Дертті жандардың үмітін оятқан Үміт емші

06.11.2016
Қаралды: 1904

Ол кісіні жұрт «Құдірет қонған әйел» деп атайды екен. Өйткені ол туа-бітті көзі көрмейтін, құлағы естімейтін адамдарға да шипа дарытатын қасиетке ие деседі. 

Әлеуметтік желілерден Айзада деген қыздың бұл емші жайлы: «Таныс бір апамыздың көзі соңғы екі-үш жылда көрмей қалған, қаралмаған жері жоқ еді. Алматыдағы Үміт апайға барғаннан кейін көзі кәдімгідей көре бастады. Айтуынша, әлгі апайға құлағы естімей қалған бір қыз барған екен, емнен кейін ақырындап айналадағы шуды еститін болыпты», – деген жазбасын оқығаннан кейін біз Үміт Құтжанованың (суретте) өзіне хабарластық.

– Үміт Балапанқызы, сізді құлағы естімей, көзі көрмей қалған адамдарды да емдей алады деп естідік...

– Оның бәрі мына бір жайдан басталған. Менің бір көршім Ақниет деген қызын алты жастан ас­қанда мектепке жіберу үшін медициналық тексеруден өткізгенде қыздың бір көзі көрмейтіні анықталған екен. Дәрігер­лер туылғаннан солай болған деген қорытынды берген. Сөйтіп Ақниет мү­гедек деп танылып,  зағиптар мек­тебіне жіберілген. Мұның қалай, қашан пайда болғанын білмей, анасы аң-таң, туылғаннан көрмеген болса біз неге байқамағанбыз деп жылайды. Бір күш жетелегендей болды да, мен көршіме: «Қы­зыңды маған әкел, емдеп көрейін», – дедім. Үш күн дем салып, нәтижесін кө­рейік деп тексертіп едік, 3,5 пайыз көретін болып шықты. Мұны естігенде көршім екеуміз Алланың құдіретіне бас иіп, таңға дейін құлшылық еттік. Осылай тағы бірне­ше рет дем салдық. Қазір Ақ­ниет жұрт қатарлы мектепке барып жүр. Екі көзі де тәуір көреді.

Мұндай әңгіме тез тарайды екен. Бір күні 70 жастағы атай келді. Глау­кома көрінеді. Бастапқыда көзі суланыпты. Кейін қышитын болыпты. Сосын қызарып, ет өсіп, ақыры көз жанары бір­тіндеп сөніп, соңғы жеті жылда көруден қалған. Алланың құдіреті мен мейірімі шексіз, ал Құранның қасиеті түпсіз терең ғой, соған арқа сүйей тәуекел етіп, өзімді тағы да сынаққа салдым. Жетінші күн дем салған соң баласы жетектеп, мен жанына еріп, далаға шықтық. Сонда есік алдында өсіп тұрған ағашты, оның жапырақтарының желге тербел­генін көргенде әлгі кісі ағашты құшақтап, жылап жіберді.

– Сонда ондай адамдарды тек дем салу арқылы ғана емдейсіз бе?

– Иә, олар көзін ашып, Аллаға сиынып қарсы алдымда отырады. Мен дем саламын. Ал «зрениесі» нашар адамдардағы нәтижені анықтау үшін алдыма әріптер жазылған қағаз іліп қойғанмын. Олар 3 – 7 күнде жақсы көре бастайды. Дегенмен жағдайға қарай үзіліс жасап, қайта дем салатын кездер де бар.

– Ал құлағы естімейтіндерге қандай ем жасайсыз?

– Ол да Алланың құдіреті мен Құранның қасиеті. 24 жастағы бір қыз келген. Құлағы естімейді екен. Көп жылдар аппарат таққан. Бірақ жүйке талшықтары өлі болғандықтан аппараттың да көмегі болмай қалған соң жәрдем сұрады. Сол қыз бесінші күні Құран даусын естіп, жан-жағына алақтай бастады. Ал жетінші күні білдірмей арт жағында тұрып, жай ғана атын атап едім, жалт қарады. Сосын жылап жіберді. Осы жағдайлардан кейін маған көзі мен құлағы ауыратындар ағылып келе бастады.

– Кімнің қай жері ауыратынын қалай білесіз?

– Ауырған жерді тамыр ұстау арқылы анықтаймын. Отбасылық қиындықтар, жолы байлану, кәсіптегі ке­дер­гілердің себебі мен шешуін тәспі тарту арқылы білемін. Тәспімен тіл-көзден болған ауруларды да білуге болады. Ал әдейі бағытталған ырым, сиқыр, дуа, жын кірген адамдарды көзіне қарап анықтаймын.

Адамның бойына жын қалай кіреді?

– Жын кірген адамның жанары нұр­сыз, суық, сұсты болып келеді. Жындар да еркек және әйел болып бөлінеді. Мен тесі­ле қарағанда еркек жын болса көзін тайдырып, жанарын алып қашады. Ал әйел болса ұрысқысы келіп, «иесін» түр­тіп ашуландырады. Құран оқи бас­тағанда қарсыласып, өзіңмен ұрыстырады. Негізі әйел жын­ды шығару қи­ындау, өйт­кені ол өзіңмен арпалысады. Дегенмен дуа, сиқыр, тіл-көз, зиян, жынды 5 күнде қайтарамын.

Жын кешкі апақ-сапақта жүр­генде, кірдің суын, қоқыс тасталған лас жер­лерді басқанда, қараңғыда қуыс жерлерден өткенде жабысады, қатты ызалана ай­қайлап ұрысқанда ауыз ар­қылы кіреді. Мұндайда адамның мінезі күрт өзге­реді, ашуланшақ, ұрыс­қақ болады. Диагнозы анықталмайтын аурулары көбейеді, жүйкесі сыр беріп, тіпті жындыханаға түсіп қалатындары да бар.

Жақында бір кісілер маған 28 жас­тағы ұлын әкелді. Табан астында мінезі өзгеріп, дау іздейтін әдет пайда болыпты. Әйелі мен кішкентай баласын себепсіз ұрып тастай береді екен. Ақыры келіншегін үйден қуып жіберген. Байқасам, оған біреу дуа жасамақ болған. Ол жын болып жабысқан. Алғашқы оқығанда-ақ көздері алақандай болып, ашуланып отырған жігіт сабырға келіп, есін жиды. «Әпкетай, ішімнен біреу бірдеңені суырып бара жатқандай болды да, бойым жеңілдеп қалды», – деді. Бес күн оқытылды, қазір керемет отбасы болып отыр.

Осыдан екі жыл бұрын жап-жас, үш баласы бар келіншекті емдедім. Бойындағы өзгеріске онша мән бермеген, ақыры асқынып, емге көнбей, жүйке аурулары диспансеріне тір­кеуге алып, тіпті жындыханаға жатқызып қойыпты. Туыстары диспансерден қолхат арқылы шығарып алып, маған әкелді. Бойындағы әйел жын екен, кірмеймін, емдел­меймін деп үйді айнала қашты. Сүйреп жаныма әкеліп еді, өзіме тап бермек болды. Құранымды үзбедім. Оған үш күн дем салдым. Аллаға шүкір, қазір бала-шағасының қасында. Есептен шығарылған. Базарда сауда жасайды.

– Өзіңіз жайлы айта кетіңізші.

– Мен Алматы облысының Талғар ауданындағы Талдыбұлақ ауылында тұрамын. Республикалық «Халық және рухани емшілер» орталығында бойымдағы қасиет, алақандағы қуат, адам емдеудегі тәжірибем бойынша сынақтан өткеннен кейін сарапшылар «Әлем емшісі» деп таныды. 1958-жылы туыл­ғанмын, 58 жастамын. Бір үлкен әулеттің отын жағып, ұрпағын өрбітіп отырған қарапайым анамын.

Негізі маған емделушілер түрлі аурулармен келеді. Оларға қолданатын құралым – қасиетті Құран аяттары. Адамның жағдайы мен ауруына қарай 3 немесе 7 күн дем саламын. Кейбіріне алақаннан жылу жіберемін.

– Әңгімеңізге рахмет, ісіңізге сәттілік тілейміз.

Емші Үміт Құтжанованың байланыс телефондары: 8-776-286-05-55, 8-777-232-79-26.

Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ