Шардаралық шаруалар шаш-етектен шығынға батқанын айтады

25.10.2016
Қаралды: 1522

«Замана» газетінің өткен нөмірінде «Қызылқұмның қауыны қор болып жатыр» деген тақырыпта мақала жарық көрген болатын. 

Онда Шардара ауданындағы Қызылқұм ауылының тұрғыны Қанат Бегалиевтің қауындардың егіс алқабында қор болып жатқаны, сондықтан ауылда қауын өңдейтін цех ашу керектігі туралы пікірі берілген.

Осы мақала жұртшылыққа ой салса керек. Кешегі аптада редакцияға Арыс қаласының Байырқұм ауылы мен Шардара ауданының Қазақстан, Қызылқұм елді мекендерінен бірнеше адам хабарласты. Олардың барлығы Қ.Бегалиевтің ұсынысын қолдайтындарын білдірді. Біз солардың пікірін оқырман назарына ұсынғанды дұрыс көрдік.

Зерегүл Сапарова, «Бауыржан» шаруа қожалығының төрайымы: – Менің жасым 66-да. Алты жыл бұрын күйеуім дүниеден қайтты. Бүгінде содан қалған жерді ермек қылып отырмыз. Шаруаның жағдайы қиын екенін көпшілік біле бермейді. Біреулер бізді қауын егіп байып кетті дейтін шығар. Пайда табу былай тұрсын, биыл қыруар зиян шектім.

Мен 30 гектарға мақта, 20 гектарға қауын егіп едім. Бүгінде өтпеген қауын егіс алқабында шашылып жатыр. Күн суытады дегенді естіп, 14 гектардың қауынын ауылдың балаларына сата алсаңдар алып кетіңдер деп тегін беріп жібердім.

Менің комбайным, «К-700» тракторым бар. Оларды өзім де жүргізе беремін. Сөйте тұра жерден пайда көрмедім. Қауынды жазда құрт жеді, міне, күзде ол жиюсыз қалды.

Рас, биыл мақтаның бағасы жақсы. Алғашында килосын 152 теңгеден де сатқан кезіміз болды. Бірақ шабық шабылмады. Қауынның да, мақтаның да түбін шауып, топырағын тазалап отырмасаң, ол дұрыс өнім бермейді.

Бұрын Өзбекстан азаматтарын пайдаланатынбыз. Жаңа ереже бойынша қазір олар ай сайын шекарадан өтіп тұруы керек болыпты. Кеткендер қайтып келмей жатыр. Сондықтан мен газетте жазылған мақаланы оқып, өзімнің пікірімді білдіргенді дұрыс көрдім. Егер ауылдан қауын өңдейтін цех ашса, адамдар жұмыспен қамтылып қана қоймай, біз өнімді өткізуге мүмкіндік алар едік.

Байсейіт Құлымбетов, «Жер ана» шаруа қожалығының төрағасы: – Мен «Замана» газетін оқып отырып ауылдасымыз Қанат Бегалиевтің ұсынысына қолдау білдіргенді дұрыс көрдім. Ол кісі дұрыс мәселе көтеріп отыр. Ауылдарда қауын өңдейтін цехтар ашу керек. Бірақ оған түрлі бағдарламалар аясында үкімет көмектеспесе, тұрғындардың өзінде ондай мүмкіндік жоқ.

Мен Шымкентте бір кісіден қауын өңдейтін арнайы станок бар екенін естідім. Демек, оны жасауға болады. Тек соған ынта керек. Бұл төңіректегі ауылдардың барлығы қауын егеді. Біздің басымыздағы жағдай басқаларда да бар. Сондықтан цехты осы төңіректегі бір ауылға орталықтандырып ашса да қарсы емеспіз. 

Биыл төрт гектар жерге еккен қауыным егіс алқабында жатыр. Өткен аптада жауған жаңбырдан кейін егістіктің басы шалшыққа айналды. Ол жерге адам бара алмайды. Міне, бүгін қар жауа бастады. Енді не болады? Амал жоқ, егіске мал жібердік.

Биыл қауыннан көрген пайдамыз жоқ, есесіне шығынымыз шаш-етектен. Ұрығының килосын 7 мың теңгеден сатып алдық. Оған суға төлем, жер салығын қосыңыз. Құрт түспесін деп аптасына дәрілеп тұрдық. Ол дәрі де қымбат.

...Міне осындайда жаз бойғы еңбектері еш кеткен шардаралық шаруалардың жанайқайын  еститін кім бар дегің келеді.

М. ҰЛЫҚБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ