Ойынханаға кіретін әрбір 100 адамның 98-і қазақтар екен

25.10.2016
Қаралды: 1586

Қазақстанда құмар ойындарды Қапшағай мен Шортанды қалаларынан басқа жерде ұйымдастыруға заң бойынша тиым салынғанына бірнеше жыл болды.

 Бірақ бізде қабылданған заңдардың орындалуы баяулап, кейін мүлде ұмытылып кететіні бар.

Бұрындары жауапты мамандардың жертөлелер мен басқа да жерлердегі ойын аппараттарын тәркілегенін жиі көрсететін. Алғашқы кездері бұл салада жасалған жұмыс уақыт өте келе саябырсып кеткен сыңайлы. Бүгінде кейбір пысықайлар кез-келген жерден ойынханалардың заңмен тиым салынбаған-мыс деген түрлерін ашып жатыр. Ал ол қарапайым қазақ азаматтарының қалтасындағы барын сыпырып алып жатқанын біреу білсе, біреу білмес.

Таяуда біз Шымкенттегі ойынханалардың бірінде күзетші болып жұмыс атқаратын Жанәділ есімді жас жігіттен көрген-білгені туралы айтып беруді сұрағанымызда ол былай деді:

«Мен аз уақыттың ішінде талай сорақылыққа куә болдым. Ақшасынан айырылып, жанжал шығарғандарды сыртқа шығарып жібереміз. Түн ортасында ақшасыз қалған адам қайда барады деген сұрақ ешкімді мазаламайды.

Ойынханаға кірген әрбір 100 адамның 98-і қазақтар. Содан ұтысқа ие болатындары 5-10 пайыздың ғана шамасында болады. Және олардың ұтыс көлемі арзымайтын ғана сома.

Жақында бір жігіт көз алдымызда бір миллион теңгесінен айырыл­ғанда жынданып кете жаздады. Сыртқа шығып кеткеннен кейін ол қандай күйге түсіп, не істегені бір Аллаға ғана аян. Бәлкім ажырасу, ұрлық, адам тонау, адам өлтіру, өз-өзіне қол салу осындай жағдайлардан кейін болатын шығар?

Тағы бірде ойынхананың алдында айқайласып ұрысқан әйел мен еркектен не болғанын сұрағанымызда: «Балаларға қыстық киім ал­ғанымыз жоқ. Үйде азық-түлік те таусылды. Ал мынау 70 мың теңге жалақысын түгелімен ұттырып жіберіпті. Бұл қандай әке?!» – деп ашуға булықты әйелі.

Мұндай жағдай жиі кездеседі. Солардың барлығы дерлік өзіміздің қазақтар. Оларға: «Бұл жерде нең бар? Ештеңе ұта алмайсың, қайтсайшы!» – дегің келеді. Бірақ біздің олай айтуға құқымыз жоқ. Ол жерден ешкім ақша ұтып, байымайтыны белгілі. Мен бар ақшасын құмар ойынға салатындар түсініп, кеш болмай тұрғанда ойланса екен деймін.

Біздікіне ұқсас екі ойынхананы Ш.Рашидов көшесінде де көрдім. «Дархан» аялдамасының артында «Тұрмыстық химия, косметика, үйге арналған тауарлар» деген жарнаманы байқадым. «Біз ашылдық!» деп жазып қойғандықтан кірсем, ол жерде ешқандай тұрмыстық тауар жоқ, іші толы ойын аппараттары. Жап-жас жігіттер жабысып алған. Кімнің келгеніне де назар аудармайды.

«Дархан» автовокзалының ішінде де осындай ойынхана бар. Оның сыртында «Ашық» дегеннен басқа мүлде жазу да жоқ. Сонда маңдайшасына басқа жарнама жазып қойып, ішінде ойына келгендерін жасайтындарды құзырлы органдар тексермей ме?»

Бұдан кейін біз Жанәділ айтқан екі ғимаратты да барып көріп, оның айтқандарының шындық екеніне көз жеткіздік. Іште «21 жасқа дейінгі балалардың келуіне қатаң тиым салынады» деген жазу бар. Бірақ келушілердің құжаттарын тексеріп жатқан адамды байқамадық. Соған қарағанда, бизнестің бұл түріне шектеу қоятындар осылардың өздерімен сыбайлас емес пе деген ой келді. Бәлкім біз қателескен шығармыз. Бірақ заңсыз нәрселерге заңды түрде тиым салынуы да керек шығар.

Р. ШАЛҚАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ