Ойда-жоқта екінші әйелге ие болыпты

01.11.2016
Қаралды: 1938

Таяуда Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында тұратын туыстарымыз жиын өткізіп, соған қатысқан едік. 

Бір-бірін жыға танымайтын қонақтар  дастархан басында әр әңгіменің басын бір шалып отырған болатын. Бір кезде сол жердегілердің бәрі танитын бір адамның екінші әйел алғаны жайлы әңгіме басталып еді, жаңа ғана тартыншақтап отырғандардың бәрі жамырасып кетті. Ерлер жағы екінші әйел алған еркекті қоштап, әйелдер балалары өсіп қалғанда онысы несі екен деп біраз гу-гу болысты.

Бір кезде ортада отырған етжеңділеу әйел ернін сылп еткізіп: «Құдай-ау, сендер соны да әңгіме қылып отырсыңдар ма? Біздің ауылда екі әйел алған, екеуімен бір төсекте жататын адам бар», – деп қойып қалды. «Қой-ей, бұныңыз енді өтірік шығар?» – десті сол жерде отырғандардың бәрі бірдей. «Нанбасаңдар, осы жерден шыққан соң ауылға жүріңдер, үйін көрсетіп жіберемін, барып, өз көздеріңмен көріп қайтасыңдар», – деді әлгі әйел. «Шын айтып отыр, бір өтірігі жоқ», – деп оны жанында отырған ері де қостап қойды.

Енді бәрімізді осы тақырып қызықтырып, әлгі ерлі-зайыптылардан: «Сонда қалай болғаны? Бір үйде тұрса мақұл екен, бір төсекке қалай сиысып жүр екі әйелдің басы?» – деп жамыраса сұрадық. Әйел бір жөткірініп алды да былай деді:

«Әй, сол байғұстың екі әйел аламын деген ойында да болған жоқ негізі. Бәрі сол күнкөрістің, ит тіршіліктің қамы ғой. Әйтеуір кризистен көз ашпайтын бір заманға тап болдық қой біз. Сол 1995-жылдардағы кризис кезінде әлгінің әйелі төрт баласын күйеуіне тастап, саудамен айналысып кетеді ғой. Басында үйіне аптасына бір келіп, байы мен бала-шағасының ыстығын әзірлеп, үй-жайына қарайлап тұратын. Кейін үйіне соғуы жайлап сиреп, ақыр аяғында жоқ боп кетті. Сонымен еркек бес-алты жыл бойдақ жүрді. Ауылда ұсақ-түйек жұмыстар істеді, ешқайда ұзап кетпеді.

Содан бір күні оның үйіне хиджаб киген бір әйел келіп, ас-су сұрапты. «Бір тамағымды берсеңіз болды, кір-қоңыңызды жуып, бала-шағаңызға қараймын», – деп кірген әйел ақырында оған күйеу­ге шығып алған. Сөйтіп еркекті де намазға жығып, күндердің бір күнінде ауылдасымыз қысқа балақ шалбар киіп, иегіне шоқшитып сақал қоятын болып шықты.

Арада жылдар өтті, бүгінде екеуі төрт-бес балалы болды. Өздері ауылдағылардың ешқайсысымен араласпайды, ешкіммен тіс жарып сөйлеспейді. 

Бұрынғы әйелі ол екеуінің ерлі-зайыпты болып тұрып жатқанын біреулерден естіген бе, былтыр келді үйіне. Күйеуі үйіне жақындатпай қанша қуаласа да кетпей, қайтадан кіріп алыпты. Қазір үшеуі жап-жақсы тіршілік кешіп жатыр. Үшеуі бір төсекте жатады екен деп естиміз. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» ғой. Мүмкін еркектің өзі мақтанып айтты ма біреуге, әйтеуір біздің ауылға барсаңыз, мұны бәрі айтады.  Күні кеше ауылда біреу той жасады, әлгі еркек екі әйелін екі жағына алып, тойға барды. Соны көргенде: «Көңіл сыйса, бәрі сияды» деген рас екен ғой!» – деп таң-тамаша болып қалдық».

...Әйел әңгімесін осылай деп аяқтады. Ол кісінің айтуынша, әлгі кісілер бүгінде тыныш қана бірге өмір сүріп жатқан көрінеді.

Қ. ЖАРМАҒАМБЕТОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ