«Көктөбенің» шырақшысына көмекші әйел керек

15.11.2016
Қаралды: 2092

Қазығұрт ауданының Қақпақ ауылынан төрт-бес шақырымдай қашықта орналасқан Көктөбе бұлағының суын бүгінде мақтап жүргендер өте көп. 

Ел арасында ол асқазан-ішек жолдарының қызметін жақсартады, ішкі ағзада түзілген тасты уатады деп айтылады. Осы шипалы су көзі орналасқан аумақты Тасболат Керімбай есімді кәсіпкер сатып алған, онда бұлақ суын тазартатын цех ашқан, басында күзетіп отыратын шырақшыға үй салып берген. Аталған цехтың өңдеуінен өтіп, 1,5 литрлік «баклашкаларға» құйылған суды бүгінде Қазығұрт ауданынан ғана емес, облыс орталығы – Шымкенттегі кейбір емдеу мекемелері мен сауда нүктелерінен де кезіктіруге болады.

Міне, жұртқа шипасы тиіп жатқан осы су көзін әулие тұтып, оған зиярат етіп барушылар да аз емес. Осыған байланысты Көктөбенің басында қысы-жазы шырақшы отырады. Жасы 70-тердегі Мейрамбек есімді бұл кісі су көзін күзетеді, зиярат етіп барғандарға, емге деп су алушыларға қызмет көрсетеді. Кешегі аптада біздің редакцияға аталған жер иесі Тасболат Керімбай хабарласып, осы Мейрамбек қарияға қатысты бір өтініш білдірді.

«Замана» көпшіліктің арасына таралатын газет қой, сондықтан сіздерден бір мәселе бойынша көмек сұрауды ұйғардым, – дейді ол кісі. – Көктөбеге көктемнен қазан айының соңдарына дейін адам көп барады. Өзіміз де онда жиі болып тұрамыз. Ал қараша айынан бастап шырақшыға бұлақ басында жалғыз тұруға тура келеді. Сондықтан ол кісіні жалғызсыратпайтын, үйді жылытып, тамақ пісіретін, басқа да шаруа­ларда қолғабыс болатын көмекші, қызметші әйел керек. Біз ол үйді ішіп-жем, отын-сумен қамтамасыз етеміз. Қарияның өзі ширақ, денсаулығы жақсы. Ол кісінің алдына бес-алты ешкі салып бермек ойым бар. Қысқасы, шырақшымен бірге тұрамын деген әйелдің өз жағда­йын жасап алуына да мүмкіндік туары сөзсіз. Тек жүктелген міндетін адал атқарса болды».

Бізге Қазығұрт ауданынан хабарласқан кәсіпкер Тасболат Керімбай осылай деді. Ол кісі Көктөбенің шырақшысының жанында тұруға келісетін әйелдің жасы ары кеткенде 50 – 55-терде болса дейді. Қажет болса, өздерінің онымен тиісті келісім-шартқа тұруға да дайын екендерін білдірді. Осы орайда Т.Керімбайдың байланыс телефонын жариялап отырмыз. Ол кісімен 8-705-285-46-29 және 8-701-846-45-51 телефондары арқылы байланысуға болады.

Ал Көктөбенің «баклашкаларға» құйылған шипалы суын сатып аламын дейтіндер шығып жатса, олар Қақпақ ауылының Д.Қонаев көшесіндегі №126 үйге хабарласа алады екен. Оның байланыс телефоны: 8(72539)-4-74-96.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ