Қырғызстанда партиялар келісе алмай жатыр

08.11.2016
Қаралды: 756

Таяуда Қырғыз Республикасының Үкіметі от­­­ставкаға кетті. Қазір Үкімет мүшелері қызметтерін уақытша атқаруда. 

Ол жақсы жұмыс істей алмағандықтан емес, Парламенттің ішіндегі дүрдараздықтың нәтижесінде осындай жағдайға ұшырады.

Мұның алдында Қырғызстанның Жоғарғы Кеңесіндегі көпшілік коалицияға мүше фракциялардың бірі ҚСДП (Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы) коалициядан шығатынын мәлімдеді. Ал Үкіметті жасақтаған коалиция жойыл­ған соң Үкімет сөзсіз отставкаға кетуге тиіс. Мұндай жағдайда Қырғызстанның заңдарына сәйкес, Қырғыз Республикасының Президенті Парламенттегі фракциялардың біріне көпшіліктің коалициясын құруды тапсырады. Президент А.Атамбаев бұл міндетті өзі негіздеген және арқа сүйеп отырған партия – ҚСДП-ға жүктеді. Мандатқа ие болған ҚСДП-ның лидері Иса Өмірқұлов Парламенттегі фракциялардың лидерлерімен коалиция құру бо­йынша келіссөздерді жүргізуде.

Қырғыз парламенті (120 депутат) 6 фракция­дан – ҚСДП (38 депутат), «Республика – Ата Жұрт» (28), «Қыргызстан» (18), «Өнүгүү – прогресс» (13), «Бир Бол» (12), «Ата Мекен» (11) партиялары фракцияларынан құралған.

Осыған дейін ҚСДП, «Қыргызстан», «Өнүгүү – прогресс» және «Ата Мекен» партиялары бірігіп, көпшілік коалицияны құрап тұрған еді. Пікір келіспеушілігі ҚСДП мен «Ата Мекен» партияларының арасында тұтанды. «Ата Мекен» партиясының лидері Өмірбек Текебаев алдымыздағы 11-желтоқсанға белгіленіп отырған республика Конституциясына толықтыруларды енгізу бойынша референдумның өтуіне қарсы болуда.

Негізі Қырғызстанның Конституциясы сөзсіз қайта қаралуға тиіс екендігін биылғы бір оқиға  айқын анықтап қойды. 2010-жылы Қырғызстанның Ош қаласында орын алған ұлтаралық қанды оқиғаларға кінәлі деп табылғандардың бірі Азимжан Асқаров деген азамат қырғыз сотының үкімімен өмір-бақи түрмеде отыруға кесілген. Оны халықаралық соттар қорғауға алып, мәселесі қайта қаралсын деп Қырғызстаннан талап етуде.

Қырғызстанның Конституциясында былай деп жазылыпты: халықаралық құзыретті органдардың шешімі республиканың заңдарынан жоғары тұрады екен. Ал мұны, әлбетте, түземесе болмайды.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ.

Бішкек қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ