Әкім болсаң, сені жамандайтындар да табыла кетеді

31.10.2016
Қаралды: 1653

Осыдан екі айдай уақыт бұрын Мақтааралда әкім ауысқаны белгілі. Бұрынғы басшы Жамантай Бейсенбаев облыс әкіміне кеңесшілікке ауысқаннан кейін ауданды бас­қаруға 

Шымкенттің Қаратау ауданында әкім болған Ғалым Исмаилов тағайындалған еді. Содан арада көп уақыт өтпей жеті ауылдық округтің әкімі сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен қамауға алынды. Жұртшылық бұл қалай болды деп отырғанда аудан әкімінің үш бірдей орынбасары мен аппарат басшысының қызметтен кетуі көпшілік арасында түсінбестік туғызды. Бұл туралы редакцияға хабарласқан Мұратхан Баймұрза есімді оқырманымыз былай дейді:

«Бұрынғы әкімдердің тұсында Мақтааралдан жазылған арыздардың алды Астанаға дейін жеткені белгілі. Бірақ Жамантай Бейсенбаев ауданды басқарған бір жылда соның барлығы тиылып, ауданда айтарлықтай оң өзгерістер болып еді. Бейбіт Атам­құлов оны кеңесшілікке алып кетіп, біздің ауданға Ғалым Исмаилов келді. Жас жігіт, қызметті алып кетер деген ойда жүр едік, бірақ Мақтааралдың тарихында оның аты «Құртқыш-әкім» деп қалатын секілді.

Мейлі, жеті әкімнің ұсталғанына қатысы жоқ шығар, бірақ үш орынбасары мен аппарат басшысын бірдей босатуы біздің ауданда кадрлық бизнестің ойындары басталып кеткен жоқ па деген сұраққа жауап іздеуге мәжбүрлейді екен. Естуімізше, тағы бірнеше ауыл әкімдері де қызметтен кетуге арыздарын дайындап қойыпты. Солардың барлығы бірдей өз еріктерімен жұмыстан кетеді дегенге бала-шаға сенетін шығар, бірақ біз сенбейміз.

Ел аузында: «Әкім мәселені өзі шешпейді, облысқа жау­таңдап, сол жақтың тапсырмасын орындайды. Мақтааралды облыстан басқарып отыр деген сөз бар. Егер ол рас болса, бұл жігіт бізде ұзақ уақыт тұрақтай алмайды-ау. Дегенмен адал істеймін десе қария болсақ та жұмысына қолдау білдіруге дайынбыз.

Президент әкімдер мен министрлерге барған жерлеріңе командаларыңды сүйрелегенді қойыңдар деп айтқанына бірнеше жыл болды. Бірақ сол тапсырма біздің шенділердің тарапынан орындалмайтыны өкінішті-ақ».

Біз бұдан кейін Мақтааралдың әкімі Ғалым Исмаиловқа  хабарласып едік, ол кісі өз пікірін былай деп түйіндеді: «Ешкімге қысым жасалған жоқ. Бір орынбасарым декреттік демалысқа шықты. Шамасы соңғы кезде ауданда орын алған оқиғалар әсер етсе керек, қалғандары өз еріктерімен арыз жазды. Ол кісілер қазір де келіп, хабарласып тұрады. Конкурстық негізде жұмысқа орналасу үшін құжаттарын дайындап жүр. Жұмыс болса, орналасады».

Әрине, жұмыстан кеткен бұл азаматтар біреудің қорқытқаны мен алдағанына көне қоятын жас балалар емес. Барлығы да бір-бір отбасының иесі, ел басқарып жүрген жандар. Олай болса, жұмыстан өз еріктерімен арыз жазып кеткені рас шығар деп есептейік. Әйтпесе осы кезге дейін біреуі болмаса біреуі шағымданар еді ғой.

Ә. НАУАЙЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ