Біз Сіздермен 900-ші мәрте жүздесіп отырмыз

14.11.2016
Қаралды: 1038

Қадірлі оқырман!
Сіздер бүгін «Замананың» 900-ші нөмірін қолға алып отырсыздар. Біз үшін мұның үлкен мәні бар. 

Яғни Сіздердің  таңдауларыңыздың, қолдауларыңыздың ар­қасында газетіміз осы күнге өзіне лайық абыроймен жетіп отыр. Сол үшін де Сіздерге айтар алғысымыз көп. Сіздерге Алланың нұры жаусын!

900-ші нөмірдің жарық көруі бәріміз үшін де зор қуаныш деп есептейміз. Ортақ қуанышымыз құтты болсын, ардақты оқырман!

«Замананың» жарыққа шыға бастағанына биылғы мамыр айында 18 жыл толғанын білесіздер. Газетіміз осынша уақыттан бері өз оқырмандарын айрықша ақпараттарымен, тың жаңалықтарымен, танымдық-тағылымдық мақалаларымен қуантып келді, елдің ықыласына бөленді. Бұл тұрғыда редакциямызға хабарласып, алғысын білдіретін оқырмандар өте көп. Біз әрдайым  жұртшылықтың мүддесі үшін жұмыс істейміз, әрқашан да оқырманның ойы­нан шығып тұруға тырысамыз. Осы орайда бізді қолдап, қуат беретін де – өздеріңіз. Біздің Сіздермен алдағы уақыттарда да жарқын жүзбен қауыша бергіміз келеді. Арамыздағы осындай ізгі қарым-қатынас өз жалғасын таба берсе екен дейміз.

Бүгінде халыққа қажетті газет шығарумен қатар оны таратып, оқырманға жеткізу де оңай шаруа емес. Осы орайда талғамы биік, өз таңдауына адал, қажет кезде өз құқын қорғай білетін оқырманға да көп нәрсе байланысты. Біз Сіздерді осындай жанашырларымыз, жанкүйерлеріміз деп қадірлейміз, бізбен әрқашанда бірге болатындарыңызға сенеміз.

«Замана» – алғаш жарық көрген күнінен бастап халыққа адал, сапалы қызмет көрсетуді өзінің басты мақсаты ретінде таңдаған газет. Ол осы жолынан ешуақытта айныған емес. Алдағы уақыттарда да оқырман көңілінен шығып отыруды біз өзіміздің борышымыз деп санаймыз.

Ендеше, ынтымағымыз жарасып, алдағы күндерге қарай зор сеніммен қадам баса берейік, қадірлі оқырман!

Өздеріңізге деген зор құрметпен –

«Замана» газеті редакциясының ұжымы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ