Борсықтың майы ғана емес, еті мен терісі де ем екен

25.10.2016
Қаралды: 9583

Күздің қара суығында адамдар арасында суық тию, тұмау аурулары көбейіп кететіні белгілі.  

Осы орайда емге борсықтың майы да қолданылатыны туралы естіп жүрміз. Таяуда біз борсық аулаумен айналысатын Жәнібек есімді азаматпен тілдескен едік.

«Борсық негізі жыртқыш аңға жатады, – дейді Жәнібек. – Оның салмағы 8-ден 16 килограмға дейін жетеді. Мен борсық аулаумен көп жылдардан бері айналысамын. Көзім жеткені, бір інде бес-алты борсыққа дейін болады. Олар інін ашық жерлерден, егістік алқаптардан қазады. Күзде борсық семіз болады. Мен оны аулау үшін алдымен ізі арқылы інін тауып, кіріп-шыққанын бақылап аламын, Сосын ініне сым орап тығып, ол борсықтың жүніне ілінгенде оны тартып шығарамын.

Алғашқы борсықты сым арқылы тартып алғаннан кейін ін ішіндегі қалған борсықтар сыртқа өздері шығады. Шыққанын шыққанынша басынан ұрып құлата беремін. Мұндай кезде ептілік пен жылдамдық қажет. Әйтпесе шыққан борсықтар қашып кетеді.

Ауланған борсықтарды үйге әкеліп, басын мал сойғандай етіп кесіп тастаймын, ал терісін қоян сойғандай қылып сыпырып аламын. Борсықтың майы тері астында, еттің үстінде болады. Көзге көрінген майдың барлығын тері мен еттен арылтып аламын. Сосын майды турап, қазанға салып шыжғырамын. Одан қалған шыжығын сүзіп алып азыққа жаратамыз. Борсықтың майы тоңазымайды, ол сұйық күйінде сақталады. Шыжығын асқа қолданамыз, майын нанға жағып жей беруге болады. Етін де қуырып немесе асып жеуге болады».

«Олар іңір түсісімен қорек іздеуге шығады, – дейді ол кісі. – Егістікте өмір сүретіндіктен, шөп тамырларымен және жүгері, қауын-дарбыз сияқты бақша дақылдарымен  қоректенеді. Қүзге қарай бойына май жинап алады, сосын қыс бойына інінде табанын жалап жата береді. Ауыл және орман шаруашылығының зиянкестерін жеп пайда келтіреді. Олар бір жылда 1-ден 5 күшікке дейін өмірге әкеледі.

Борсықтың майы, терісі де емдік қасиетке ие. Оның майын көбіне суық тиіп, тұмауратып қал­ғанда, өкпе қабынуына, ангина, бронхитке, дене құрысқанға, ішке жел қармасып, іш қатқанда, балалардың іші кепкенде, асқазан кірнеленгенде, асқа тәбет тартпағанда қолдануға болады. Суық тиіп, жөтеліп қалғанда борсықтың майын ашқарынға 1 ас қасық ішіп отырса пайдасы мол. Сонымен қатар дене құрысып,  аяқ-қолдар сырқыраса, борсықтың майын сырқыраған жеріңізге жағып, уқаласаңыз оң әсерін береді.

Ал оның терісі буын ауруларына таптырмайтын ем. Жаңа сойылған борсықтың терісін  аяқ-қол буындары қақсағанда, бел ауырғанда оған жылыдай 1 апта немесе 10 күндей орап, терлейді. Бұл кезде жылы киініп жүрген абзал».

Жәкеңнің айтуынша, борсық майының жарамдылық мерзімі ұзаққа жетеді екен. Оның түсі күнбағыс майымен реңдес, өзі қоймалжың, сұйық болады. «Ол ешуақытта тоңазымайды, түсі өзгермейді, сасымайды, сақталып тұрған сайын емдік қасиеті күшіне ене түседі», – дейді Жәкең.

Ересек борсықтан 1,5 литрдей май алынады екен. Жәкең осыдан  бес-алты жыл бұрын борсық майының  жарты литрін 3000 теңгеден сат­қанын айтты. Қазір бағасы қандай екенін білмек болып Шымкенттің Қырғы базарын барып көрдік. Онда 100 грамдық құтыдағы борсық майы 500 теңге, ал дәріханада арнайы дайындалған борсық майы 2000 теңге тұратынын білдік. Сатушылардың айтуынша, бүгінде оны алып жатқандар аз емес көрінеді.

Гүлдар МАХАНБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ