Біз Жанат Тәжиеваға сенеміз

01.11.2016
Қаралды: 2769

Достарым! Бәріңіз алаңдаулы едіңіз, жақсы жаңалықтың жаршысы болайын.

Кеше тұрғындармен арнайы жолығу үшін Жанат ханым біздің «Қайтпасқа» келді. Неткен сүйкімді еді! Жұп-жұмсақ дауысымен: «Сәлеметсіздер ме, құрметті тұрғындар?» – деді. Мынадай интеллигенцияны көрмегенімізге біраз болған халайық автобусымызды ұмытып, талдырмаш сұлуға тамсанып қарап қалыппыз. Әсіресе ер-азаматтар костюм-шалбар кимегеніне ұялып, мынадай ғажаптың қасында бойларымызды тік ұстап, түзу тұра бастадық. Ішімнен: «Вот это педагог!» – деп қоямын.

Жүрген жерінде ұстаз екені байқалып тұрады екен. Бұрын таныстығым жоқ, лентадан аққұба жүзді суретін көріп, орыс ұлтынан немесе «обрусевшая» қазақ шығар деп ойлағанмын. Білмеймін, әйтеуір қазақша білмейтін сияқты көрінетін.

Бір уақытта жиналған жұртты баурап алып, әдемі афоризм мен көсемсөздерді мәтінге келтіріп мәселені айта бастағанда бәріміз таңырқадық. Кәдімгі әдебиет сабағы немесе, әдеби кеш өтіп жатқандай болды. Ғажап!

Қаншама креслода отырған сұлуларды білемін, ал бұл кісінің бойынан олардың көбінен көрінбейтін харизманы байқадым. Бәріміз арбалып қалғандай болып тұрғанда Жанат ханым: «Заңда шалғай ауданға үш километр қашықтан асса ғана автобус бөлінеді делінген. Сіздер нағыз қала орталығы, мықты ауданда тұрасыздар. Әрине, мектеп қашық болғанымен мына тұста тағы бір мектеп бар. Қазір ол мектеп басшыларымен бірге келдік. Балаларды №72-ші мектептен алып қайтатын қоғамдық көлік қою үшін арнайы транспорт бөлімі де келе жатыр. Қазір осы бөлімнің мамандарын күтейік», – деді.

Ауданымызды мақтаған соң кеудемізді мақтаныш кернеді ме, жан-жағымызға қарап, иығымызды тіктеп тұрдық. Бір қызығы, «шалғай аудан» сөзі ғана аудан оқушыларының 4 шақырым жолына автобус бөлінуі үшін кедергі болып тұр.

Сонымен не керек, транспорт бөлімінің мамандары да келіп жетті. Биылғы жартыжылдыққа, мектептен қоғамдық көлік ұйымдастыруды осымен екінші мәрте уәде еткен транспорт бөлімінің қызметкерлері тұрғындардан: «Не қалайсыздар?» – деп сұрады. Тоқтамай, бір-біріміздің сөзімізді бөліп жарты сағат сөйледік. Бір уақытта Жанат ханым: «Менің оқушыларымды мектептен үйлеріне жеткізетін қоғамдық көлікті қолға алыңыздар. Маған уәде бермесеңіздер болмайды», – деді.

«Менің оқушыларым» дегеніне қалай риза болмайсың?! «Оқушы менің баламдай», – деді. Мейірімді, кең жүректен шыққан сөз.

Транспорт бөліміндегілер бұрынғы әдетімен: «Дүйсенбіден бастаймыз», – деді. Негізі біз жылдың басынан бері осы «дүйсенбіге» жете алмай келе жатырмыз.. Бірақ келесі дүйсенбіге үміт артамыз. Өйткені оқушылардың сөзін сөйлеп қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева тұр. Біз оған сенеміз!

Жанна ТӨЛЕНДИЕВА.

(«Фейсбуктегі» парақшасынан).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ