Халал тойдан мас боп қайтқан жеңешем

02.11.2016
Қаралды: 1478

Сіңлім Оңтүстіктің мақталы ауданындағы бір ауылға күйеуге шыққан. Жақында үйлену тойлары болды. 

Той мен құдалықты бірге өткізетін болғандықтан ата-анам және әулеттегі өзге де үлкендермен бірге «спринтер» көлігін жалдап бардық. Той дастарханына арақ қойылмайды деп алдын-ала айтылған. Оған қуанбасақ ренжігеніміз жоқ.

Жалпы, тойда арақ қойылмаған дұрыс екен. Бәрі ішпей-ақ жас жұбайларға ақ тілектерін арнап, құдалар бір-бірімен арқа-жарқа әңгімелесіп, өте жақсы өтіп жатқан. Бір кезде жаныма жеңешем келіп: «Қыз-ау, осылай құрдан-құр отыра береміз бе?» – деп сыбырлайды. Алғашында оның нені меңзеп тұрғанын түсінбей қалдым. «Тойдан сап-сау боп қайту ұят емес пе?» – дегенін естігенде оған жақтырмағанымды білдіріп бажырая қарадым. Оны менің ішкі ойым қызықтырып тұрған жоқ. Қолымнан сүйрелеп, жүрші-жүршілеп сыртқа ертіп шықты. Сөйтті де тойхананың жанындағы шағын дүкеннен өзі сыра алып ішіп, темекі тартты. «Мұндай болатынын білгенде келмес едім, не мынау», – дейді маған. Мен үндемей құтылуды жөн көрдім.

Біздің тыста тұрғанымызды көрген құданың інісі: «Құдашалар, сыртқа шығып кеткен­деріңіз не? Дастарханға отырмайсыздар ма?» – деуі мұң екен, жеңгем «өкпе-ренішін» жайып салсын. «Айыптымыз, құдағи. Қазір ұйымдастырып жібереміз», – деген құда жүгіріп кетті. Сәлден соң жеңгемнің алдына арнайы ақ шәйнек келді. Оның ішіндегі «шайды» құданың өзі құйып, бір-екі кесесін ішкеннен кейін ғана жеңгемнің шекесінің тырысқаны жазылып, реңі кірді. Одан кейін оның алдына қанша шәйнек келгенін байқамаппыз. Тойханадан шыққанда жеңгем удай мас, аяғынан тұра алмайды. Ол да әшейін екен. Қызықтың көкесі көлікке отырғанда басталды.

Құдалар жол аяқ жасап көлікке отырғызып, шығарып салғаннан кейін үлкендер жағы риза болысты. Бір-біріне қарап: «Арақсыз-ақ тойды қызықты етіп өткізуге болады екен-ау. Не деген тамаша той болды», – деп қауқылдасып  жатқанда жеңгем: «Бәрің не деп оттап отырсыңдар? Маған дым да қызық болмады», – деп шу шығарсын. Анам мен әкеме қарап: «Құдаларың қоймаған арақты өздерің қойыңдар. Көлікті тоқтатып маған арақ әперіңдер», – деп байбалам салды. Түн жарымынан ауғанда қандай дүкен ашық тұра қояды дейсіз. Бірақ жеңгем оны түсінетін халде емес. Есіл-дертінің бәрі араққа ауып кеткен. Оның қай жерден, қалай «тойып» алғанын үлкендер алғашында түсінбей қалған. Кейін шәйнекпен әкеп бергенін көргендер айтқанда олар: «халал тойды арамдайтындар шығады өстіп», – деп күлісті. Өйтпегенде қайтсін?

Сонымен, не керек халал тойдан масайып қайтқан жеңешемізбен алысып, таң алдында Шымкентке әзер жеттік. Бір жағынан жолдың ұзақтығы, бір жағынан жеңгеміздің арақ дауы шаршатып, ертесіне кешке дейін ұйықтап есімізді әзер жидық. Өмірде осындай да қызықтар болып тұрады екен.

Ақбөпе.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ