Абай ауылындағы ағаштардың қурауына кім кінәлі?

25.10.2016
Қаралды: 1387

Бүгінде күз келіп, ағаштардың жапырағы қурап түсе бастады. Ал Сарыағаш ауданының Абай ауылындағы Анарбек Бегалиев (суретте) есімді қарияның ауласындағы ағаштар биыл көктемде-ақ қурап кетіпті. 

Бұл жөнінде бірнеше рет редакцияға хабарласып: «Айтқанымнан ештеңе шығар емес. Әкімдер халықпен санасуды қойды. Өздерің келіп көріп, мұңымызды жоғары жаққа жеткізіңдер», – деген соң жуырда біз ол кісінің отбасында болып қайттық.

«Бұрын ауладағы жеміс ағаштарынан алған өнім өзімізге жететін, – дейді Анарбек қария. – Былтырдан бері су жоқ, ағаштар қурап жатыр. Амалсыз қолдан жерасты суын шығарып пайдаланып отырмыз. Бұл жағдай көшеміздегі 50-ден аса үйдің бәріне тән. Бірақ олар жаман көрінгіміз келмейді деп ешқайда шықпайды. Айтатын да, әкімдерге баратын да, жазатын да мен ғана болып тұрмын.

Жиналыстарға шақырса осындай мәселелерді айтар едік. Бірақ әкімнің 5-6 қариясы бар, соларды ғана шақырады. Ауылға жақын жерде «Ошақты» арығынан су тартуға болады. Соны да жасамай отыр ғой. Әкімімізге қаншама рет айттық, жаздық. Уәдесін орындамайтын әкімнің жұмысына көңіліміз толмай жүр.

Су енді кімге керек дейтіндер бар шығар. Бірақ қазірден мәселе көтермесек, келесі көктемде тағы да сусыз қалуымыз мүмкін».

Қария осылай дегеннен кейін біз Абай ауылының әкімі Алмас Сексенбаевқа хабарласқанымызда ол кісі былай деді:

«Атамызды білемін. Айтып та, жазып та жүргенінен хабарым бар. Арықты трактормен тазала деген соң айтқанын орындадық. Бірақ көршілері: «Терең болып кетті, енді су тұрып қалады», – деп шағым айтты. Олар: «Көктемде қолмен тазартып аламыз, бұған трактор болмайды», – деп отыр.

Негізі тұрғындарға суды жеткізумен аудандық су шаруашылығы мекемесі айналысады. Бірақ бұл көшенің тұрғындары ол мекемемен келісім-шартқа отырмапты. Су алу үшін ақы төлеу керек. Ал ол төлем келісім-шарт негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан А.Бегалиев су шаруашылығы мекемесімен келесі жылға келісім-шартқа отырса, су болады». 

Қысқасы, Сарағаштың Абай ауылында жеміс ағаштары мерзімінен бұрын қурап жатыр. Тұрғындар мұның себебі су жоқтықтан десе, әкім келісім-шарттың жасалмағанын алға тартады. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?

Қ. БАСТАУ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ