2500 евро өтемақы кімдерге төленеді?

14.11.2016
Қаралды: 1089

Ұлы Отан соғысының отты жылдарында жау қолына түсіп, концентрациялық лагерьлерде азап шеккен адамдар миллиондап саналады. 

Олардың арасында мыңдаған қазақстандықтардың да болғаны баршаға аян. Жау тұтқынында азапты күндерді басынан өткізгендердің,  аштық пен аурудан өлгендердің қанша екенін нақты білу де мүмкін емес. Соғыс аяқталып, елге оралғандарының да маңдайынан сипаған адам болмады. Немістің тұтқынынан босап шыққандар елге оралған соң да Отанын сатқан деп танылып, қайта түрмеге тоғытылды. Олар соғыс ардагерлеріне берілетін жеңілдектерге де қол жеткізе алмады. Тіпті Ұлы Жеңіс күнін мерекелеген кездері ескерусіз қалған кездері де жиі кездесетін. 

Арада 70 жылдан аса уақыт өткенде Германия билігі соғыс жылдары тұтқында болғандардың алдындағы өз кінәларын мо­йындаған сыңайлы. Олар бүгінде өмірде бар адамдарға өтемақы төлегенді дұрыс көріпті. Яғни өзінің тұтқында болғанын дәлелдейтін құжаттарды дайындағандарға 2500 евро көлемінде өтемақы төлейтін болды. Осыдан құлағдар болғандар редакциямызға хабарласып, компенсация қалай төленетінін анықтап жазуымызды сұрап жатыр. Сондықтан біз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтан Германия өтем­ақыны кімдерге төлейтіні туралы айтып беруді сұрадық.

«Өтемақы беріліп жатқаны рас, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы. – Біздің облыста соғыс кезінде неміс тұтқынында болған жеті адам бар еді, соның алтауы неміс үкіметі тарапынан беріліп жатқан өтемақыны алды. Біреуі құжатын кеш жіберуіне байланыс­ты әзірге ала алмай отыр. Бірақ ол да алуы тиіс.

Бұл өтемақыны бүгінде өмірде бар соғыс ардагерлері, яғни кезінде неміс тұтқынында болған адамдар алады. Естіп жүрміз, кейбір азаматтар марқұм болып кеткен әкесі үшін құжат дайындамақшы екен. Олай жүгіріп уақытты сарп етудің қажеті жоқ. Өкінішке орай, өмірден өтіп кеткендерге  өтемақы төленбейді».

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы осылай дейді. Яғни Германия 2500 евро өтемақыны тұтқында болған кеңестік жауынгерлердің бүгінде көзі тірілеріне ғана төлеп жатыр екен. Бұл мәселе бойынша қандай да бір анықтама білгісі келетіндер облыстық ардагерлер кеңесіне хабарласа алады.

Ә. НАУАЙЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ