«Мутон шуба», «Норка шуба»...

01.11.2016
Қаралды: 1748

Бүгінде Шымкент қаласындағы «Әл-Фараби» сауда орталығында қыз-келіншектерге арналған «Эталон Меха» ішіктер жәрмеңкесі жүріп жатыр. 

Бас-аяғы 12 күнге созылатын бұл жәрмеңкеде ішіктің ондаған түрлері сатылуда. Біз кешегі сәрсенбіде аталған сауда орнына барып, ішіктер туралы мағлұмат алу үшін жәрмеңкенің сауда өкілі Артем Игнатьев есімді азаматтан сұхбаттастық.

«Сәнді  киінуді қалайтын бикештер үшін ішіктерді арнайы Ресейдің  Пятигорск қаласынан алып келеміз. Бізде шубалардың  жүздеген сәндік үлгілері бар. Мутон ішіктерін 140 – 200 мың теңге, ал норкаларды 350 – 600 мың теңге көлемінде сатылымға шығарудамыз. Алушылар баршылық. Несиеге алуға және ақысын үстеме пайызсыз бөліп төлеуге де болады», – дейді ол.

Сауда орнындағылардың айтуынша, биыл шубаға деген сұраныс артыпты. Оны бұл сауда орнынан күн сайын бірнеше адам сатып алып жатқан көрінеді. Ал біз сол жерде болған бір сағаттай уақыт ішінде топырлап келіп киім көріп жатқандарды көргенімізбен оны сатып алып жатқан адамдарды байқамадық. Шубаларды киіп көріп, аударыстырып-төңкерістіріп, фасонын, тағы басқадай жақтарын көріп жатқандар жүрді. Біз бір апаны әңгімеге тарттық.

«Мұндай ішікті көптен бері алғым келіп жүр еді. Базарға барып көрсем, бір ішікті 350 мың теңге деп тұр екен, ұнатпадым. Осы сауда орнында ішіктер жәрмеңкесі болатынын естіп, таңертең ерте келдім. Пенсиям 40 мың теңге. Несиеге берсе, алайын деп едім. Жас кезімізде арзан күртешелермен  жүре беретінбіз. Жасымыз ұлғайған сайын таза, қымбат ішіктер киіп жүргің келеді екен. Қазір кимесек енді қашан киеміз? Біздің базарларда Қытайдан әкелінетін ішіктер де бар, бірақ ақыры алғаннан кейін ресейлік таза ішікті алуды жөн көрдім. Бірақ әзірге ақшам жетіңкіремей тұр. Мұнда барлығы таза тауарлар екені көрініп-ақ тұр. Кредитке алуды шешіп тұрмын», – дейді Аманкүл есімді бұл кісі.

...Қысқасы, Шымкентте шуба жәрмеңкесі жүріп жатыр. Сатушылардың айтуынша, ол алдағы 6-қарашаға дейін жалғаспақ.

Г. СЕЙДУЛЛАҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ