Ескі көлігін 48 мың теңгеге кімнің сатқысы келеді?

25.10.2016
Қаралды: 1817

Соңғы кездері Қазақстанда ескі көліктерді сатып алып, оларды жою ісі қолға алынбақшы. 

Тіпті бұл туралы арнайы заң қабылданып, жылына 10 мың дана ескі көлік сатып алу жоспарланып отырғаны да айтылды. Ресми таратылған мәліметке қарағанда, Үкімет жүруге жарамайтын көліктерді 48 мың теңгеден сатып алмақшы. Әрине, иесі жүріп тұрған көлігін одан бірнеше есе қымбатқа сата алады. Бірақ ол үшін барлық тетіктері түгел болуы керек. Сондықтан осы баға көпшілікті қанағаттандыра ма деген сұрақты оқырмандарға қойған едік. Жоғарыдағылар қабылдаған шешімге қарапайым халық қалай қарайды, енді соны білейік.

Төлтай Тұрғымбай, такси жүргізушісі: – Қазір барлық нәрсе қымбат. Жүрмейтін болғанымен ол көлік қой. Төрт дөңгеліктің өзі 40 мың теңге тұратын шығар. Басқа бөлшектері тағы бар. Базардағы ескі көлік сатушылар апатқа ұшырағандарға 100 мың теңгеге дейін беріп жатқанда кім үкіметке арзанға өткізгісі келеді?

Бөлшектеп сатсаң да, темір ретінде өткізсең де одан көп құрайды. Олай болса, үкіметтің шығарғаны ешқашан орындалмайды. Жүріп тұрған көліктерді 150 мың теңгеге сатып алмақшы екен. Қандай адам көлігін ондай бағаға сатуы мүмкін? Бүгінде жақсы велосипедтің бағасы одан қымбат тұрмай ма?

Мен бұл жерде мәжбүрлеу бола ма деп қауіптенемін. Үкімет 1980 немесе 1990-жылдан төменгілер жүрмейді десе болды емес пе? Шаш ал десе, бас алуға дайын тұратындар көшедегі көліктерді жүргізбей, оларға қырғидай тиісуді бастайды. Бірақ бұл көпшіліктің наразылығын тудыруы мүмкін. Жасыратыны жоқ, бүгінде нанын әзер та­уып отырған халықтың барлығында бірдей жаңа көлік мінетін жағдай жоқ. Ондай мүмкіндігі барлар үкіметсіз-ақ жаңа көлікті өздері сатып алып жүр.

Қанат Мүсірәлі, қосалқы бөлшек сатушы: – Бізде қатып қалған баға жоқ. Баға көліктің маркасы мен жылына қарап белгіленеді. Себебі  біз оны қайта сат­қанда өз ақшамыздан бөлек, қосымша пайда көруіміз керек қой. Ескі ресейлік көліктердің арзан екені рас.

Апатқа ұшырап, жүруге жарамай қалды дегенмен кейбір көліктерді иесі 100 мың теңгеге де бермейді. Мысалы, жарық түсіретін бір фары ғана 50 мың теңге тұратын көліктер бар. Оны қалай 100 мың теңгеге сұрайсың? Сұрауын сұраймыз, қаншалықты арзан болса бізге жақсы емес пе, бірақ иесі бермейді ғой. Сондай кезде үкіметтің 48 мың теңгеге қабылдау туралы айтқаны күлкілі жайт, әрине.

...Бұдан кейін қазақстандықтар үкіметтің тапсырмасы деп ескі көліктерінен айырыл­ғысы келе ме?

Ұ. ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ