Шымкенттің жолдары неге шұрық тесік?

31.10.2016
Қаралды: 1661

Шымкентте жыл сайын жүздеген шақырымның жолы жөнделеді. Сырттай қараған адам жұмыс осы қарқынмен жалғасса бірнеше жылда шымкенттік көліктер түзу жолда жүреді деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде мүлде олай емес.

Біздің білуімізше, Оңтүстіктегі жаңадан салынған жолдар екі-үш жылда қайтадан күрделі жөндеуді талап етеді. Оған бірнеше себеп бар. Бірінші жұмыстың сапасыз жасалуы, одан кейін газ, су, кәріз жүйелерін тарту жұмыстарының жүргізілуі салдарынан жолдар шұрық тесік болып жатыр. Жерді қазып өз жұмысын бітіргендер жолдың астындағы топырағын бұрын­ғы қалпына келтірместен асфальт төсеп кетеді. Қалада оны бақылайтын мекемелердің қайда қарайтыны бір Аллаға ғана аян.

Ленгір бағытындағы Қапал батыр көшесіне осыдан бірнеше жыл бұрын толықтай қайта асфальт төселгені белгілі. Содан бері жол жақсарып, жүргізушілер қуанып қалып еді. Биылғы жылдың көктемінде біреулер жаңадан кәріз құбыры тартылады деп жолды бұзғанда, әрине, қуанғандар болды. Бірақ ертең жолымыз адам жүрмейтін халге түсіп қалмаса жарар еді деп күдіктенгендер де аз болған жоқ.

Сол адамдардың бекер күдіктенбегіні бүгінде шындыққа айналды. Жаздың соңғы айларында қайта төселген асфальт арада екі-үш ай өтпестен апаттық жағдайға түсті. Бүгінде ойылған жерді айналып өтпекші болғандар қарсы беттегі көліктермен соқтығысуда. Тіпті жүріп келе жатқан көлікті көтере алмай опырылып кетіп жатқан жерлер де баршылық. Сонда дұрыс жолды бұзғандар оны қалпына келтіру керектігін ойламағаны ма?

Шымкентте бұзылған соң қалпына қайта келмей жатқан  тек Қапал батыр көшесі ғана емес екен. «Қайтас-1» ықшам­ауданына барсаң, ондай көшелер бірнешеу. Солардың біріне газ тартылса, екіншісімен кәріз суы жүрген, үшіншісімен үйлерге су барған. Бұл көшелерге инфрақұрылымдық жоспар жасалғанда қала басшылығы неліктен мұны ескермегені бізге түсініксіз. Бірінші қиыршық тас төгіп, кейін қазған. Асфальт төсеген, қайта бұзған. Сонда қала басшылығы мұндай жұмыс­тарды жоспарсыз іске асыра беретін болғаны ма?

Біз «Қайтпас-1» ықшамауданының Ы.Алтынсарин көшесімен жүргенде Ықылас есімді азаматты кездестіріп, әңгімеге тарттық.

«Менің үйім осы көшенің бойында, – деді ол кісі. – Адырбеков көшесінің жалғасы болып саналатын  көшеміз бізге келгенде кенеттен бірнеше есе тарылып кеткен. Екі көлік әзер өтеді.

Жолды жөндегендегі қуанышымыз көп ұзамай су сепкендей басылды. Асфальтты бұзып, жоғары кернеулі электр жүйесін үйіміздің іргесімен жүргізгендіктен жолдың жартысы бүтіндей жарамсыз халге түсті. Оны кім жөндейтіні белгісіз. Жөндегенде қалай болады? Басқа жерлерді көріп жүрміз, бұрынғыдай қалпына келтіріп жатқан жоқ. Енді бізде де солай болса, онсыз да тар көшемен көліктің жүруі тіпті қиын болады».

Қысқасы, Шымкентте көшелер дұрыстап жөнделіп жатқан жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ жөнделген сол көшелерді адамдардың өз қолымен қайта бұзуы түсінбестік тудыруда.

Р. ШАЛҚАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ