Дубайдағы баласына барып қайтты

31.10.2016
Қаралды: 1586

Бүгінде шетел асып, сапарлап келіп жатқан азаматтар баршылық. 

Жақында бізге Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дубай қаласында тұратын кәсіпкер ұлы Әділдің үйіне қонаққа барып келген жерлесіміз Мыңжасар Омаровпен әңгімелесудің сәті түсті. Ол кісі алыс сапарға жұбайы Әтіркүл Балықбаевамен бірге барған еді.

Мыңкеңдер Дубайға бірнеше сағаттап ұшып барыпты. Әуежайдан ұлы мен келіні және  немерелері қарсы алады. Ол жақта күн ыстық екен. Жері құмды болғанымен төңіректің бәрі жасыл желек, тал-теректермен, қызыл-жасылды гүлдермен көмкеріліпті.

«Түскен бойда жеңіл киініп алдық, – дейді ол кісі. – Немерелеріміз қатты сағынып қалған екен, бізді құшақтап, айырылар емес. Әбден мауқын бассын деп бір аптаға дейін ешқайда шыққанымыз жоқ. Олардың қасында болдық. Сосын ұлымыздың жеке автокөлігімен қаланы аралауға шықтық. Күннің ыстығы 35 градустан жоғары. Әуелі биіктігі 828 метр болатын қонақүйді барып көрдік.

Дубайдың көшелері айнадай тап-тазалығымен сүйсіндірді. Асханаларына кірдік. Онда нан мен сорпа тегін беріледі екен. Ал басқа қалаған дәмдеріңізді сатып аласыз.

Мектептері – он екі жылдық. Немерелеріміз сонда оқиды. Сабақ ағылшын тілінде жүреді екен.

Ол елде ұрлық деген мүлде жоқ. Дүкендерге кірген кезде қол сөмкелерімізді ешқандай қараусыз қойып кетіп жүрдік. Дүкен аралап келсек, әлгі сөмкелеріміз сол күйі тұрады.

Теңіздің жағасында жатып демалдық. Суы біздің Қызылкөлдің суынан да ащы екен. Бұл жерде де тәртіп өте күшті. Ешкімге ешкім тиіспейді. Киімдеріміз қасымызда тұрды. Оған да ешкім алып кетейін деп көз салмайды. Келіп демалушылардың қарасы көп көрінді. Көбісі шетелдіктер.

Құмның ішінде тұрып жасыл желекке бөленген қаланы көріп таң-тамаша болдық. Еңбектенсе шөл далада талды да, гүлді де өсіруге болады екен ғой деген ой түйдім.

Теледидарлары бірнеше арнадан хабар таратады екен. Қызықты бағдарламалары өте көп. Тәлім-тәрбиелік мәселені арқау еткен арналар да жетерлік.

Десе де өз жеріңе, өз еліңе ешнәрсе жетпейді ғой. Екі-үш аптадан кейін-ақ Қазақстанды сағындық. Әтіркүл «ауылға қайтайыққа» басты. Сонымен бір айдан астам уақыт Дубайда болып, елге оралдық».

Бұл кісілер Дубайдан көп нәрсе көріп, көңілдеріне түйіпті. Мүмкіндік тиіп жатса, шетелдерге шығып, ел танығанға не жетсін, шіркін!

Сәрсенбек ТЕҢІЗБАЕВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ