«Камин-пешті» пайдалануға рұқсат бар ма?

07.11.2016
Қаралды: 1390

Биыл Оңтүс­­тікте қыс ерте түседі дегендер қателеспеген секілді. Қазан айы­ның екінші онкүндігі басталысымен бірінен кейін бірі жауған қар сондай болжамдарды шындыққа айналдыра түскендей болды. 

Қысқа әлі ерте деп бей-жай отырғандардің бірі тез арада көмірге жүгірсе, екіншілері базар аралап, жұртшылық «камин-пеш» атап кеткен үй жылытатын пешті іздеуге кірісті.

Ал ондай пештерді Шымкенттегі базарлардың бәрінен сатып алуға болады. Бірақ өткен жылы пештерді пайдалануға тиым салғаны, тіпті кейбірлеулерге айыппұл салынғаны туралы естігенбіз. Тіпті редакцияға хабарласқан оқырмандар арасында: «Базардан сатып алдық, үйге алып келіп, қоспақшы болғанда тиым салушылар көбейіп кетті. Біреуі газдан келді, екіншісі өрт қауіпсіздігін бақылаймыз деді, әйтеуір «камин-пешті» пайдалануға рұқсат етпеді. Егер оны пайдалануға болмаса, онда неге сатуға рұқсат береді? Шымкенттегі «Қазына» сауда орталығының алдынан алып едік, қайта апарғанымызда сатушылар қабылдамады. Сонда біз не істеуіміз керек?»

...Біз аталмыш сауда орталығының алдындағы  сатушы жігіттерге барып, пеш алғандарға оны пайдалануға  рұқсат етпей жатқанын айтқанымызда олардың бірі былай деді: «Ешкімнің олай істеуге құқы жоқ. Бұлар шекарадан заңды түрде өткен. Егер пайдалануға рұқсат етпесе, бізге келіп, неге сатасыңдар деуі керек емес пе? Осы кезге дейін бір адам сатуға болмайтынын ескерткен емес. Әрине, қауіпсіздік шараларын жасау керек. Біреулер мұның құбырын от жағатын пешке қосып қояды екен. Ол дұрыс емес. Сондай жағдайлар болған шығар, әйтпесе кім, қалай тиым салуы мүмкін? Ол үшін соттың  шешімі шығып па, әлде үкімет тапсырма беріп пе? Жеке біреулер ақша жасау үшін айтып жүрген шығар. Рұқсат етілмесе ол туралы қандай да бір тиым салатын құжат болуы керек. Ондай қағазы жоқтарды адамдар үйлеріне де кіргізбесін. Мысалы, менің үйімде осындай пештің үшеуі тұр. Бір адам келіп, мынау неге тұр деген жоқ. Көп жағдайда адамдардың өздеріне байланысты. Заңды білмегендерге әркім келіп ойларына келгенді істеп, айыппұл деп ақшаларын алып кете береді».

Қысқасы, мұндай пештерді пайдаланбасын деген ресми тиым жоқ екен. Бірақ қауіпсіздік шаралары сақталуы міндетті.

М. РАЙЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ