Судьялар әріптестеріне құрмет көрсетті

14.11.2016
Қаралды: 1318

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы соттарының төрағалары мен судьяларын қызметке таға­йындау және қызметтен босату туралы» Жарлығына сәйкес, 

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Ақылбек Күлішұлы Елшібаевты құрметті демалысқа шығарып салу рәсімі өтті. Сонымен қатар іс-шара барысында осы Жарлықпен облыс соттарына жаңадан тағайындалған төрағалар мен судьялар таныстырылды.          

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов жиындағы сөзінде А.Елшібаевты отставкаға шығуымен құттықтай отырып, оның біліктілігі мен облыс сот жүйесінің дамуына қосқан сүбелі үлесін атап өтті.

«Сіз өміріңізді әділ сот билігіне арнап, 34 жыл бойы сот жүйесінде қызмет еттіңіз. Осы жылдарда сіз судьялық міндеттеріңізді абыроймен атқарып, өзіңізді нағыз судья ретінде көрсеттіңіз. Еңбегіңіз мемлекеттік, ведомстволық наградалармен атап өтілген. Судьялар қауымдастығының қоғамдық өміріне де белсене араласып, Қазақстан Судьялар одағының облыстық филиалын ұзақ уақыт басқардыңыз және Сіздің әділ сот билігіне еткен қызметтеріңізге қарап, жас судьялар тәлім-тәрбие алады. Алдағы уақытта да Сіз ұжыммен байланыста болып, жас судьяларға кеңестер беріп, өз тәжірибелеріңізбен бөлісуді жалғастыра бересіз деген ойдамын», – деді Нұрсерік Кәрімұлы.                   

Іс-шара барысында Нұрсерік Кәрімұлы ұжым атынан А.Елшібаевқа  шапан жауып, гүл шоғы мен естелік сыйлық табыс етті.      

Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы З.Пірнияз, азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Н.Биболов, ОҚО бойынша соттар әкімшісінің басшысы О.Лештаев және облыстық соттың ардагерлер кеңесінің мүшелері М.Әміров пен Л.Стаценко, сондай-ақ Шымкент қаласында орналасқан аудандық және мамандандырылған соттардың төрағалары судьяларды құттықтап, жылы лебіздері мен тілектерін айта келе, А.Елшібаевқа өз ұжымдарының атынан гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар тапсырды.

Өз кезегінде А.Елшібаев ұжым тарапынан ұйымдастырылып отырған осы іс-шара мен сый-сияпаттарға алғысын білдіріп, әріптестеріне сот төрелігін іске асыруда жетістіктер тіледі.

Осыдан кейін облыстық соттың төрағасы ұжымға Түркістан қалалық, Шардара, Созақ және Мақтаарал ауданының №3 аудандық соттарының жаңа төрағаларын таныстырды.

Президент Жарлығымен Түркістан қалалық сотының төрағасы қызметіне бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы қызметін атқарып келген О.Серікбай, Шардара аудандық сотының төрағасы қызметіне А.Нәлібаев ОҚО сотының судьясы қызметінен босатыла отырып тағайындалды. Созақ аудандық сотының төрағасы қызметіне Н.Шетенов Сайрам аудандық сотының судьясы қызметінен босатыла отырып тағайындалған. Жарлыққа сәйкес, Мақтаарал ауданының №3 аудандық сотын осыған дейін Созақ аудандық сотының төрағасы қызметін атқарып келген Н.Құламқадырұлы басқаратын болды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ