Тыл ардагерлеріне қамқорлық жасалса екен

07.11.2016
Қаралды: 1507

Бүгінде арамызда Ұлы Отан соғысының ардагерлері саусақпен санарлық дерлік азайып қалды. 

Олардың ізінен еріп келе жатқан тыл ардагерлерінің алды 90-ды алқымдап, ең жасының өзі 80-ді артқа тастап отыр. Міне, осы тыл ардагерлеріне бүгінде лайықты жағдай жасалып жатыр ма?

Тыл ардагерлерінің қатары да қазір азайып барады. Себебі белгілі, олар соғыс кезінде қаршадайынан еңбекке араласты, ұйқы көрмей, аш-жалаңаш жүріп ауыр жұмыстарға жегілді. Жер жыртты, егін екті, мал азығын дайындап, жинады, оны тасымалдады, масақ терді, егін зиянкестерін жоюмен айналысты. Жұмысшылар­ға азық-түлік, су тасыды, техникамен жұмыс істейтіндерге көмекші болып, қолғабыс етті, басқа да қыруар шаруалардың бел ортасында жүрді. Осының бәрі бұғанасы қатпаған балалар­ға ауыр тиді, ұйқының уақтылы болмауы өмірлерінің қысқаруына әсер етті, сондықтан да бүгінде олардың қатары аз. Жер басып жүргендерінің өзінің денсаулығы нашар, ал уақтылы емделуге, демалыс орындарына баруға қалтасы көтермейді.

...Жақында мен Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне демалыс орнына жолдама алуға барған едім. Адамдар көп екен, арасында тыл ардагерлері аз. Ондағы қызметкерлер: «Қазір жолдама бере алмаймыз. Орын жоқ. Құжаттарыңызды тапсырып, кезек күтіңіздер. Келесі жылы немесе одан кейін болып қалар. Жоғарыдан осындай нұсқау бар», – дегенді алға тартты. Бұған қариялар: «Оған дейін бармыз ба, жоқпыз ба?» – деп реніштерін білдіріп жатты.

Осы орайда тыл ардагерлеріне жылына кемінде бір рет емдеу мекемелерінде кезексіз демалуға жағдай жасау керектігін айтқым келеді.

Жылда зейнеткерлердің зейнетақысы 9 па­йызға артып жатқаны да белгілі. Солардың ішіндегі тыл ардагерлерінің зейнетақысын да біршама арттырса дұрыс болар еді. Сонымен қатар облыс аумағында қоғамдық көліктерде тегін жүруіне жағдай жасалса дұрыс болар еді. Коммуналдық төлемдерде де соғыс ардагерлеріне жасалғандай жеңілдіктер жасалса, тұрғын үйге кезексіз ие болуына мүмкіндік жасалса құба-құп болар еді.

Еліміздің  өркендеуіне өлшеусіз үлес қос­ан тыл ардагерлеріне мұндай жағдай жасауға мемлекетіміздің шамасы келетініне сенімдімін. Олар да мемлекеттің қамқорлығына риза болып, көңілдері көтеріліп қалар еді.

Ширатбек ОРАЛБЕКОВ, зейнеткер.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ