«Тарифті қымбаттату – халықтың соры»

07.11.2016
Қаралды: 1008

Өткен аптада редакцияға газетіміздің тұрақты оқырманы шымкенттік Шырайгүл Мәделханқызы хабарласты. 

Жасы сексенге таяғанына қарамастан бұл кісі Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ұл-қыздары мен немерелерін аралап, әрбірінің үйінде қонақ болып жүруді әдетке айналдырған. Қайда жүрсе де қоғамда болып жатқан мәселелерді «Замана» газетінен біліп отыратынын айтқан Шырайгүл апа бұл жолы газетіміздің өткен нөмірінде жарық көрген «Тарифті жөнсіз көтеріп, тайраңдау дұрыс па?» деген мақалаға байланысты білдірген пікірін мүмкін болса газетке өзгертпестен басуды өтінді. Ол кісі былай дейді:

«Жерім талауға түскелі, тілім қамауға түскелі ұйқым қашып, тілім тиылған қазақтың кемпірінің бірімін. Ішімдегі шерімді шығарып, ой-арманымды айтып мұңымды газетке жазар едім, бірақ одан не өзгереді? Жерімді, тілімді қорғап, шындықты зарлап жазып жатқандар қаншама? Соған құлақ асып, жауап берген ешкім жоқ қой.

Осыған күйініп жүргенде «Замана» газетіндегі «Тарифті жөнсіз көтеріп, тайраңдау дұрыс па?» деген мақаланы оқып, күлерімді де, жыларымды да білмедім. Бағаның көтерілгеніне қуанып қол соққан деген не сұмдық? Олар жанды адамдар емес робот болғаны да. Басқаша болуы мүмкін бе?

Сүйін Әбілда баламдай азаматты дүниеге әкелген анадан айналайын! Алланың шапағаты қолдап, осындай азаматтар көп болса, біздер бұлай жер, су, тіл деп зарлап жүрмес едік. Тарифті қымбаттату – онсыз да күнін әзер көріп отырған қарапайым халықтың соры. Ал Бақтияр Аталықов секілді басшылар қызметте жүргенде халықтың мүддесі қорғалмайтыны анық».

Кейуана осылай дейді. Бұған кім қосылады, кім қарсы, оны өзі білер. Бірақ қолында қызметі барлар бекерге шірене бермей, қарапайым халықтың айтқанына құлақ түргендері дұрыс-ау.

Ұ. ТӘМЕНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ