Обыр жасушаларын жоятын екпе қолданысқа енді ме?

14.11.2016
Қаралды: 1028

Таяуда редакциямызға Түлкібас ауданынан Шардарбек Бетаев есімді ардагер қария телефон шалды. 

Ол кісі «Қазақстан» телеарнасы жаңалықтарынан еліміз ғалымдарының обыр жасушаларын жойып жіберетін екпе жасап шығарғаны туралы естігенін айтты. Осыны анықтап, газетімізде жариялауды өтінді.

«Сол бағдарламада: «Германия ғалымдарының 60 жылда жасай алмаған дәрісін Қазақстан ғалымдары бес-алты жылда жасап шығарды. Науқасқа «укол» егіледі, оның ағзаға ешқандай да жағымсыз әсері болмайды, дәрі тек қана обыр жасушаларын іздеп тауып, түбегейлі жойып жібереді», – деп айтылды. Осыны анықтап берсеңіздер екен. Ол дәріні қайдан алуға болады? Арнайы ауруханаларға түсе ме? Дәріханаларда сатыла ма? Жалпы, оны қайдан табуға болады?

Бүгінде ел ішінде обырмен ауыратындар көп қой. Бұл жаңалыққа барлығының да құлағы елеңдеп отырған болар деп ойлаймын.

Осы мәселемен тікелей сіздерге хабарласып отырған себебім, мен «Замананың» бірнеше жылдардан бергі тұрақты оқырманымын, әр нөмірін асыға күтемін, газеттеріңізді сүйсіне оқимын. «Замананы» шын мәнінде халықтық газет деп есептеймін. Газеттеріңіз бүкіл республика аумағына таралады. Сондықтан осы өтінішім бойынша мақала жариялауларыңызды сұраймын. Обырды жойып жіберетін «укол» расында да жасалған болса, ол жөнінде бүкіл халықтың білгені дұрыс қой», – дейді Шардарбек қария.

Біз оқырманымызды толғандырып отырған осы сұрақтар бойынша облыстық онкологиялық диспансерге хабарласқан кезде ол жақтағылардың бұл мәселеден хабары жоғын білдік. Бір қызметкерден: «Қандай дәрі болса да бірінші кезекте арнайы хайуанаттарға тәжірибе жасалып, әбден тексерілгеннен кейін барып қолданысқа енгізіледі. Оған кемінде он жылдан аса уақыт кетеді ғой. Әзірге біз ондай ерекше жаңалық жөнінде естіген жоқпыз», – деген жауап естідік.

Бұдан кейін аталған дәрі жөнінде деректерді ғаламтордан іздестіріп көрген едік, мынадай жайлар жөнінде білдік.

Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2013-жылы Израиль ғалымдары обыр жасушаларын жоятын вакцина ойлап тапқан екен, ол медицина саласындағы ең керемет жаңалық ретінде танылыпты. Дегенмен ол вакцина бірер жыл клиникалық тексерулерден өтуі тиіс деп атап көрсетілген.

Бұл вакцина – Лев Айзенбах есімді профессордың басшылығымен жұмыс істеген ғалымдардың 30 жылдық ізденістерінің жемісі. Айзенбахтың айтуынша, ол дәрі обыр ауруының ушығуы әрқалай деңгейдегі 20-ға тарта түрінен емдеп жазуға мүмкіндік бермек. «Вакцина адамның иммундық жүйесін күшейтеді, ондағы лимфоциттер обыр жасушаларын қай жерден болса да іздеп тауып, түбегейлі жойып жібереді», – дейді Л.Айзенбах.

Аталған вакцина құрамындағы протеиндер, ақуыздар обырдың түріне қарай өзгеріп, лимфоциттерді нығайтады, қуаттандырады, сөйтіп, обыр жасушаларын өздері іздеп тауып, бейтараптандырады. Ол екпе арқылы қанға жіберіледі немесе науқастың ағзасынан алынған материалға ендіріледі екен. Лимфоциттер жасанды түрде көбейтіледі де, ағзаға қайта ендіріледі, сөйтіп обыр жасушаларын өлтіреді.

Міне, Шардарбек қарияның обыр жасушаларын жойып жіберетін вакцина шығыпты деп айтып отырғаны осы болса керек деп топшылап отырмыз. Ал оның алдында АҚШ ғалымдары глюкозаның обыр жасушаларын жоятын түрін ойлап тапқандары жөнінде жария­лаған болатын. 2015-жылы Германия ғалымдары да обыр жасушаларын жоятын «таблетка» ойлап тапқандарын жария еткен еді. Әзірге мұның бәрі де науқастардың үмітін оятатын жағымды хабарлама деңгейінде ғана тұрған сыңайлы. Олардың нақты қолданысқа енетін кезі де алыс емес шығар деген ойдамыз.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ