Қарабұлақтық студенттер қыршын кетті

15.11.2016
Қаралды: 904

6-қараша күні Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінен шыққан өрттен алты азаматтың қаза бол­ғаны хабарланды. 

Кейін оның екеуі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам ауданына қарасты Қара­бұлақ ауылының тұрғындары екені белгілі болды. Өрттің шығу себебін құзырлы органдар анықтай жатар. Ал біз марқұмдардың кім екенін білу үшін Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Абдуғапур Абдукадировке хабарластық.

«Бұл мәлімет бізге кеше жетті, – деді округ әкімі. – Марқұмдардың ата-аналары Алматыға кетті. Отқа күйіп қалған ғой. Сондықтан ол жақта мүрдені анықтау мәселелері жүргізілетін шығар. Қашан алып келетіні белгісіз болғандықтан жаназаның қашан екені де анықталған жоқ. Біз ұйымдастыру мәселелеріне қолдан келгенше көмек беруге тырысамыз.

Бұл екі отбасы үшін де ауыр жағдай. Бізге жеткен мәлімет бо­йынша м­арқұмдардың біреуі Исмаил Исраилов Асфандияров атындағы медицина университетінің 4-курс студенті екен. Екіншісінің аты-жөні – Якубжан Тоқтамышов. Ол Сәтбаев атындағы техникалық универ­ситеттің 4 курсында оқып жүрген. Екеуі де мектепті өте жақсы бағаға бітіріп, мемлекеттік грантты ұтып алған жастар еді. Жексенбі күні қосымша табыс тап­қысы келіп жұмысқа шықса керек. Өрт шыққанда алтыншы қабатта болған. Шыға алмай қолған болып отыр ғой».

...Өкініштісі, жексенбідегі өрттен алты адам қаза болды. Бұған қатысты қала әкімінің орынбасары мердігер компанияның басшылығына жексенбіде адамдар бұл жерде не істеп жүр деген сұрақ қойып, бұған кінәлілер тиісті жазасын алатынын мәлімдеді. Қыс­қасы, кінәлі адамдар тиісті жазасын алар, бірақ өлгендер қайтып келе ме?

Ұ. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ