Бұл түрімізбен қазақ тілін қайтіп көгертеміз?

31.10.2016
Қаралды: 1794

Мен саясаттанушы Әзімбай Ғалидың «Замананың» өткен нөміріндегі «Қазақша сұрақ қою соғыс ашумен тең болған заман-ай!» 

деген тақырыппен жарияланған мақаласын оқып, онда айтылған жайға жағамды ұстадым. Бұл қалай болғаны? Қазақ тілі – мемле­кеттік тіл, оны кез келген Қазақстан азаматының білуі керек емес пе? 2020-жылға қарай бәріміз қазақша сөйлейтін боламыз деген сөз қайда қалды сонда? Өткен 25 жылдан бері мемлекеттік тілді үйренуге құлық танытпаған орыс­тілділер алдағы үш-төрт жылда қазақша сөйлей жөнеледі дегенге тағы да сене алмаймын.

Мемлекет қазақ тілін үйретеміз деп қыруар қаржы шығындады. Сол жұмсалған қаражаттың желге ұшқанына жүрегің ауырады. Бірнеше ғана орыстілді азаматтардың қазақша шүлдірлеп бірдеңелерді айтқанына мәз болып жүрген сияқтымыз. Осыған қарап отырып 2020-жылдары орыс тілі мемле­кеттік тіл дәрежесін ала ма деп те қорқамын.

Мынау іргеміздегі Өзбекстанда дүкендерде қай ұлт өкілі болмаңыз өзбекше сөйлемесеңіз сізбен сауда жасамайтын көрінеді. Мұны мен өте дұрыс деп ойлаймын. Өйткені сіз Өзбекстан мемлекетіндесіз, яғни сол елдің мемлекеттік тілінде сөйлеуіңіз керек.

Ал Қазақстанда өмір сүріп, нанын жеп, суын ішіп отырған кейбір орыстілділер қазақ тілі мемлекеттік тіл екенін біле тұрып неге орысша сөйлемейсің деп дікеңдейді. Олай деуге олардың қандай құқы бар?! Мұны мемлекетті, оның заңдарын сыйламау, жергілікті ұлтты басыну, менсінбеу дегеннен басқа ештеңеге теңеуге келмейді. Ондай ұлтаралық араздық туғызуға итерме­лейтіндердің жазасын беру керек деп ойлаймын.

Әрине, барлық орыс­тілдердің пейілі солай деуден аулақпын. Менің ойыма тек қазақтар ғана емес, пайым-парасаты мол орыс­тілді азаматтардың көпші­лігінің қосылатынына күмәнім жоқ.

«Назарбаев орысша сөйлеңдер деді ғой сендерге!» – депті мақала авторына діңкілдеген менеджер. Президенттің қазақтарға орысша сөйлеңдер дегенін естімеген сияқты едім. Қайта: «Қазақша  сөйлеңдер, бұл ұлтаралық татулықтың кепілі», – деген жоқ па еді? Ал мына жағдайды естіп-біліп отырып: «Е-ей, қайран қазақ тілі, өз жеріңде, өз еліңде мемлекеттік тіл деген дәрежең бола тұрып құрдымға кетіп бара жатыр екенсің ғой!» деп күйіндім.

Мына бір жай есіме түсіп отыр. Бізбен көрші тұратын бір жігіт мемлекеттік қызмет істеп жүрген болатын. Бір күні маған келіп: «Аға, орысша жетік білесіз ғой, мына бір арыз-шағымға берілетін жауап хатты қазақшадан орыс тіліне аударып берсеңіз...» – деп өтінген соң әлгі хатты алып оқып көрдім. Қазақша тәп-тәуір, ұтымды жазыл­ған екен. «Мұны неге аудару керек, нақты, тұжырымды жазылған ғой?» – дедім оған таңдана қарап. Ол өтініштің орыс тілінде жазыл­ғанын, оған жауап міндетті түрде сол тілде берілуі керегін айтты. Оны кім шығарып жүргенін сұрасам: «Білмеймін. Үкімет сондай өкім шығар­ған көрінеді. Егер мен орыс тіліндегі өтініш, арызға қазақша жауап берсем, жұмыстан қуыламын. Егер бұлай етпесем бастығым бәле болады», – дейді қынжылып.

Мен әлгінің хатын орысшаға аударып бердім. Бұл оқиға мені қатты ойландыр­­­ған еді сонда. Мұны қазақ тіліне ойсырата берілген соққы деуден басқа не деуге болады? Орысша арыз жазған адам қазақша жа­уап алса, оны түсінуге, түсін­беген жерін басқа біреуден сұрап білуге тырыспай ма?

Мына түрімізбен қазақ тілін қалай көгертеміз?

Осы орайда тағы бір нәрсе мені қатты ойландырып отыр. Яғни биылдан бастап 1-ші сынып оқушыларына үш тілде: қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде сабақ оқыту ендірілген көрінеді. Меніңше, мұны да қазақ тілінің толық дәреже алуына кедергі келтіретін құйтырқы әрекет деуге әбден болады.

Жапонияда балалар 12 жасқа дейін тек өз ана тілінде оқытылады екен. Одан кейін барып басқа тілдерді оқытуға баулиды. Яғни өз ана тілін толық меңгеріп үлгеруіне жағдай жасайды. Жапондардың әлемдегі алдыңғы қатарлы ел болып отырғаны осы өз ана тіліне, жастарына, болашағына деген қамқорлығының арқасында шығар деймін. Ал 7 жасқа енді келген бүлдіршіндерді үш тілде оқуға мәжбүрлеуді олардың миын ашытатын барып тұрған сорақы қатігездік демеске лаж жоқ!

Егемендік алғалы бергі 25 жылда біздің елде 15-тен аса білім министрі ауысыпты. Әрқайсысы келеді де, әртүрлі тәжірибелер өткізуге ұмтылады. Бұл дұрыс емес.

Негізі кеңестік кезеңде басқа тілдерді оқыту 5-ші сыныптан басталатын. Сол жүйеде оқыған оқушылардан талай ғалымдар, академиктер шыққан жоқ па?

Ұзын сөздің қысқасы, қазақ тілінің өркендеуіне белсене атсалысу министрден бастап, баршамыздың мінде­тіміз деп білуіміз керек. Өз тіліміз үшін өзіміз күреспесек, өзгелердің көсегемізді көгертпесі белгілі ғой.

Жаңабай ТӨЛЕУІШ,

зейнеткер.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ