Сіздің үйде бит бар ма?

31.10.2016
Қаралды: 3299

Газетіміздің өткен нөмірлерінде «Знахарь» қоңызының обырды жо­йып жіберетіні рас па?» деген тақырыпта мақала жарияланғаны белгілі. 

Яғни кәдімгі ұнға түсетін пітеге ұқсас осындай ұсақ жәндікті бүгінде рак ауруына ем деп сатып жүргендер мен оны емге деп суға қосып ішіп жүргендер бар екені туралы жазғанбыз.

Жалпы, бұл қоңыздың қаншалықты шипалы екенін бір Құдай біледі. Өйткені дертімнен соны қолдану арқылы айығып кеттім деп жүрген жанды көрмедік. Дегенмен осы мақала біздің есімізге  кәдімгі адамның денесінде тіршілік ететін битті түсірді. Яғни биттің гепатиттен арылтатыны туралы әңгіме есімізге түсті. «Айранға қосып ішкізген екен, ауруынан жазылып кетіпті» дегенді жиі еститінбіз. Ал бұл қаншалықты рас? Біздің осы сұрақ төңірегінде ізденіп көргіміз келді.

Бит кеткесін дерт көбейді дейді

Бұл тұрғыдағы сұрақтың алғашқысын біз бүгінде жасы 70-тен асып отырған отырарлық Саламат есімді әжемізге қойдық.

«Меніңше, биттің денсау­лыққа тікелей қатысы болуы әбден мүмкін сияқты. Өйткені бүгінде ел ішінде ауру-сырқау көп. Ал биттемек түгілі тірі бит көрдім деген адамды бүгінде қала тұрмақ, ауылдан да табу қиын. Бит адамның арам қанын сорып, қанды тазартуы әбден мүмкін ғой. Мен өз басым солай ойлаймын.

Бұрынғының емшілері сары аурумен науқастанған адамға көрсетпей, оған айранға бит қосып ішкізетін. Талай жанның осындай емнен кейін дертінен айыққанын есті­генбіз. Сол емшілердің сары аурудан сары аттың зәрі мен тезегіне шомылдырып айықтырғанын да көргенбіз», – деді бізге Саламат әже.

Олардың да тұқымы тозып бара ма?

Ал Төлеби ауданында тұратын Дәлиша есімді бір туысымыз былай деді:

«Өзіме кім болып келетінін айтпай-ақ қояйын, мен битті таяу арада көрдім біреуден. Бірақ ол бұрынғы бит сияқты емес, мүлде басқаша. Бұрынғылар жалпақ, жатаған болатын еді ғой. Ал қазіргілер шымал сияқты болып кеткен, жіңішке, ұзын, бұрынғылар сияқты қауіп төнгенде қуыс-қуысқа қарай жанұшырып қашпайды, шабан қимылдайды. Қазір адамдар не болсын соны ішіп-жей беретін болды ғой, мүмкін биттер соны көтере алмай, тұқымы өзгеріп жатқан шығар».

Дәрігер не дейді?

Ал мамандар не дейді? Біз бұл сұрақты Шымкент қалалық жұқпалы аурулар гепоорталығының бөлім меңгерушісі Ләззат Шакиева ханымға қойдық.

«Бит сары ауруға ем болады деген сөз қисынға келмейді, – деді ол кісі. – Гепатит – жұқпалы, вирустық ауру. Оның жедел және созылмалы екі түрі болады. «А» деп белгіленетіні жедел-өтпелі түріне жататын болса, «В», «С», «Д» және «Е» деп белгіленетіні созылмалы түріне кіреді. Ол қан арқылы, жыныстық қатынас жолымен, кір қол, ластанған тамақ және залалданған су арқылы жұғуы мүмкін.

«Бит сары аурудан айықтырады екен» деген – ел арасында қалыптас­қан жаңсақ пікір. Дәрігер­лердің ешқайсысы сары аурудан айығу үшін науқас бит ішсін деп кеңес бермейді. Барлық тұрғындар жергілікті жердегі емханасына барып, дәрігерге уақтылы қаралып, биохимиялық анализ тапсыруы қажет және вакцина ектіру арқылы аурудың алдын ала алады».

Біреуін 500 теңгеге бағалапты

Біз осыдан кейін Интернет беттерін ақтарыстырып көрген едік. Мынадай бір жай туралы білдік.

Таяуда «Тоныкөк.кз» сайтында Серік Жұмабаев есімді азаматтың «Бит сату да бизнеске айналды ма?»  деген тақырыпта мақаласы жарық көріпті. Ол өз мақаласында Алматы қаласындағы «Көкбазардың» жанынан  «Бит сатамын» деген жарнаманы көзі шалғанын, жарнама бойынша оны сау­далап жүрген қызды тауып алып, сұхбаттасқанын айт­қан. Әлгі қыз бір битті 500 теңгеден сатып жүр екен. Осы  мақаласында С.Жұмабаев биттің сары аурудан айығуда түк те пайдасы жоқ екенін  айтады. Ол бит сататын пысықайларға полиция қызметкерлерінің тос­қауыл қоюын да өтініпті.

...Біз бит туралы осындай жайларды естіп-білдік. Сосын оны саудалаушылар бізде де жоқ емес шығар деген оймен Шымкенттің Қырғы базарын барып көрген едік. Біз сұрастырған оншақты адамның көбі тіпті бит дегеннің не екенін де білмейтін болып шықты. Соған қарағанда, бит деген жәндік түп-тұқиянымен құрып кеткен-ау деп түйдік. Әлде мына заманда олар да азып-тозып, аса сирек кездесетін жәндікке айналып бара ма екен?

       Г. МАХАНБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ