Алпыстан асқан шағында ақындық қонған апа

02.11.2016
Қаралды: 882

Таяуда редакциямызға Сайрам ауданы, Қарасу ауылынан Тәнімгүл Шонтықова есімді кейуана келді. Қолында оқушы дәптері бар. 

Өлеңдерін газетке жариялау үшін келгенін айтқан апа көкек аналарға, қарт­тар үйін паналаған қарияларға, жас келіндерге арналған өлеңдерін оқып берді. Біз ол кісімен біраз әңгімелестік. Сөйтіп оны оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

«Қашаннан бері өлең жазасыз?» деген сұрағымыз­ға Тәнімгүл Жайлауқызы: «Негізі, анам Ұлташ өте өнерлі кісі еді, ән айтатын, аздап ақындығы да болатын, – деп бастады әңгімесін. – Анамнан қонған қасиет болуы керек, мен де бала күнімнен ән айтатынмын, бәрі менің өнерімді тамашалайтын. Бір күні үйге қартаңдау бір апа келіп, мені айтысуға шақырды. Бес жастағы менің тілімді қызық көрген болуы керек. Сонымен, айтыстың соңында апа: «Сен мені жеңдің, қызым», – деп мойнындағы нәзік моншағын шешіп, менің мойныма салды. Ертесіне қатты ауырдым. Осыдан кейін апам  мені көптің алдына шығармайтын болды. Шамасы, көз тиіп қалды деп қорыққан болса керек. Өлең шыға­руымды да тоқтатты. Апамның қорқатынындай да бар. Ол кісі он бес құрсақ көтеріп, соның үшеуі ғана аман қалған. Мен анамның он үшінші перзентімін. Менен де айырылып қаламын деп қорықты ма, шектеу қойып тастады. 

Сонымен, 9 жасыма дейін анамның кенжетайы, еркетайы болдым. 9 жасымда ол кісі дүниеден озып, аға-жеңгемнің қолында қалдым. Бұл кезде әкемнің өз отбасы бар еді. Балалары шетіней берген соң анам әкемді өзі үйлендіріп, бөлек шығарған. Бірақ көршілес тұратынбыз. Өгейдің аты өгей ғой, анам қайтыс болған соң көп қиындық көрдім. Он алты жасымда әкем де дүниеден озды. Жетіспеу­шілікті де көрдік. Сөйтіп аға-жеңгемнің үйінен он сегіз жасымда ұзатылдым. Биыл отасқанымызға тура елу жыл болыпты.

Өлеңді серік етіп келе жатқаныма көп бола қойған жоқ.  Біраз уақыт ауылдан сүт жинап, оны Шымкентке апарып сатып жүрдім. Бір күні  жаныма бір қарт адам келіп,  суырып салып өлең шығарып тұр. Ата, тоқтай тұрыңыз, мен жазып ала­йын дегенше әлгі кісі: «Болды, кетіп қалды», – деді. Сол кісіге қатты қызыққаннан бала күнімде тұншығып қалған өнерім қайта тұтанып,  мен де өлең шығаратын болдым. Ең алғаш­қы өлеңім қарттар үйін паналаған  қарияларға арналды. Ата-ана баласын жеткізу үшін не істемейді? Мысалы, өзім жаздың ыстығы мен қыстың суығына тоңып, ауылдан сүт жинап, оны қалаға әкеп сатып жүріп, жетілдірдім балаларымды. Сөйтіп қиналып жүріп, енді қызығын көремін ба дегеніңде олар қарттар үйіне апарып тастаса, күніміз не болады деген бір үрей пайда болды көңілімде, сөйтіп осы өлең шықты. Кейін балаларын қоқыс жәшіктерге тастап кетіп жүрген көкек аналардың қылықтарына қынжылдым. Сөйтіп:

«Шырылдаған шымшық та тастамайды баласын,

Зар жылатып балаңды қандай опа табасың?

Кішкене ғана шымшық та шырылдап қорғар баласын,

Шымшық құрлы болмаған қатыгез қандай анасың», – деп жаздым.

Осылайша біраз жылдардан бері өзін толқытқан нәрселерді өлеңге айналдырып, дәптеріне түртіп қоятын апа енді кітап шығаруды ойлап жүр екен.

«Қандай келін болдыңыз? Қазір қандай енесіз?» деген сұрағымызға Тәнімгүл Жайлауқызы: «Ой, мен керемет келін болдым, данышпан енемін», – деп өзімді мақтағым келмейді. Қандай екенімді жанымда жүрген адамдар айтар, бірақ бір қасиетім  – турасын бетіне айтамын. Өзім де таңыр­қайтын бір күш бар бойымда. Оны тұңғыш келінімді түсіргенде байқадым. Ұлым жүріп жүрген қызын үйге әкеліп таныстырып, кейін келін етіп әкелді. Барымызды салып дайындалдық. Бір кезде ұлым: «Апа, келініңіз көліктен түспей отыр», – дейді бәсең үнмен. Баламның жүзіндегі үрей қатты әсер етті білем, үйден атып шығып, көліктің есігін аштым да келінімді отырған жерінен көтеріп алып, аяғын жерге тигізбей үйге алып кірдім. Қазір келінім ұлыммен тату-тәтті тұрып жатыр, бала-шағалы. Осы жай есіме түссе әлі күнге сондай күш қалай пайда болды екен деп ойланамын».

Тәнімгүл апа келіндеріне:

«Азғырмағын, баламды,

Әлпештеп мен де өсіргем.

Балаңа қалай қарасаң,

Мен де солай жеткізгем», – деп құлаққағыс жасап қо­йыпты.  

Жалпы, өнер мен білім жас таңдамайтын болса керек. Ендеше, Тәнімгүл апаға өнеріңіз өрге жүзсін, жазарыңыз көбейсін дейміз.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ