді. Осылайша олар көпшіліктің, 68 депутаттың да­уысына ие болды. «Республика – Ата Жұрт» (28 депутат), «Өнүгүү – Прог­ресс» (13), «Ата Мекен» (11) фракция­лары азшылықта қалды.            

Жаңа коалиция құрылған соң ол дереу отставкаға кеткен Үкіметті жасақтауға кірісіп, алдымен үкімет басшылығына талапкерді – бұрынғы премьер-министр Сооронбай  Жиенбековты ұсынған болатын. Өз кезегінде талапкер Үкіметтің алдағы атқаратын жұмыстарының бағдарламасын, үкіметтің жаңа құрамын және олардың жетекшілерін Парламенттің депутаттарының қарауына алып шықты.

9-қарашада Қырғыз парламенті жалпы жиында үш мәселені де қарап, бағдарламаны да, үкімет құрамын да бекітіп берді. Премьер-министр Сооронбай  Жиенбеков өз қызметінде қалды. Үкімет құрамында бірнеше өзгерістер болды. Бірінші және екі вице-премьер-министр өз орындарында қалып, әлеуметтік мәселелерді үйлестіретін үшінші орынбасардың орнына жаңа адам – Жоғарғы Кеңештің депутаты Шолпан Сұлтанбекова келді. Бұрынғы үшінші орынбасар Гүлмира Құдайбердиева білім беру және ғылым министрінің орнын иеленді. Бұл министрліктің басшысы бірер апта бұрын өз ықтиярымен қызметінен кеткен болатын.                      

Жоғарыдағы ауыс-түйістер кәдуілгі жағдай болып, елдің оларға көңілі бұрылмағанымен, Ішкі істер министрлігіне Ұлан Исрайыловтың, Юстиция минис­трлігіне Ұран Ахмедовтың жетекші болып тағайындалуы әртүрлі пікірлер тудырып отыр.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ.

Бішкек қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ