Ай сайын 30 шақты адамға жәрдем береді

14.11.2016
Қаралды: 1836

Өзге жандарға қайырымдылық  көмек көрсету екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. 

Сондықтан мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қамқорлық жасайтын адамдардың ісіне сүйсінетініміз рас. Шымкенттік Назгүл Тілеулесова (суретте) – сондай жандардың бірі.

Қайырымдылық қорын құрған

Түлкібас ауданының тумасы мүгедек және мұқтаж жандарға қол ұшын беруді біраз жыл бұрын қолға алған екен. Ел ішінде азық-түліктен тар­шылық көріп отырған отбасылар, күн суықта жылы киім таппай бүрсеңдеген балалар, жанына батқан ауруын басатын дәрі-дәр­мек алуға шамасы жетпейтін жарымжан жандар көп екеніне көзі жеткенде Назгүл өзі бастаған ісінің ауқымы мен мүм­кіндігін ке­ңейтуді дұрыс деп тауыпты. Сөйтіп 2014-жылдың мамыр айында қа­йырымдылық қо­рын ашқан. Содан бері қиналған жанның жағдайын сұрап, мұқтаждың керегін тауып беру үшін бір сәт те тыным таппайтын Назгүл Едіге­қы­зымен сөйлесудің сәті түс­кен еді.

«1988-жылдың сәуір айын­да туылыппын, – дейді Назгүл. – Бүгінде үш баланың анасымын.  Бақуатты жандардың қатарынан емес­пін, жұрт қатарлы тіршілік етіп келе жатқан қарапа­йым жандардың бірімін. Тағдырдың маңдайыма жазылған түрлі тауқыметін бір кісідей тартқан жанмын. Біраз жыл бұрын жол апатына түсіп, ая­ғым тізе тұсынан 8 жерден сынды. Облыстық ауруханада ұзақ ем­делдім. Операция да жасалды. Дә­рігерлер жарақаттың жазылмайтынын айтып, мүгедектер арбасын серік ететінімді сез­дірді. Бі­рақ мен мұндай «үкімге» көне алмадым. Ем іздеп Алматы астым, Ташкентке бардым. Ізденген адам мұратына же­те­ді екен, бірте-бірте балдақпен жүруге жарадым. Кейін таяқты да тас­тап, қатарға қосылып кеттім. Өзіміз «сы­нақ» дейтін осы сәттерде бірі операцияға ақша таппай, екіншісі дәрі алуға мүм­кіндігі болмай жылаған талай адамды көрдім. Екі табанымен топырақты тең басып, тәй-тәй жүруге жарамайтын туа-бітті сал ауруына ұшыраған жас балалардың күйін көргенде жаным сыздады. Өзім құрған «Абдурахман» қайырымдылық қоры – осы жан күйзе­лі­сінен туған шешімнің нәти­жесі.

Тәуекел деп белді бекем буып, алға ұмтылған адамға Алла өзі жол көрсетеді екен. Бастапқыда бір жарым жыл өзім ғана жұмыс істедім. Қа­зір­гідей күн суықта жылы киім таппай жаураған бала­лар­ға киім әперсеңіз де көздерінде шексіз қуаныш пен алғыс аралас ризашылық тұрады ғой. Осы бір сәтті көрудің өзі қандай бақыт! Азық-ауқаттан таршылық көрген жандарға да қолдан келгенше көмек­тестім. Сөй­тіп жүріп асыраушысынан айырылған жандарды, жетім балаларды, қам­қор­шысы жоқ қарияларды көрдім. Оларға қайырылмай кету мүмкін емес. Сол себепті көмектің ауқымы мен штатты кеңейту керек болды».

«Абдурахман» қайырымдылық қо­рында қазір құжаттарды тіркеп, көмек көлемін анықтайтын 5 адам жұмыс істейді. Одан тысқары Қазақстанның әр қаласында 2-ден 20 адамға дейін волонтерлар бар. Біздің қор азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек мәселесінде және операцияға қаржы қа­жет жағдайда жәрдемдеседі. Әрбір өтініш  тіркеліп, мұқтаж адамның әлеу­мет­тік, медициналық құжаттары мұқият тексе­рі­леді. Со­сын мүмкіндік деңгейі­не байланыс­ты әрқайсысына қажетіне қарай жәрдем көр­сетіледі. Қаржылай кө­мек­тің жоғарғы шегі – 1 мил­лион теңге.

Айына 30-дай адамға көмек көрсетуде

Осы жерде мынаны тү­сіндіре кетейік: қайырымдылық қорының «қалтасында» миллиондаған қаржы жоқ. Көмек мұқтаж жандарға тұ­рақты демеушілер, басқа да қол ұшын созуға дайын жомарт жандардан жиналған қаражат есебінен беріледі. Кейде қор басшылығы тиісті мекемелерге хат жазып, жәр­дем көрсетуін сұрайды. Мәселен, өткен шілде айында орта жастағы бір әйел ба­у­ы­рына операция жасату үшін қаржы керек деп көмек сұраған. Тексере келе мұндай медициналық қызмет тегін жасалуы тиіс екенін анықтайды. Қор заңгері тиісті мекемеге осы жайында хат жолдап, мәселені бақыла­уына алғаннан кейін әйел тегін операция жасатуға мүмкіндік алған.

Қор мүшелері қайырымдылық кон­церттерін де ұйымдастырады. Қазан айының басында Шымкентте әнші Қанат Үмбетовтің қайырымдылық концерті өтті. Одан түскен қаржы шұғыл операцияны қажет ететін үш бүл­дір­шіннің шотына аудары­лып­ты. Жал­пы, бүгінге дейін «Жігіттер» квар­тетімен және Заттыбек Көпбосынұлымен  бірлесе қайырымдылық концерттері өт­кіз­ілген. Яғни «Абдурахман» қайырымдылық қоры мұқтаж және мүгедек жандарға түрлі шараларды ұйымдастыру арқылы жәрдем көрсетеді.

«Көмек сұрап келушілер өте көп. Операцияға деп ақ­ша сұрайтындардың көпшілігі туа-бітті сал ауруына ұшыраған жас балалар, эпилепсия ұстамасының жиілігі салдарынан жүрегіне күш түскен сәбилер, асыраушысынан айырылған көп балалы аналар, қараусыз қалған қарт адамдар. Мүм­кіндігімізге қарай айы­на 30 шақты адамға көмек­тесіп жатырмыз.

Мысалы, бір келіншек 8 ай­лық қызының жайын айтып жылап келді. Тоқ ішектің дә­ретті сыртқа шығаратын тесігі жоқ, сәби бітеу туыл­ған екен. Оған операция жасамаса өміріне қауіп төніп тұр. Қызылордада өкпе қуысында ауа бар 11 жасар бала көмек сұрап тұрады. Ол жыл аралатып Алматыда операция жасатады екен. Соңғы хабар­лас­қанында: «Операция тегін ғой, бірақ Алматыға барып-қайтатын ақша жоқ, көмек­тесі­ңіз­дерші», – деді. Көрдіңіз бе, ел ішінде күн­­делікті ішіп-жейтін тамағы жоқ, ке­зе­­гі ке­ліп тұрған тегін операцияға ба­ру­ға жолақысы жоқ жандар жетерлік. Біз бәріне де кө­мектескіміз ке­леді. Сондықтан шамасы жеткенше, тіпті бір рет болса да  көмектесуге әзір жандар бізбен байланыс­қа шықса жақсы болар еді», – дейді Назгүл Едігеқызы.

«Абдурахман» қайырымдылық қорына 8-702-146-48-82 телефоны арқылы хабарласуға болады. Ал мұқтаж жандарға қол ұшын созғыңыз келсе, қаржыны 8-771-156-26-80 нөмірлі «киви-әмиянға» аудара аласыздар.

Ж. ҚАСЫМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ