Граниттен бордюр қойып, лотокты ауыстыру не үшін керек?

07.11.2016
Қаралды: 1229

«Замана» газетінің өткен нөмірінде «Шымкенттің жолдары неге шұрық тесік» деген тақырыппен мақала жарық көрген болатын. 

Онда «Қайтпас-1» ықшамауданындағы бір көшенің көлік жүре алмайтын жағдайға жеткені баяндалған еді. Негізі Шымкентте көшелердің барлығы солай деп ойлағандар қателеседі. Бізде жөнделген жолдар да аз емес. Тіпті болашақта гранит төселген көшемен жүресіңдер десе оған да таңданудың қажеті жоқ. Себебі оның алғышарттары жасала бастағандай. Ол үшін дағдарыс та, Елбасының мемлекеттің қаржысын тиынына дейін үнемдеңдер деген тапсырмасы да әсер етпейді.

Қазан айының соңғы күндерінен бастап қаладағы Тәуке хан даңғылында көлік кептелісі жиілеп кетті. Оған себеп, жолдың екі шетін біреулер қазып жатыр. Кешегі аптада мұның себебін білмек ниетпен жол жиегіндегі жұмысшыларды әңгімеге тартып, олардан не істеп жатқанын сұрадық.

Байқағанымыз, бір мезгілде екі жұмыс қатар жүріп жатыр екен. Біріншісі – жер астымен электр желісін тарту. Ал жолды бұзып, граниттен бордюр орнатып, лотоктерді ауыстыру жұмысы «Отау строй» компаниясына жүктеліпті. Дағдарыс алқымнан алып, мұнай бағасы құлдилап, теңгеміз теңселіп тұрғанда көшеге граниттен бордюр орнату кімге қажет болғаны белгісіз.

Халықаралық стандарт бойынша жолдың ортасы екі шетіне қарағанда биіктеу болы керек. Бұл жаңбыр жауып, қар ерігенде судың жол үстінде тұрып қалмай, жиектегі арыққа құйылуы үшін жасалады. Ал Шымкентте жолдың екі шеті бордюрмен бекітіліп жатыр. Сонда жиылған су қайда барады?

Осыны сұрағанымызда жол жиегіндегі жұмысшыларға басшылық жасап жүрген  «Отау строй» компаниясының маманы Ерғали Құдайбергенов әр жерге суағар қойылатынын айтты. Демек, қатты жаңбыр болған күндері ағатын жер таппаған судың жол үстін көлшікке айналдырары анық.

Алынып тасталып жатқан бұрынғы лотоктер де ескі емес, пайдалануға әбден болады. Олай болса, тұрған лотакты ауыстырып, граниттен бордюр қою кімге және не үшін керек? Егер сол бордюрді қою шарт болса, онда бетоннан құйылғандары бар емес пе? Жалпы, бұл жерде үкіметтің қаржысына жаны ашымастықтың белгісі бар секілді.

Қысқасы, бұл бәсекелестіктің басы іспеттес. Астанада алтыннан жасалған унитаздың сатылымға түскенін  естігеннен кейін Шымкенттің шенділері гранитті жолмен жүйткігенге не жетсін деп шешсе керек. Бірақ басқа жолдар шұрық тесік болып жатқанда бір даңғылды граниттеп қойғаннан пайда бар ма? Қаламыз содан ерекше көркейіп кетеді дегенге сенесіз бе?

Ұ. ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ