Бұл көріпкелдік пе, кесел ме?

17.11.2016
Қаралды: 1858

Біздің «Auyrmanyz@maіl.ru» электронды почтамыздағы бұл хат Ләззат Бердібек есімді бойжеткеннен келіпті. 

Басынан өткен түсініксіз де тылсым жайларды қысқаша баяндаған ол мұның себебін білгісі келеді.

Елес-бейне көремін...

«Мен 7 жасымнан бастап түсініксіз дыбыстарды ести бастадым. Уақыт өте келе көзіме түрлі бейнелер көрінетін болды. Бұрын мұның не екенін түсінбейтінмін. Бір жағынан оған онша мән берген емес едім. 7-ші сыныпта, 13 жсымда оқып жүргенімде жазғы демалыста нағашы атамның үйіне қыдырып бардым. Түнде ұйықтап жатқанымда өзімнен өзім оянып кеттім. Көзімді ашсам төсегімнің жанында ұзын шашын әдемілеп өріп алған, аппақ шілтерлі, әдемі көйлек киген қыз тұр. Өзі сондай аппақ, маған күлімдей қарайды. Мен қатты қорықтым да, ертеңіне үйге қайтып кеттім. Үйге келген соң бәрін анама айтып бердім. Анам қатты таң қалып: «Менің әпкемді көріпсің ғой, ол жас кезінде қайтыс болып кеткен», – деді.  Кейін бұл оқиға ұмытылып кетті.

Бірде анам мені би кешіне жібермей қойды. Оған қатты ренжіген мен бұлқан-талқан ашуланып, анама сөйлемей қойдым. Кешкі асты да ішпестен бөлмеме барып, жатып қалдым. Біраз уақыттан соң төсегімді біреу сілкілеп, мені кәдімгідей шайқатып ала жөнелді. Қорыққанымнан айқайлап жібердім. Өйткені бөлмеде менен басқа ешкім жоқ еді. Орнымнан атып тұрып, сыртқа қарай қашпақшы едім, терезенің алдында бойы өте ұзын, арықша келген адам бейнесін көріп, қалшиып тұрып қалдым. Осы кезде менің даусымды естіп анам мен ағам келді. Олар мені әзер жұбатып алды.

Осы оқиғадан кейін қатты қуанған және ашуланған сәттерде ұйықтамай-ақ түрлі адам бейнелерін көретін болдым. Ал кейде ұйықтап жатқанымда әлдебіреу түртіп оятады.

Қазір менің жасым 25-те. Үйреніп кеткендіктен бе, мұндай оқиғалардан онша қорқа бермеймін. Дегенмен алдымда не күтіп тұрғанын алдын-ала түсімде аян арқылы біліп отырамын. Көрген түстерім айна-қатесіз орындалып жатады. Ал мені ренжіткен адамға әйтеуір бір жағдай болады. Сондықтан ашуланбауға, ешкімге ренжімеуге тырысамын.

Мұны жазып отырған себебім, мен көріпкел емеспін. Дегенмен кейбір құрбыларым алдында не күтіп тұрғанын сұрап алады да, кейін оның тура келгенін айтып жатады. Үйдегілердің бірі ауыратынын да алдын-ала біліп отырамын. Бұл қасиет пе, әлде адасу ма, соны біле алмай жүрмін. Кейбіреу «Бойыңда қасиет бар, соны ұстауың керек», – деп ақыл айтады. Ал мен не істеу керектігін білмеймін».

Жамбыл облысында тұратын Ләззаттың басынан өткен жайды біз жауапсыз қалдыра алмадық. Ләззатты мазалайтын қандай бейне? Мұндай жағдайда не істеу керек?

Дем салдырғаны жөн дейді

«Мұндай тылсымның бары рас. Тіл-көз тию, мысалы, соның белгісі. Көрген түсінің, айтқанының орындалуы да сондай тылсымның бірі. Тіпті кейбір адамдарда көріпкелдік, басқа да қасиеттер кездесіп жатады. Мұны шайтанның араласуы деп түсіну керек. Ал хат иесінде көңілге алып, алаңдайтын ештеңе жоқ. Өзін әрдайым сабырлы ұстап, әрбір сөзін ойлана сөйлесе болғаны. Сосын мешітке барып, имам-молдаларға дем салдыртып жіберсе жеткілікті», – дейді Шымкенттегі Орталық мешіттегі молда Алтынбек Жолдасбек.

Алматы қаласында тұратын белгілі психолог, Еуропа психологтар қауымдастығының мүшесі Ғалихан Ыдырысов (суретте) та мұның қалыпты жай екенін айтады. «Кез келген адамның санасы ғарыштық тылсым құбылыстармен байланысты жұмыс істейді. Мысалы, кенеттен қабылданған ұтқыр шешім, керемет идея адамға қалай қонды деп ойлайсыздар? Бұл бізге жоғарыдан берілген «сыйлық». Ләззат оны өзгелерден тере­ңірек сезінеді. Бар болғаны осы. Психология мен биологияға қызығушылық танытып, ізденсе көптеген сұрақтарына жауап табатыны анық. Татьяна Черниговскаяның лекцияларын, Карл Юнгтың жазбаларын оқуға кеңес беремін. Осының ар­қасында ол өзін, бойындағы құбылыстың сырын ұғып, түсіне алады. Тіпті оны игі істерінде кәдеге асыруы да ғажап емес. Ренжіген адамының сәтсіздікке ұшырауы Ләзатты сабырлы болуға, ашуын тізгіндеп, ойлана сөйлеуге үйретеді. Бұл жақсы емес пе? Сондықтан алаңдайтын ештеңе жоқ. Ал көзге көрінген бейне бала кездегі қиял ұшқыны ғана», – дейді психолог.

«Шапағат» халық емшілері қауымдастығының мү­шесі, рухани емші Гүлмира Оспанова (суретте): «Ләззатты мазалап жүрген әруақ екені анық. Оның 7 жасында, сосын 7-ші сыныпта – тұп-тура мүшел жасында белгі беруі тегін емес. Түсінде аян алып, оның орындалуы да жайдан-жай болатын жағдайлар қатарына жатпайды. Мұны кейбіреу жүйке­нің сыр беруі, жынның араласуы деп шатастыруы мүмкін. Бірақ бұл ешқандай да писхологиялық ауытқу емес. Көзге көрінетін бейне-елес пен дауыстардың бәрін жын деуге де болмайды. Психологиялық кеселге ұшыраған, бойына жын қонған адам ашуланшақ, ұрыншақ болып келеді. Ондайлар көктем мен күзде арқасы қозып, өз-өзінен жылап немесе күліп, ұрыс іздеп, тіпті үйден безіп кетеді. Әрі алда болатын оқиғаны түсінде аян арқылы білмейді. Сондықтан мен мұның әруақтардан қандай да бір белгі берілгені деп санаймын. Әруақтарға бағыштап Құран оқып, мешітке барып дем салдырып жібергені дұрыс.

Сосын халқымызда «Жақсы түске де, жаман түске де  садақа беру керек» деген сөз бар. Түсін әрдайым жақсылыққа жорып, мешітке садақа тастай жүруге кеңес берер едім, – дейді.

Біздің бұл жауаптарға алып-қосарымыз жоқ. Ләззат та, басынан осыған ұқсас оқиға өтіп жатқан өзге оқырмандар да бұдан өзіне керегін алады деген ойдамыз.  Ал бұл хатқа қатысты айтар ойларыңыз, Ләззатқа берер кеңестеріңіз болса, «Auyrma­nyz@maіl.ru» почтасына жазып жіберулеріңізге болады.

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ