Жүрегі оң жағында орналасқан Гүлсезім қыз

14.11.2016
Қаралды: 1488

Ағза мүшелерінің ең маңыздысы – жүрек. Денеміздегі қан айналымы сол арқылы жүзеге асады. Ал жүректің кеуденің cол жақ бөлігінде болатыны белгілі. 

Дегенмен жүрегі кеуденің оң жағында орналасқан адамдар да кездеседі екен. Мысалы, Ордабасы ауданындағы Көкарал ауылында тұратын Гүлсезім Әбілдә – осындай ерекше жаратылған жан. Таяуда біз онымен әңгімелескен едік.

«Мен 1995-ші жылдың желтоқсан айында дүниеге келгенмін, – дейді Гүлсезім. – Отбасымызда менен бөлек үш қыз, екі ұл бар. Үйде менің ғана жүрегім оң жақта орналасқан. Оны мен 17 жасқа толғанша білмей келдім. Мектепті бітіріп, оқуға құжаттар тапсыратын кезде маған медициналық анықтама керек болды. Шымкенттегі қалалық емханаға барып рентгенге түскенімде дәрігер таңқала:  «Сенің жүрегің оң жағыңда екен ғой. Оны өзің білетін бе едің?», – деп сұрады. Мұны естігенде мен қатты таңқалдым әрі қорқып кеттім. Көңілімді бірден уайым басты. Осыны байқаған  дәрігерлер мені тыныштандыруға тырысты. Бұл жағдай тек мыңнан біреуде болатын құбылыс, ешқандай зияны жоқ деп түсіндірді. Сонда уайымым басылып, керісінше, өзімді бір ерекше адам ретінде сезініп қалғаным бар.

Жүрегімнің оң жақта екенін кішкентай кезімде жергілікті дәрігерлер де аңғармаған сияқты. Өйткені бірде кеудемнің сол жақ тұсы шаншып ауырған соң емханаға барғанбыз. Олар жүрегінің соғуы әлсіз, естілмейді деп аудандық ауруханаға жолдама жазып берген болатын. Сол кездері кеудемнің шаншып ауырғаны басылды да, емханаға сол күйі бармаған едік».

Гүлсезім жүрегінің оң жақта екенін  білгенде бірден анасына хабарлаған екен, анасы: «Ондай жағдайлар болатынын естігенбіз, сен қайта ерекше адамсың», – депті. Ал туыстары болса, мұны қызық көріп, көрген жерде сұрай береді екен. Әсіресе бұл Гүлсезімнің құрбылары үшін тіпті де қызық көрінген.

«Бір күні жақын дос құрбыма жүрегімнің оң жақта екенін айтқанымда ол: «Онда сен Әнұран шырқалып жатқанда қолыңды оң жақ тұсыңа қоюың керек. Неге сол жағыңа ұстап тұрасың? Ол жақта емес қой жүрегің», – деп әзілдегені бар. Шынымды айтсам, ондай сөздерді көңіліме алып қаламын. Көп достарым, туыстарым да таңқалып, қалай соғады екен деп жүрегімнің соғысын тыңдап көріп  жатады», – дейді ол.

Жалпы, Гүлсезім өзін жайсыз сезінбейді екен. Тек кеудесінің сол жақ тұсы анда-санда шаншып тұратын көрінеді. Ең соңғы рет тексерілгенінде мамандар оң жақта орналасқаны болмаса, бәрі дұрыс, жүрегіңде ақау жоқ деп айтыпты.

Ал медицинада бұл құбылысты «декстрокардия» деп атайды екен. Латын тілінен аударғанда «декстр» – «оң», «карди» – «жүрек» дегенді білдіреді. Бұдан денсаулыққа төнетін қауіп жоқ. Ондай ерекшелігі бар адамдарды мамандар негізінен электрокардиограммаға түскенінде, ультрадыбыстық тексеру кезінде анықтап жататын көрінеді.

...Осындай ерекше қыз  Гүлсезім бүгінде Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінің филология факультетінде оқып жүр. Ол қолы босай қалса, қолына қалам алып, өлең шығаруға әуес. Бала кезден бергі арманы журналист болу екен. Біз Гүлсезімнің алға қойған арман-мақсаттарына жете беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

Гүлдар МАХАНБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ