Тарифті жөнсіз көтеріп, тайраңдау дұрыс па?

31.10.2016
Қаралды: 1310

Таяуда Шымкенттегі Оқушылар сарайының ғимаратында жылу бағасын көтеру туралы талқылау болды. 

Оның қалай өткені туралы бүгінде әлеуметтік желілерде жазылып жатыр. Тіпті тарифті көтеруге қарсы шыққан адамды залдан қуып шығыпты деген сөздер де бар.

Сондықтан біз кешегі аптада табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Аталықовтың: «Сен депутат емессің, сені халық сайлаған жоқ. Залдан шық!» – деген сөзінен кейін кездесуден кетіп қалған қоғам белсендісі Сүйін Әбілданы (суретте) әңгімеге тартқан едік. Ол өзінің неге шығып кеткен туралы былай деді:

«Жиынды жүргізген   Б.Аталықов жылудың тарифін қымбаттату керектігі туралы айтты. Себебін сұрағанда өйтпесе мекеме банкрот болады деген жауап естідік.

Мен Б.Аталықовқа тарифтің қымбаттауына сіз өзіңіз мүдделі емессіз бе деген сұрақ қойып едім, бірақ ол жауап бермеді. Кездесуді көпке созбай, бір сағатта аяқтау туралы ұсыныс қойылғанда біз бұл жерде қаладағы миллион тұрғынның тағдыры шешілмек, оны асығыс қарау дұрыс емес, кемі екі сағат болсын дедік. Дауысқа салып еді, оншақты адамнан басқасының барлығы тез аятауды қолдады.

Бір байқағаным, тарифті көтеру керек десе залда отырғандар қол соғады. Қымбаттатпау керектігі айтылса, ешкім үндемейді. Осының өзінен-ақ бұл кездесуге әкімдік пен жылу орталығының адамдары шақыртылғанын білуге болады. Менің өзім кеш естідім. Бір күн бұрын ішкі саясат басқармасынан сұрағанымда ол жердегілер ештеңе айтпаған болатын.

Баға көтерілгенде қуанып қол соққанды Шымкентте бірінші рет көріп, бұған қатты ренжідім. Сөз берілгенде тарифтің қымбаттайтынына неге қуанасыздар дедім. «Бұл жердегі 200 адамның бір миллион тұрғынның мәселесін шешкені дұрыс емес. Мұны қоғамдық талқыға салғанға қалай қарайсыздар? Кезіндегі жер мәселесі секілді болып қалмасын, мұны халыққа дұрыс түсіндіру керек. Президенттің өзі халыққа түсіндіріңдер деді. Бағаны 27 пайызға өсіруге болмайды. Бұл үлкен ақша. Кейін қоғамда наразылық болмас үшін дұрыс талқылайық», – дедім.

Сол кезде ғой Б.Аталықовтың: «Неге қоғам болып талқылайық дейсің? Сол үшін сотқа берем, залдан шық!» – деп жүргені. Ол маған халық атынан сөйлей алмайсың дейді. Мен Шымкент қаласының тұрғыны ретінде сөйлеу­ге құқым бар екенін айттым. Мен Б.Аталықов айтты деп кетіп қалғаным жоқ. Мен халықты ашық тонауға үгіт жүргізген жерде отыра алмайтынымды айтқанмын. Бұлар өздері жиналып, жылудың тарифін көп болып талқыладық деу үшін жасаған секілді.

Өзімді кездесуден қуып жіберді дегенмен келіспеймін. Оларсыз-ақ шығып кететінімді алдын ескерткенмін. Мен шыққан соң Нұркөз Жаңабаев деген депутат: «Ол ештеңе білмейді, жас бала», –  депті. Менің екі дипломым бар. Н.Жаңабаев менің біліміме күдік келтірсе, онымен кез келген жерде, кез келген уақытта пікірсайысқа түсуге дайынмын. Менен кейін наразылық ретінде ол жерден тағы бірнеше адам шығып кеткен. Кездесудің соңы немен аяқталғанын білмеймін, өз адамдарын жиып алып, халық тарифті көтеруге келісті деп хаттама толтырған шығар. Олардың қолынан басқа не келеді?

Б.Аталықов маған: «Сен депутат емессің, халықтың атынан сөйлеуге құқың жоқ», – дейді. Қазір қай депутат халықтың атынан сөйлеп жүр? Рас, Ө.Мелдеханов қана өткенде тарифтің көтерілуіне қарсы шықты. Басқалары тым-тырыс. Та­рифтің қымбаттауымен депутаттардың байланысы бар секілді. Кейбірінің мүдделері де бар болуы мүмкін. Өздерінің атында болмағанымен әрқайсысының тойханасы, құрылыс фирмасы, жанармай құю бекеттері бар.

Бұлар тарифтің бағасын не үшін көтереді? Не жұмыс жасап жатқанын өздері де білмейді. Жыл сайын үлкен көшелердің бойындағы кішкентай жерді жөндейді. Тесілген жерді жамағанды бұлар жөндедік деп есептейді.

Жаңадан құрылған «№3 Қуат-жылу орталығы» басшысының орынбасары Қайрат Досжанов бағаны көтермесе мекеменің банкрот болатынын айтты. Жұмысын жолға қоя алмаса банкрот болса, болсын. Бұған дейін де талай мекеме банкрот болып, орнына басқасы келген. Бұл жерде де солай жасау керек. Халықтың мойнына масыл қылып не қылады? Сонда қолынан жұмыс келмейтіндер халықтың есебінен күн көруі керек пе? Не үшін біз оларды асыраймыз, мен осыны түсінбеймін. Жылуды 27 па­йызға қымбаттатпақшы, ал зейнетақы қаңтардан бастап 9 пайызға ғана көтерілмек, әділдік қайда?

Кейде табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті қымбатшылыққа емес, халыққа қарсы жұмыс жасап жатқан жоқ па деген ой келеді. Мұның негізгі себебі – халықты қанау. Су да, газ да, жарық та, мұнай да өзімізден шығады. Сонда да қымбат. Халықтың көпшілігі несиесінен құтыла алмай отырғанда мынау ауыр соққы болады.

Кездесуде жылу жүйесін дербес құрғызып алуға болмайды дегенді де айтты. Жылу жүйесі жететін жерлердегі ғимараттар орталық жылу жүйесіне қосылуы керек екен. Бұл дұрыс емес. Халық – тұтынушы. Ал тұтынушы нені алады, оны өзі шешуі керек. Мысалы, мен қара нан жегім келетін шығар, неге маған басқа біреу келіп ақ нан же деуі керек?

Әр үйге жылу есептегіш құрал қоймақшы. Оның бағасы 750 мың теңге. Оны да тұрғындар бірігіп сатып алуы керек екен. Негізі байыптап қарасаңыз, билік пен халықтың арасы алшақтап кетті. Мұндай кезде халықты ашындыру емес, оған түсіндіру керек».

Қысқасы, бұл тақырыптағы әңгіме өте ушығып тұрғаны белгілі. Сүйіннің мынау сөздерін дұрыс емес деп ешкім де айта алмаса керек.

Ұ.ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ