«Нұр Отанның» қызметтік көлігі қалайша назарға ілініп, наразылық тудырды?

01.11.2016
Қаралды: 1472

Таяуда әлеуметтік желіде әріптесіміз Анар Сүлееваның «Қыстауовқа қағида жоқ па?» деген тақырыппен сын тұрғыдағы жазбасы жариялан­ған еді. 

Онда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Болатбек Қыстауов­тың Шымкенттегі «Автонұр» базарының аялдамасында қалдырылған қызметтік көлігі жол қозғалысына кедергі келтіргені, жол полицейлерінің оны көре тұра ешқандай да шара қолданбағаны жөнінде айтылған. Ол жазбада Қыстауовқа тиесілі қызметтік көліктің жолды жауып тұрған суреті де жарияланған болатын. «Сонда «нұротандыққа» ешкімнің де құзыры өтіп, сөзі жүрмей ме?» – деп қынжылған еді әріптесіміз.

Иә, заң баршамызға бірдей, оның талаптарын бұзған адамға қандай да бір шара қолданылуы тиіс. Осы орайда бұл мәселеге қатысты не болып жатыр деген сұрақты біз «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалындағы азаматтарға қойдық.

«Оқиғаның қалай орын алғаны жөнінде мен автордың өзіне жазба жарияланғаннан кейін хабарласып, түсіндіріп айтқанмын, – деді бізге «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Фатима Хикметова. – Яғни ол кезде Болатбек Дүйсенбекұлы Шымкент­те  болмаған, Астанадағы фракция жиыны мен Саяси Кеңестің бюро отырысына қатысатын болып кеткен. Ол кісінің жүргізушісі бастықты ұшаққа шығарып салған соң қайтып келе жатқанда көлігінен бір ақау шығып, танысына хабарласыпты. Ол қажет бөлшектің «Автонұр» базарына кіре беріс тұстағы бір сауда орнынан табылатынын айтады. Керегін жолдан ала кетпек болған шофер көлікті сол айтылған тұсқа тоқтата салып, әлгі жерге жүгіріп барып қайтыпты. «Видеофиксаторда» оған қанша уақыт кеткені көрініп тұр, 3 минуттай болыпты. Әрине, көлік жүргізушісінің бұл әрекетін ақтай алмаймыз, оған кейін тиісінше шара көрілді. Оқиғаның қалай болғаны жөнінде түсініктеме жазды, кінәсі үшін оған сөгіс берілді. Сондықтан бұл оқиға жөнінде ушықтыра берудің қажеті жоқ деп ойлаймыз».

Ф.Хикметова осылай дейді. Айтуына қарағанда, аталған мәселеге осымен нүкте қойылған сияқты.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ