400-ден аса адам келген тойдан 16 мың теңге пайда көріпті

01.11.2016
Қаралды: 1731

Таяуда бір көршіміз келін түсірді. Өзі зейнеткер, сыйлы азамат, 4 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген, құда-жекжаттары жетерлік, қызметтестері, дос-жарандары,

 құрбы-құрдас­тары, таныстары мол ол кісінің тойына 400-ден аса адам келіпті.

– Қалай, тойды аман-есен өткізіп алдыңыз ба? – деп ертеңіне жолығып, жағдай сұрадым.

– Құдайға шүкір, аман-есен өтті ғой, – деді ол кісі. – Тойға шақырылған 440 адамның 70- 80-і келмейтін шығар деп есептеп, 350-ден аса орынға тапсырыс берген едік. Қонақтар толық жинал­ған соң төрт үстелді қостырдық. Соның өзінде үйленіп жатқан ұлымның біраз жолдастары орын болмай түрегеп жүрді. Оларға шетке таман орындықсыз бір үстел қойдырып, керекті тамақтарды жеткізіп тұрдық.

– Шығындарыңыз өтелді ме әйтеуір? – дедім ол кісінің сөзін бөліп.

– Иә, барлық шығынды есептегенімізде 16 мың теңге артылды.

– Жақсы болған екен. «Құдайға шүкір» өткізуге де қаражат қалған екен ғой, – деп едім, көршім:

– Иә, солай болды, – деп қарқылдап күліп жіберді. Ол кісіге қосылып мен де күлдім.

– Иә, бұған да тәубе дегеніміз дұрыс, – деді көршім күлкісін тыйып. – Жазда бір танысым той өткізгенде шығынын өтей алмай, тойханаға кейін беремін деген 200 мың теңге жетпей қалып қиналған еді. Тойханадағылар қалайда ақшаны тауып келіңдер деп той иесін бір бөлмеге отырғызып, ақша әкелгенше шығармай қойған болатын. Түн жарымында бала-шағасымен тамыр-таныстарынан ақша іздеп, 100 мың теңге әрең тауып, қалғанына әйелінің жүзік, алқа, сыр­ғасын өткізіп, әрең шыққан еді.

– Апырай-ә, сондай да бол­ған десеңізші! – дедім мен аң-таң қалып.

...Тойшыл қандастарымыздың өмірінде осындай да жайлар болып тұрады екен.

Ж. ТӨЛЕУІШ.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ