107 рет үйленген Мұхаммед

01.11.2016
Қаралды: 978

Бүгінде әлемдік ақпарат құралдары Африкадағы Нигерия елінде тұратын 92 жастағы бір адам туралы қызықты жаңалық жариялап жатыр. 

Осы елдің Нигер штатына қарайтын Бида деген елді мекенде тұратын Мұхаммед  Белло Абубакар есімді бұл адамның 97 әйелі бар екен. Олардың көбі Мұхаммедтің немере-шөберелерімен қатар жандар көрінеді.

Бұл азамат осы жасқа дейін 107 әйелге үйленген екен, бірақ олардың 10-ымен ажырасып кетіпті. Бүгінде оның 185 баласы бар. Өзі тиемін дейтін әйел болса, үйленуден әлі де бас тартпайтынын мәлімдепті.

Бұл адам бұрын мектепте сабақ берген екен. Ол оған қоса Ислам дінін уағыздаушы болған. Дегенмен мұсылман ғалымдары оның осынша мәрте үйленгенін қоштамайды, мұны шариғатқа сәйкес емес деп айыптайды, бірақ Абубакар оған аса бас қатырмайтын сыңайлы.

Жалпы, осыдан 8 жыл бұрын, 2008-жылы әлемдік ақпарат құралдарында Мұхаммед Белло Абубакар жайлы жиі жазылған болатын. АҚШ-тың «Би-Би-Си» арнасы сол кезде 84 жастағы бұл адамның мынадай сөздерін жария еткен еді:

«Әйелдер маған емделуге өздері келеді. Менімен қосылуды өздері қалайды. Исламда 4 әйелге дейін алуға рұқсат бар ғой, бірақ одан көп алуға тиым салынбаған, ол үшін жазалау керектігі жөнінде де  сөз жоқ. Осынша әйелге жағдай жасауға Құдай өзі маған күш береді. Дегенмен басқа еркектерге 86 әйел алуға кеңес бермеген болар едім. Өйткені 10 әйелі бар еркектің өзі оларға жағдай жасай алмай өліп қалады».

«Би-Би-Сидің» хабарлауынша, бұл кісінің өзі де, әйелдері де жұмыс істемейтін көрінеді. Сол кезде 86 әйел, 170 бала-шағаның бір күндік асына жай күріштің өзінің ғана 40 килодайы жұмсалып жүріпті. Азық-түлікке ақшаны қайдан табасыз деген сұраққа Абубакар: «Құдай өзі көмектеседі», – деп жауап берген екен.

Аталған ақпарат көзінің жазуынша, Абубакардың бір әйелі оның ересек балаларын 200 найр (1,69 доллар) таппай оралмауға міндеттеп көшеге жіберетіні жөнінде айтқан көрінеді. Мүмкін олар сондай табыспен күндерін көретін шығар, кім білген...

2008-жылдан беріде оншақты әйел алып үлгерген қарияның олардан тағы да бірнеше бала сүйгеніне қарағанда, содан бері де талай «Тоқсанбай» өмірге келген сияқты.

«Естімеген – елде көп» деген осы да!

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ