Жарты ғасырдан бері жұбы жазылмаған абысындар

14.11.2016
Қаралды: 1472

Ордабасы ауданындағы Бадам ауылына қарасты Дербес елді мекенінде тұратын Сәтхановтар әулетінде алпыс жылға жуық уақыттан бері тату-тәтті тұрып жатқан абысынды Нышанкүл және Рахия есімді апалар бар. 

Дербес ауылындағылардан сұрай қалсаңыз, олар анау үйде тұрады деп кез-келгені жол көрсетіп жібереді. Себебі бұл апалардың ынтымағы бүкіл ауылға белгілі.

Екі ененің тәрбиесін көріпті

Абысындардың үлкені Нышанкүл апа Сәтхан қария­ның табалдырығынан  келін болып 16 жасында аттаған екен. Күйеуі Асанхан ол кезде 21 жаста болған. Төрт жылдан кейін әулеттің екінші ұлы Медеш Шанақ ауылының қызы, 18 жастағы Рахиямен  отау тігеді.

Сәтхан қарияның өзі төрт ағайынды болған екен. Үш бауыры соғыстан оралмапты. Төлеп деген ағасының әйелі Алтын төрт бала тап­қанымен бәрі де жастай шетінеп кетіпті. Сөйтіп жарынан бір, балаларынан екі айырылған апа төркініне кетпек болғанда Сәтхан қария менің екі ұлымның біреуін алып, осында отыр деп жібермей алып қалған екен.

«Біз келін болып түскенде үйде екі енеміз болды, Алтын апамызды «Рахияның енесі» дейтінбіз, – деп еске алды сол күндерді Нышанкүл апа. – Біз бұл үйдің келіндері емес, қызындай болып жүрдік. Таңертең жұмысқа кетеміз, кешкісін келгенімізде енелеріміз үйдің бар шаруа­сын атқарып, тамағымызды дайындап, күтіп отырады. Алтын енеміз ашық-жарқын, еті тірі, үй тірлігіне өте таза, ұқыпты, пысық кісі болатын. Ол кісі бала-шағамызды шомылдырып, кір-қоңын жуып, ас-суы­мызды әзірлеп отырады. Ал Қилықас енеміз момын, көп сөйлемейтін. Ол кісі даланың тірлігін істейді, мал­ға қарайды».

Енелерінің осындай ынтымағын көріп өскен Нышанкүл мен Рахия апалар да өмірінде бір-біріне ренжісіп көрмепті. Олар тіпті жиырма жылдан астам уақыт бір шаңырақтың астында бірге тұрған.

«Менің үлкен қызымды туысымен Алтын енем бауы­рына басқан, – дейді Рахия апа. – Ол қыздың тіпті атын да атамаймын. Сол қыз жиырмаға толып, күйеу­ге шыққанша біз бірге тұрып, еншімізді кейін алдық. Онда да ауладан екінші үй салып, соған шықтық. Жас күнімізден жұбымыз жазылған емес. Тіпті атамыздан біреулер: «Сіз бір үйдің қыздарын келін етіп алған емессіз бе?» – деп сұрайды екен».

Абысынының балаларын бауырына басқан

Тағдырдың жазуы шығар, Нышанкүл апаның баласы болмаған. Ал Рахия апа 11 құрсақ көтеріпті. Ол абысынына үш баласын берген. Осы жөнінде сұрағанымызда: «Енеме берген қыздан кейінгі ұлды, сосын қызымды шешейге бердім, – деді Рахия апа. – Содан кейін тағы да жүкті болдым. Айы-күнім жақындап отырғанда қайынағам мен абысыным Құдайдан бала сұрап, әулие аралап кеткен еді. Сол кезде мен ұл таптым. Осы кісілердің сапары сәтті болып, балалы болып оралсын деген ниетпен оның есімін Сапар деп қойғанбыз. Сапар  екіден асқанда тағы босандым. Шақалақты  шомылдырып жат­қанда екіден енді асқан балам оның тырбаңдап жат­қанын көріп қорқып, шешейге барып, маған жоламай қойды. Шешейге: «Анау жақта тырбаңдап жатқан қорқынышты бірдеңе бар», – деп айтыпты. Сөйтіп сол күйі қайнағам мен абысынымның баласы болып кетті».

Сәтхан қарияның ат баптайтын, темірден түйін түйетін ұсташылық өнері болған екен. Ол кісі кейде апталап, айлап көкпарға кетеді. Сол кездегі колхоз жұмыстарына қажетті соқа, кетпен, ат әбзелдерін жасап береді. Қазақша оюлы шапандар тігеді екен. Тіпті ол кісінің қолынан шыққан шапандарды ауылға келген әншілерге жауып жіберген де кездер болған деседі.

Үлкен немересі Наурыздың сүндет тойына Сәтхан ата үлкен көкпар беріпті. Оған жер-жерден, тіпті Қыр­ғызстан мен Өзбекстаннан да көкпаршылар келген.

«Көкпаршылардың санын білмейміз, бірақ атам тойға арнап үш жылқы сойды, – дейді Нышанкүл апа. – Қазан-қазан палау пісіп жатыр. Оны ат арбаға салып, көрші-қолаңның үйіне түскен көкпаршылар­ға әкетуде. Тойдың алдында атам Ташкент­ке барып қап-қап өрік-мейіз әкелген, екі тандыр құрғыз­ған. Үш күн бойы наубайшылар кезек-кезек тұрып нан жапты. Піскенін піскендей жас балалар үйді-үйге түскен көкпаршыларға әкетеді».

Осы кезде Рахия апа да сөзге араласып кетті.

«Көпірдің үстінен өтіп бара жат­қанда арба ауып кетіп, бір қазан палаудың суға ағып кеткені бар, – деп күліп алды ол кісі. – Ол кезде біз жаспыз. Бірнеше күн ұйқыдан қалғанымыз есімде. Әйтеуір ең соңғы күні бір кісі келіп: «Келін, мертіккен адам жоқ, көкпаршылар аман-есен тарқады», – деп сүйінші сұраған еді».

Олар қазір де бір аулада тұрады

Бүгінде қос абысын бір аулада – Нышанкүл апа Сапар баласымен бірге, ал Медеш қарт пен Рахия апа кенже ұлдары Кенжеханның қолында тұрып жатыр. Немере, шөбере сүйіп отыр­ған жайлары бар.  Өзге ұлдары бөлек тұрады, алты келіннің төртеуі мұғалім. Қыздары да барған жерлерінің түтінін түтетіп, ұл-қыз сүйіп отыр.

Асанхан қария 2002-жылы дүниеден озған. Ал Медеш қарт үш рет қажылыққа барып келген, ауылға сыйлы қария. Бүгінде абысынды апалар жұбы жазылмай, той-жиынға бірге барады. Тіпті екеуін мектепте, кітапханада өтетін кездесулерге шақырып, жастарға үлгі етеді екен. 

Балалары жылда екі апаны Сарыағаштағы, Манкенттегі, Арыстағы шипажайлар­ға жіберіп тұрады. «Бізді шипажайлардағылар да әбден танып алған. «Ағайынды Абдуллиндер келе жатыр», – деп күліп қарсы алады», – дейді Рахия апа.

Біз отбасының ынтымағын сақтап, берекесін кіргізіп отырған абысынды апалар­ға ұзақ өмір тілеп қоштастық. Бұл кісілердің тату-тәтті өмірі – көпке үлгі, жастарға өнеге.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ