Құбырларды қыс түскенде ауыстырып жатқаны қалай?

07.11.2016
Қаралды: 1359

Оңтүстік Қазақстан облысында бюджеттік мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлер жылу маусымына дайын. 

Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым мәлімдеген болатын.

М.Марайымның айтуынша, Оңтүстікте 13-қазан күні ауа райының күрт төмендеуіне байланысты облыстық әкімдікте селекторлық мәжіліс өткізіліп, бюджеттік мекемелерге жылу беру тапсырылған. Сонымен бірге М.Марайым мырза осы жиында: «Жылу құбырларына су толтырыла бастады. Станция жылу беруге дайын. Қаладағы қалған жылу құбырларына жөндеу жұмыстары 20-қазанға дейін толық аяқталады. Жалпы, жылу беру маусымына дайындық барысы бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда», – деген болатын. Ал сол кезде Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Талғат Қасымбеков: «Қаладағы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 2278 көпқабатты тұрғын үйлерден дайындалғаны – 2242, қалған 36 үй 15-қазанға дейін толық дайын болады», – деген еді.

Бірақ жағдай М.Марайым мен Т.Қасымбековтің айтқанындай болмай шықты. Бүгінде кей жерлерде үйлерге жылу әлі берілген жоқ. Әрине, бюджеттік мекемелерде жылу бар. Әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшылардың көпшілігі жер үйде тұратындықтан өздерінің үйлері жылы. Бүгінде көпқабатты үйлерде тұрып жатқандардың көпшілігі зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасылар. Жылу бірінші осыларға берілуі керек емес пе? Бірақ Шымкентте олай болмай шықты. Қараша айы басталғанына қарамастан әлі де жер қазылып, жылу жүйелері жөнделіп жатыр. Сонда Т.Қасымбековтің 2278 көпқабатты тұрғын үй 15-қазанға дейін толық дайын болады деген уәдесі қайда қалды? Егер дайын болса, кей үйлерге жылу неге берілмей жатыр?

Мұндай үйдегілердің кейбірі суықтап қалмас үшін үйін электр қуатымен жылытса, екіншілері қауіптілігіне қарамастан ас бөлмедегі газды жағып қоюға мәжбүр.

Осы орайда бізге Шымкенттегі 11-ші ықшамауданның тұрғыны Павел Кессуди есімді азамат хабарласты.

«Көктем мен жазда коммуналдық мекеме  қызметкерлерінің қыбырлағанын көрмедік. Күз түсіп, күн суытқанда жылу құбырларын ауыстыруды бастады. Неге осылай істейді? Мұны әкімдіктегілер неге бақылауға алмайды?» – дейді ол.

 Біз кешегі сәрсенбі күні Шымкенттегі Орынбай ақын көшесінде жылу құбырын жөндеп жатқандарды көрдік. Барып, әңгімеге тартқанда өзін «Қазойлсервис» мекемесінің қызметкері Жасұлан Ашоков деп таныстырған жас жігіт диаметрі 500-дік құбырларды 630-дік құбырлармен ауыстырып жатқанын, жұмыс­тардың әрі кетсе бір аптада бітетінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, жылудың толық берілмей жатқанына қалалық жылу беру орталығы кінәлі секілді.

Сонда М.Марайым мен Т.Қасымбековтің қысқа толықтай дайынбыз деген сөздері қайда?

Ұ. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ