Шарухия апаның үйінде 17 жыл сақталған түйе өркеші бар

31.10.2016
Қаралды: 2400

Күн суытқалы бері адамдардың арасында тұмау көбейіп барады. Бұған қарсы әркім әртүрлі ем қабылдауда. 


Біреулер дәрігерге барса, екіншілері ыстық монша қабылдап, үйден шықпай жатқанды дұрыс көреді. Ал шымкенттік Шарухия Сәденбаева (суретте) суықтап қалған ұл-қыздары мен немерелерін  өзі емдегенді дұрыс көреді екен.

«Мен ешқандай емші емеспін, – деді ол кісі біз мұның себебін сұрағанда. – Тек көргенімді ғана жасаймын. Осыдан он жылдай бұрын 90 жасқа келіп дүние салған шешем көпті көрген кісі еді. Балаларды өзі емдей беретін. Мен анамнан үйренген бір ғана нәрсені енді келіндерге өзім үйретіп жүрмін.

Шешемнің сандығынан түйенің өркеші үзілмейтін. Тіпті сарғайып кеткен өркештердің тұрғанына жиырма жылдан асып кетті дегенде мұны не қылады екен деп таңданатынбыз. Кейбірін көрсетпей лақтырып жіберіп, ол кісіден сөз естіген де кезіміз бар. Бірақ сол өркешпен балаларды сылап, сырқатынан айықтырып жүретінін білуші едік. Ондай емді бізге де жасаған. Кейін оның емдік қасиеті туралы түсіндірген соң өзіміз де сақтай бастадық.

Мысалы, суықтаған адамның денесін сақталғанына бір жылдан асқан өркешпен майласа, ол ауруынан құлантаза айығып кетеді екен. Бірақ майлау керек деп оны денеге көп жаға беруге болмайды. Ем жылы жерде жасалғаны, одан кейін бір күндей желдің өтіне шықпаған дұрыс. Егер емнің шарттарын орындамай, қайталап қалса, оның салдары бұрынғыдан да қауіпті болуы мүмкін.

Жұрт біле бермейді ғой, осы түйенің өркеші геморройға бірден-бір ем болып табылады. Ол қаншалықты ұзақ сақталса, соншалықты қуаты арта береді екен.

Қазір менде сақталғанына 17 жыл болған өркеш тұр. Қағазға орап қойғанмын. Тұздалғандықтан сүрленіп, қатып қалған. Ол иістенбейді де. Соны бұрын сұрағандарға бере беріппін. Енді өзімде аз қалды.

Өткен аптада бір жігіт ағасының геморройдан жүре алмай қалғанын айтты. Бір емші бес жылдық өркеш әкелсең ағаң айығып кетеді деген соң Шардара, Отырар аудандарынан іздеп, Қызылордадағы таныстарынан да өркеш сұрап таба алмай жүр екен. Менде 17 жылдық өркештің барын естіген екен, сұрап келді. Аз болғандықтан бергім келмеп еді, жыларман болып жалынды. «Сұрағаныңызды беремін, ағам ауыр халде», – деп қоймаған соң үйдегі өркештен оған да бөліп бердім».

Шарухия апа түйенің өркеші жайлы осындай қызық әңгіме айтып берді. Бұрын жылқының майымен сынықты емдегендерді білуші едік, енді бұл апамыздан түйенің өркеші де ем екенін біліп отырмыз. Бұл керемет емес пе?

М. РАЙЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ