«Папа», «маманы» қашан қоясыңдар, қазақтар?

24.10.2016
Қаралды: 2114

Осы біздің қазақ қызық халық. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр болды, сонда да қарғыс атқан құлдық қамытын мойнымыздан шешкіміз келмейді. 

Қайта өшіміз кеткендей жабыса түсеміз. Әкемізді «папа», шешемізді «мама» дегенге әуеспіз. Қаладағы қазақтарды былай қойғанда, ауылдағы ағайын да осы дертке шалдыққанын білмей қалған сияқты. (Осы біздің замандастар әкемізді көке, шешемізді апа немесе жеңеше деп жүріп-ақ ешкімнен кем болмай өстік қой. Көршілес өзбектер өліп кетсе де әке-шешесін мама, папа деп айтпайды).

Басқасын қойшы, осы «Фейсбукте» белсенді болып, өзгелерге ақыл айтқыш, фотоларын жарнамалаудан жалықпайтын кейбір әріптес­теріміздің өзі «қызым мам, мама деді», «ұлым пап, папа деп айтты» деп жазғанды мақтана дәріптейтінін қайтерсіз? Перзентін қазақшаға қақпайласа құдды бір қысыр қалатындай қылымси қалатыны несі екен, ә? Анау үлкен мекемедегі дөкей бауырларымыз Пәленше Түгеншеевич деп әкесінің атын есіне түсіре сөйлемесең ерін бауырына алған асау айғырдай тулайды кеп. Бұл не сонда? Сорлылық па? Намыссыздық па, жүгенсіздік пе, жігерсіздік пе?

Анау бір жылдары Шымкент пен Тараздағы телерадионы басқарған кездеріміз бол­ған. Орыстілді қызметкерлерім Қалыбек Жапаевич деп жамырай сөйлесін. Оларды қазақ тілшілеріміз үн қосып қоштай кетсін. Бірден «тәйт» деп тиып тастауға тура келді. Аналар аң-таң, баяғысынша «неге?» дейді ғой ауыздары аңырайып. «Менің әкем сендердің құрдас­тарың ба еді, әлде табақтас болдыңдар ма? Ович, евич дейтін мен орыс емеспін ғой. Олай деп әлемде тек сол халық қана айтады», – деп қарсы сұрақты төтесінен қойдым. Олар сонда: «Ұят қой, сізге не деп бұйымтайымызды айтамыз?» – дейді жамырай сөйлеп. «Сыйласаңдар, Қалеке деңдер, тіпті болмаса жасы кішілерің жай аға немесе көке деңдер. Оны қомсынсаңдар Қалыбек деп тікесінен атай беріңдер. Мен оған титтей де режімеймін», – дедім. Солай болды да.

Қазірге дейін бір кездегі шәкірттерім мені аға немесе көке дейді. Ал үйдегі балаларым мені көке, шешелерін апа дейді.

Айтпақшы, тегіміздегі «ов» пен «ованы» тәуелсіз ел болысымызбен күллі әулетімізбен аластап, күресінге лақтырып тастағанбыз. Сөйтіп құлдық қамытынан мәңгілікке азат болып, қазақы отбасы атандық.

Ал сіздерде бұл жағы қалай болып жатыр?

Қалыбек АТЖАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ