Журналистер форумында облыс әкімі өз ойын айтты

31.10.2016
Қаралды: 2896

Өткен аптада Шымкентте ұйымдастырылған республикалық журналистер форумында айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстар әлі де қоғамдық талқылауларға арқау болып отыр. 

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйытқы болуымен, облыстық ішкі саясат басқармасының үйлестіруімен өткен бұл форум «Жаңа ақпараттық саясат: бағдар мен болашақ» деп аталды.

Форумға белгілі журналист, жерлесіміз Бейсенбай Тәжібаев модераторлық етті. Іс-шара барысында көптеген танымал журналистер ақпараттық саясаттың болашағына қатысты өз ойларымен бөлісті.

Республикалық журналистер форумына облыстың жаңа әкімі Жансейіт Түймебаевтың арнайы келіп, сөз сөйлеуі назар аударарлық оқиға болды. Әкімнің әңгімесі қалам ұстаған қауымның көңілінен шыққандығын айта кетуіміз керек.

Ж.Түймебаев өз сөзінде әкімдердің ең әуелі халықтың қызметшісі екендігін астын сызып тұрып айтты. Екіншіден, ол өзінің кіммен де болса ашық диалогқа әрқашан дайын екендігін мәлімдеді. Облыс әкімі барлық уақытта өткір мәселелерді бірлесе отырып шешуге мүдделі болатынын жеткізді. Проблемаларды талқылайтын осындай жиындарды дәстүрлі түрде ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды.

Міне, елге керегі де осындай әңгіме ғой. Бұл сөз ендігі жерде нақты іске айналып жатса, билік басында отырған азаматтар халықтың мұңын бірге мұңдап, жоғын бірге жоқтап, сол арқылы қиындықтар еңсеріліп жатса, ондай басшыларды халық та қолдап отырары анық.

Ендеше, сондай күндер ертерек тусын деп тілейік. Республикалық журналистер форумынан туындаған көп ойлардың бірі осы болды.

(«Замана»-ақпарат).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ