Артынан 100-ге жуық ұрпақ өрбіген ана

07.11.2016
Қаралды: 1408

Редакциямызға Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылынан хат келді. Хат авторы Мәнзура Назарбекқызы деп көрсетіліпті. 

Ол кісі хатты бір жақын адамына айтып отырып жазғызған сияқты. Хат соңында оны жазған адамның аты-жөні Ақмарал Шәдиева деп көрсетілген. Қысқасы, Мәнзура апа былай депті:

 «Менің жасым қазір 80-де. Әкем Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен. Шешемнің арқасында жетілген едік.

Мен 1954-жылы мектеп бітірдім. Сол жылы мектеп директоры Сейдахмет Әбуов бастауыш сыныпқа мұғалімдікке жұмысқа алды. «Жеткіншек» ауылында мұғалім болып істедім. Онда кейін сазгерлігімен танылған Пернебай Иманқұлов сияқты шәкірттерге сабақ бердім.

Одан кейін мені райкомға жұмысқа шақырды. Онда мен статистика бөлімінде, партия кабинетінде және әйелдер бөлімінде меңгеруші, нұсқаушы болып еңбек еттім. Нұсқаушы болған кезімде Бәтима Батырбекова сынды белгілі апаймен бірге жұмыс істедім.

1957-жылы партияға қабылдандым. Кейін аудандағы екі балабақшада меңгеруші болдым, көтерме сауда қоймасында кадрлар бөлімін басқардым, 1984-жылы сол жерден зейнеткерлікке шықтым.

Осындай жұмыстар атқара жүріп 10 ер баланы өмірге әкелдім, оларды тәрбиелеп өсірдім. Олардың екі-үшеуі бүгінде жұмыссыз, әрқайсысында бес-алты баладан бар. Бүгінде 40-қа жуық немере мен 30 шөбереге әжемін. Ер балалар қыздардай емес, өзімен-өзі кетеді екен. Менде қыз бала жоқ. Сондықтан қартайған шағымда өзіммен-өзім болып отырсам деймін.

Бәрін қосқанда 100-ге жуық ұрпақ өсірген ана ретінде маған үкімет Шымкенттен бір бөлмелі пәтер беретін шығар деген үмітім бар. Маған 2004-жылы аудан басшылары 300 мың теңгеге үш бөлмелі ескі үй берген. Үйімді немерелерімнің бірінің атына жаздырғанмын. Бүгінде қартайып отырмын, шаршағанмын, денсаулығым жоқ. Балаларымның біреуі қайтыс болған еді, содан бері жағдайым нашарлай түсті.

Мен арыз жазып отырған жоқпын, өзімнің өмір жолым жайында жазып отырмын».

...Мәнзура апа осылай депті. Ол кісінің бұл хаты Созақ ауданындағы және Шымкенттегі тиісті орындарға да жолданған болар деп ойлаймыз. Ал бізге бір данасын жібергені газетте жариялап, қандай да бір жәрдемі тиетін шығар дегені болса керек. Сондықтан ол кісінің айтқандарын газетімізде қаз-қалпында жариялап отырмыз. Мәнзура апаның бұл өтінішін тиісті басшылар назарына алады деген ойдамыз.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ