«Біркөлікке» бардым, не көрдім?

07.11.2016
Қаралды: 1558

Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Біркөлік шат­қалында орналасқан  «Біркөлік» емдеу-сауықтыру мекемесінде ем алып, демалып қайтқан едім. 

Ол маған табиғаты тамаша, жанға жайлы, ауасы мен суы дертке шипа керемет демалыс орны ретінде қатты ұнады. Оған жергілікті адамдар жиі баратынын, тіпті бір жылда екі-үш мәртеге дейін демалып, ем алып қайтатынын естідік. Қызметкерлері де сыпайы, ізетті жандар екен, көрсеткен қызметтеріне риза болдық. Тамақты бес мезгіл береді, онысы да сапалы әрі дәмді. Оған қоса жергілікті тұрғындар әкелетін саумал мен қымыз да денсаулыққа өте пайдалы екен.

«Біркөлікке» еліміздің барлық аумақтарынан адамдар барып демалатынын білдік. Сұрастырғанымызда дәл сол кездері онда 268 адамның демалып жатқанын естідік.

Дегенмен кейбір кемшіліктер де жоқ емес. Онда әбден ескірген, үстінен бірнеше рет сырланған «Библиотека» деген жазу тұр. Шамасы ол «Біркөлік» ашылған 1975-жылы жазылған болса керек. Осы жерден қою қара бояумен жазылған «Библио тека» деген жазуды да көруге болады. Сонда «Библио тека» деген сөздің астарында не жатыр?  Неге «Кітапхана» деген қазақша, мемлекеттік тілдегі сөз жоқ? Тіл жанашырлары мұны неге көрмейді?

Міне, осы жазу көкірегімнен итергендей болса да сол «Библиоте­каның» ішіне кірдім. Кітапханашыдан «Біркөлік» жайлы деректеме кітапша сұрап едім, ол: «Бізде ондай ештеңе жоқ. «Біркөлік» туралы анықтама регистратурада ілулі тұр», – деді. Сондай-ақ мұнда Төлеби ауданының тарихы, аудан туралы жазылғ­ан кітаптар, деректер де жоқ екен. Сосын: «Онда Оңтүстік Қазақстан облысының тарихы туралы не бар, соларды бере қойыңыз», – десем, кітапханашы: «Ондай кітаптар жоқ. Басқа кітаптар алыңыз», – дейді.

Қысқасы, «Библио теканы» көріп құлазыған көңілім бұл кітапханадан одан бетер жүдеп шықты.

Содан шыға берістегі оң жақтан шеттері қазақша өрнектелген тақтадағы жазуға көзім түсті. Онда «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды» деп жазылыпты. Меніңше, ол дұрыс жазылмаған. Қазақ атам заманнан бері «Ас тұрған жерде дерт тұрмайды» демеуші ме еді?

Ал осының бәрін ақылымыздың асқанынан, біліміміздің озғанынан дейміз бе?

Деректерге сүйенсек, «Біркөлікке» жылына 8 мыңдай адам барып ем алып, демалады екен. Бәрінің де ол жайлы пікірі жақсы. Маған да бұл жердің қатты ұнағанын жоғарыда айтып өттім. Дегенмен көзіме түскен кемшіліктер де мені бейжай қалдырмады. Өйткені Оңтүстік Қазақстан облысының қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары, тілі, қысқасы, барлық құндылықтары жақсы сақталған өңір ретінде өзге аймақтарға үлгі-өнеге екені белгілі ғой. Сондықтан бағаларыңызды түсірмегендеріңіз, көпшілік көретін, оқитын орындардағы олқылықтарды түзеткендеріңіз жөн болар еді. Тіл абыройы бүкіл елдің абыройы емес пе? Қасиетті тілімізді қастерлейікші, ағайын!

Тағы бір ойым, «Біркөлік» көбірек көңіл бөліп, жағдай жасаса демалушылардың бұрынғыдан да көп баруына лайық орын болып көрінді. 50 шақырымдай қашықтағы облыс орталығы, халқы миллионнан асатын Шымкенттің тұрғындары  апта сайын барып ем қабылдап, демалып қайтатын орнына айналып кеткелі тұрған сияқты.

Жарайды, менікі сырт көз, пікір ғой. Дегенмен барымызды бағалай білсек қой, шіркін!

Нұржігіт БӘЙДІБЕКОВ,  зейнеткер.

Тараз қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ