Қару сататын дүкендерде қауіпсіздік сақталған ба?

31.10.2016
Қаралды: 1564

Жазда Ақтөбедегі болған террорлық жағдайдан оқырмандар хабардар. Таяуда ол оқиға бойынша сот ісі басталды. 

Ақтөбеде содырлар «Паллада» қару сататын дүкенін тонап, одан кейін өздерінің қанқұйлы әрекеттерін іске асырған еді. Осы оқиғадан кейін елімізде қауіпсіздіктің сары деңгейі жарияланды. Қару сататын дүкендер қатаң бақылауға алына бастады. Осындай оқиға бұдан бірнеше жыл бұрын Тараз қаласында да болып, терроршы қару сататын дүкенге басып кіргені белгілі. Осылардан оңтүстіктегілер қандай қорытынды шығарғанын білу үшін біз кешегі аптада Шымкенттегі қару сататын «Олимпик» сауда орнына барып, сатушыларды әңгімеге тарттық.

«Бізде барлық қауіпсіздік шаралары жасалған, – деді Зухредин есімді сатушы. – Сыртта арнайы күзет тобы тұр. Оған қосымша іште өзіміздің күзет жұмыс істейді. Одан бөлек, барлық жерге камера қойылып, дабыл желісі орнатылған. Төтенше оқиға орын алса, бұл жердегі жағдай туралы сол мезетте құқық қорғау орындарына дабыл түседі. Сондай-ақ бізді жол-патрульдік полицейлері де сырттай бақылап жүруі мүмкін.

Ал дүкенде тұрған қарулардың оқтары жоқ. Сатып алғандарға осы жерде құрастырып береміз. Кейбіреуінің тек макеті ғана тұр. Оқтар арнайы сейфте сақталады. Ол сейфтерді бөтен адамның ашуы, көтеріп кетуі мүмкін емес.

Бізден қару сатып алғысы келгендер бірінші өзі тұрғылықты жердегі ішкі істер бөліміне барып, арнайы рұқсат алады. Онда куәліктің көшірмесі, өзінің және қару сақтайтын сейфінің суреті, жұмыс орнынан, учаскелік  инспектордан, сотталмағандығы туралы, мекенжайы, жүйке аурулары ауруханасынан, наркологиялық диспансерден, медициналық тексерілуден өткендігі, окулистен, қаруды пайдалана білетіндігі жөніндегі анықтамалар, аңшылық билетінің көшірмесі, қаруды алу, сақтау, өзімен алып жүру үшін ақша төлегендігі туралы түбіртек  пен арызы болуы керек. Біз осындай құжаттарды дайындап, рұқсат алған адамға ғана қару сатамыз.

Бізде 28 мың теңгелік газды тапаншадан бастап,  бағасы 3 миллион теңгеге жуық ату құралдары бар. Олар әртүрлі қашықтықтағы нысанды дәл көздеуге мүмкіндік береді. Бұлардың барлығы аңшылық мақсатқа арналған. Бізде автоматтар жоқ.

Дағдарыс бізге де өз әсерін тигізуде. Қару алушы бұрынғыдай көп болмағанымен алып жатқандар бар».

...Біздің «Олимпик» сауда орнын аралап жүріп байқағанымыз, бұл жерде қарудан бөлек, балық аулауға, саяхатқа шыққысы келгендерге арналған бұйымдарды да сатып алуға болады екен. Ең бастысы, сатушылардың сөзіне қарағанда, қауіпсіздік шаралары жасалыпты.

Ұ. ТӘМЕНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ