Жәмилаға жәрдем берушілер бар ма?

24.10.2016
Қаралды: 1803

Екі бүйрегі бірдей істен шығып, бүгінде Шымкенттегі облыстық клиникалық ауруханада қан тазартатын гемодиализ аппаратынан ем қабылдап жүрген 22 жастағы 

Жәмила Байсерікованың басындағы қиын жағдайдан оқырманды хабардар еткен едік. Ол туралы «Замана-фильм» түсірген бейнежазбаны да әлеуметтік желі арқылы мыңдаған адамдар көрді. Жәмилаға тиісті операция жасату үшін 5 миллион теңге қаржы қажет екенін білген жұрт оған шама-шарқынша қол ұшын созып жатыр. Ал бүгінде бұл істің барысы қалай болуда? Кешегі сейсенбіде Жәмиланың анасы Құрманкүл Қалмырзаеваға осы мәселе бойынша хабарласқанымызда ол кісі бізге былай деді:

«Жәмила қазір гемодиализ аппаратында жатыр. Жұрттың жәрдемінің арқасында жаңа жылға дейін операцияға дайын боламын, сосын дертімнен біржола сауығып кетемін ғой деп үміттенеді, оның сенімін арттырып, көңілін көтеруге барымды салудамын. Бүгінде арнайы шотымызға 400 мың теңгедей ақша түсті. «Замана» еліміздің барлық аумақтарына таралады екен, Қазақстанның әр аумағынан хабарласып, 1000, 2000, 5000, 10.000 теңгеден, тіпті шамамның келгені осы деп 500, 700 теңгеден салып жатқандар бар. Қиын сәттерде қол ұшын созған «Замана» газетінің редакциясына және шама-шарқынша ақшалай жәрдем жасап жатқан барлық азаматтарға біздің алғысымыз шексіз. Алла разы болсын!

Дегенмен кейбір адамдар тарапынан жайсыз сұрақтар да қойылып жатыр. Өткенде біреу жағдайымызды тәптіштеп сұрап алды да: «Бүгінде балам ауру деп осылай ақша жинап, өзінің қара басына жаратып жүргендер де бар ғой. Сіздікі де сондай амал емес пе?» – деп жыныма тиді. Ол кісіге ренжіп қайтейін, бүгінде алаяқтардың қаптап кеткені де рас қой, сондайларға алданып қалмайық дегені шығар. «Өтірік емесін көріп тұрсыз ғой. Осылай демей-ақ қойғаныңыздың өзі бізге көмек болар еді», – дедім де қойдым.

Шынын айтсам, қажетті ақшаның әлі жартысы да жинал­ған жоқ. Ешкімге міндет қоя алмаймыз ғой, бірақ өзіміздің оны табуға шамамыз жетпей жатыр, сондықтан жұрттан жәрдем сұрауға мәжбүрміз. Көпшілік осы жағына мән берсе екен деймін».

Баласы үшін шыбын жаны шырқырап жүрген ана осылай дейді. Аңғарғанымыз, ол кісілерге көмек қолын созып жатқандардың барлығы дерлік қарапайым адамдар екен. Яғни тұрақты жалақысы бар мекемелерден, сондай-ақ қалталы азаматтардан ешкім де бой көрсете қоймапты. Жәмиланың анасы айтпақшы, ешкімге де қояр міндетіміз жоқ, дегенмен қиындықпен арпалысып жүрген қаракөз бауырымызға қол ұшын бергісі келетіндерді бұл іске ел болып атсалысуға шақырамыз. Жәмилаға жәрдем беруге асығайықшы, ағайын!

Жәмиланың «Халық банкіндегі» есеп-шоты мынадай: 5762 0035 1804 5629. (ИИН 9 206 19402129). «Киви-әмиян» – 8-778-794-66-56. Ал Жәмиланың анасымен мына телефон арқылы байланысуға болады: 8-705-150-13-63.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ