Алматыдағы Үміт апа көзі көрмейтін, құлағы естімейтіндерге ем қондырады

27.10.2016
Қаралды: 1573

Біздің бүгінгі кейіпкерімізді білетіндер «Құдірет қонған әйел» деп атайды. Өйткені ол туа-бітті көзі көрмейтін, құлағы естімейтін адамдарға да шипа дарытатын қасиетке ие екен. 

Әлеуметтік желілерден Айзада деген қыздың бұл емші жайлы: «Таныс бір апамыздың көзі соңғы 2-3 жылда көрмей қалған. Қаралмаған жері жоқ еді. Алматыдағы Үміт апайға барғаннан кейін көзі кәдімгідей көре бастады. Айтуынша, әлгі апайға құлағы естімей қалған бір қыз барған екен, емнен кейін ақырындап айналадағы шуды еститін болыпты», – деген жазбасын оқығаннан кейін біз Үміт Құтжанованың (суретте) өзіне хабарластық. Сөйтіп дәрігерлер ем қондыра алмаған дертке қалай шипа дарытатыны жөнінде сұрадық.

Соқыр қызды емдеген екен

– Алланың жазуымен адам емдей бас­тағаныма жиырма жылға жуықтады. Ең алғаш аяғына жара шығып, онысы жазылмай, іріңдеп кеткен жас балаға дем салдым. Үш күннен кейін ірің тоқтап, тағы біраз уақыттан кейін жара дәрісіз-ақ жазылып кетті.

Негізі маған емделушілер түрлі аурумен келеді. Оларға қолданатын құралым – қасиетті Құран аяттары. Адамның жағдайы мен ауруына қарай 3 немесе 7 күн дем саламын. Кейбіріне алақаннан жылу жіберемін.  Сонда келуші жеңілдік сезінеді, буындары, сүйектері қақсайтындар тыныш ұйықтағанын айтып жатады. Бауыры, бүйрегі ісініп, сыздайтындар да емнің әсерін сол сәттен бастап сезінеді.

– Үміт Балапанқызы, сізді құлағы естімей, көзі көрмей қалған адамдарды да емдей алады деп естідік.

– Ол былай болды: көршім бар еді, Ақниет деген қызын алты жастан ас­қанда мектепке жіберу үшін медициналық тексеруден өткізген. Сонда қыздың бір көзі көрмейтіні анықталыпты. Дәрігер­лер туылғаннан солай болған деген қорытынды берген. Сөйтіп Ақниет мү­гедек деп танылып,  зағиптар мек­тебіне жіберілген. Мұның қалай, қашан пайда болғанын білмей, анасы аң-таң, туылғаннан көрмеген болса біз неге байқамағанбыз деп жылайды. Бір күш жетелегендей болды да, мен көршіме: «Қы­зыңды маған әкел, емдеп көрейін», – дедім. Үш күн дем салып, нәтижесін кө­рейік деп тексертіп едік, 3,5% көретін болып шықты. Мұны естігенде көршім екеуміз Алланың құдіретіне бас иіп, таңға дейін құлшылық еттік. Осылай тағы бірне­ше рет дем салдық. Қазір Ақ­ниет жұрт қатарлы мектепке барып жүр. Саба­ғы жақсы. Рас, көзілдірік тағады, бірақ соқыр емес. Екі көзі де тәуір көреді.

Мұндай әңгіме тез тарайды екен. Бір күні 70 жастағы атай келді. Глаукома көрінеді. Бастапқыда көзі суланыпты. Кейін қышитын болыпты. Сосын қызарып, ет өсіп, ақыры көз жанары бір­тіндеп сөніп, соңғы жеті жылда көруден қалған. Алланың құдіреті мен мейірімі шексіз, ал Құранның қасиеті түпсіз терең ғой, соған арқа сүйей тәуекел етіп, өзімді тағы да сынаққа салдым. Жетінші күн дем салған соң баласы жетектеп, мен жанына еріп, далаға шықтық. Сонда есік алдында өсіп тұрған ағашты, әлсіз желге жапырақтарының тербел­генін көргенде әлгі кісі көзіне жас алып, ағашты құшақтай алды.

Құлаққа да Құран көмектеседі

– Сонда көзі нашар көретін, мүлде көрмей қалған адамдарды тек дем салу арқылы ғана емдейсіз бе?

– Иә, олар көзін ашып, Аллаға сиынып қарсы алдымда отырады. Мен дем саламын. Құран сүрелерінің көрмей­тін­дерге қалай әсер ететінін жаңа айттым. Ал «зрениесі» нашар адамдардағы нәтижені анықтау үшін алдыма әріптер жазылған қағаз іліп қойғанмын. Олар күнде бір қадам атқа жүре отырып, 3–7 күнде жақсы көре бастайды. Дегенмен жағдайға қарай үзіліс жасап, қайта дем салатын кездер де бар.

– Ал құлағы естімейтіндерге қандай ем жасайсыз?

– Ол да Алланың құдіреті мен Құранның қасиеті. 24 жастағы бір қыз келген. Құлағы естімейді екен. Көп жылдар аппарат таққан. Бірақ жүйке талшықтары өлі болғандықтан оның да көмегі болмай қалған соң жәрдем сұрады. Анасы: «Қызым осы ау­ру­ының кесірінен сөйлеуден де қалып барады. Тұрмысқа шыққысы келмейді, қайтейін, мүгедек қой», – деп жылағанда жаның ауырады. Сол қыз бесінші күні Құран даусын естіп, жан-жағына алақтай бастады. Ал жетінші күні білдірмей арт жағында тұрып, жай ғана атын атап едім, жалт қарады. Сосын жылап жіберді. Мұндай мысалдар көп қой, қайсыбірін айта берейін? Бірақ осы жағдайлардан кейін көзі мен құлағы ауыратындар ағылып келе бастады.

– Кімнің қай жері ауыратынын қалай білесіз?

– Ауырған жерді тамыр ұстау арқылы анықтаймын. Отбасылық қиындықтар, жолы байлану, кәсіптегі ке­дер­гілердің себебі мен шешуін тәспі тарту арқылы білемін. Тәспімен тіл-көзден болған ауруларды да білуге болады. Ал әдейі бағытталған ырым, сиқыр, дуа, жын кірген адамдарды көзіне қарап анықтаймын.

Адамға жын жабысатыны рас па?

Осы жын кіру жайына тоқтала кетіңізші. Бұрын мұндайды ести бер­меуші едік, қазір әлеуметтік же­лі­лер­де бойына жын кірген деп біреуді буын­дырып жатқан молда, қамшымен сабап жүрген әйел жайлы бейнежазбалар пайда болды. Адамның бойына жын қалай, қай кезде кіреді?

– Рет-ретімен айтайын. Мұндай адамдар өздігінен емделуге көнбейді, сондықтан туыстары жетелеп алып келеді. Оның мінезіндегі, психикасындағы, қылықтарындағы өзгерістерді, ауытқушылықты айтқаннан-ақ кесел­дің түпкі себебі белгілі бола бастайды. Сосын мен жын кірген адамды көзінен танимын. Ондай адамның жанары нұр­сыз, суық, сұсты, ашулы болып келеді. Жындар да адамдар секілді еркек және әйел болып жыныс­қа бөлінеді. Мен тесі­ле қарағанда еркек жын болса адам көзін тайдырып, жанарын алып қашады. Ал әйел болса ұрысқысы келіп, «иесін» түр­тіп ашуландырады. Құран оқи бас­тағанда қарсыласып, өзіңмен ұрыстырады. Негізі әйел жын­ды шығару қи­ындау, өйт­кені ол өзіңмен арпалысады. Дегенмен дуа, сиқыр, тіл-көз, зиян, жынды 5 күнде қайтарамын.

Жын шығаратын адам көбейді дедің, ол рас. Кей­біреу бұл қызметке көп ақы сұрайтынын да бі­лемін. Өйт­кені адам бойындағы жын оңайлықпен шыққысы келмейді. Онымен бір­не­ше күн бойы кәдімгідей айқасасың. Көп күш-қуат кетеді. Сондықтан еңбегін жұмсаған күш-қуатына байланысты бағалайтын шығар. Бірақ мен ешкімге баға белгілеген емеспін, нақты нәтижені көрген адам еңбегімді өзі бағаласын деген ұстанымдағы жанмын. Ал жынмен айқаста өзіме тап бермеу үшін, қорғану мақсатында аузымда – Құран, қолымда қамшы болады.

Жын адамға қандай жағдайларда жабысады деп сұрадың ғой. Оның түрі көп. Жасал­ған сиқыр да жынның бір түрі. Сосын бей­мезгіл уақытта, кешкі апақ-сапақта жүр­генде, кірдің суы, қоқыс тасталған лас жер­лерді басқанда жұғады. Қараңғыда қуыс жерлерден өткенде жабысады. Кейде бойды дүлей ашу қысып, қатты ызалана ай­қайлап ұрысқанда ауыз арқылы кіреді. Осының ішінде сиқырмен кіргенін шығару қиын. Өйткені ол әдейі, бағытталған ырым. Мұндайда адамның мінезі күрт өзге­реді, ашуланшақ, ұрыс­қақ болады. Болмашы нәрсені дауға айналдырады. Диагнозы анықталмайтын аурулары көбейеді, жүйкесі сыр беріп, тіпті, жындыханаға түсіп қалатындары да бар. Сондықтан адам әрдайым сабырлы болғаны, «Бісміллә» деп айта жүруі тиіс.

Жүйкесі жұқарғандарға да жәрдем береді

Былай түсіндірейінші: жақында бір кісілер маған 28 жастағы ұлын әкелді. Табан астында мінезі өзгеріп, дау іздейтін әдет пайда болыпты. Адам тыңдамайды. Әйелі мен кішкентай баласын себепсіз ұрып тастай береді екен. Ақыры келіншегінің аяғы ауыр екеніне қарамастан үйден қуып жіберген. Байқасам, оған біреу дуа жасамақ болған. Ол жын болып жабысқан. Алғашқы оқығанда-ақ көздері алақандай болып, ашуланып отырған жігіт сабырға келіп, есін жиды. «Әпкетай, ішімнен біреу бірдеңені суырып бара жатқандай болды да, бойым жеңілдеп қалды», – деді. Бес күн оқытылды, қазір керемет отбасы. Ауыра қалса да, сәтсіздікке ұрынса да отбасымен келіп оқытылып тұрады.

– Ем қонбайды деп жындыханаға жатқызып қойған әйелді құлан-таза сауықтырыпты деп естиміз...

– Ол екі жыл бұрын болған оқиға. Жап-жас келіншек, үш баласы бар. Оның бойындағы өзгерісті жүйкенің шаршауы, ашушаңдық, тұрмыс тауқыметі деп онша мән бермеген. Ақыры асқынып, емге көнбей, жүйке аурулар диспансеріне тір­кеуге алып, тіпті жындыханаға жатқызып қойыпты. Туыстары мен жайлы естіп, диспансерден қолхат арқылы шығарып алып, маған әкелді. Бойындағы әйел жын екен, кірмеймін, емдел­меймін деп үйді айнала қашты. Сүйреп жаныма әкеліп еді, өзіме тап бермек болды. Құранымды үзбедім. Оған үш күн дем салдым. Аллаға шүкір, қазір бала-шағасының қасында. Есептен шығарылған. Базарда сауда жасайды.

– Өзіңіз жайлы айта кетіңізші.

– Мен Алматы облысы, Талғар ауданы, Талдыбұлақ ауылында тұрамын. Республикалық «Халық және рухани емшілері» орталығында бойымдағы қасиет, алақандағы қуат, адам емдеудегі тәжірибем бойынша сынақтан өткеннен кейін сарапшылар «Әлем емшісі» деп таныды. 1958 жылы туылғанмын, 58 жастамын. Бір үлкен әулеттің отын жағып, ұрпағын өрбітіп отырған қарапайым анамын.

– Көпшілікке ой салатын сұхбат болды деп ойлаймыз. Әңгімеңізге рахмет, ісіңізге сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ